Облыс әкімі Болат Бақауов Ломов көшесі, 154/3 мекенжайында бой көтерген баспананың тұрғындарына пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, бұрынғы Алюминстрой, қазіргі Сарыарқа шағын ауданының адам танымастай өзгергенін тілге тиек етті.

- Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы жылдан жылға дамып келеді. Осыдан үш жыл бұрын 165 мың шаршы метр үйдің, ал былтыр 273 мың шаршы метр баспананың қолданысқа берілуі - соның айқын дәлелі. Өткен жылы 2 мыңнан астам павлодарлық жаңа пәтерлерге қоныстанды. Бүгін олардың қатарына Сарыарқа шағын ауданының тұрғындары қосылып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бұл ауданда көпқабатты бірде-бір үй болмаған еді. Ал бүгінде жоспарланған 45 көпқабатты баспананың 21-і пайдалануға берілді. 2020 жылға дейін құрылысты толық аяқтап, Достық шағын ауданында баспаналар салуға білек сыбана кірісеміз. Осы үйді сапалы әрі уақытылы салған «ГСУ Құрылыс» компания- сына жұртшылық атынан зор алғысымды білдіргім келеді. Сіздерді қоныс тойымен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке, амандық пен бақыт тілеймін, - деді Б.Бақауов.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі – Әбеновтер отбасы. Төрт баланың анасы Жанаргүл Әбенованың айтуынша, бұған дейін олар ата-аналарымен, кейін Усолка шағын ауданында екі бөлмелі пәтерде тұрған. Енді үш бөлмелі үйдің иесі атанды.

- Тірнектеп жинаған қаржы-мызды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бес жыл бойы салдық. Пәтердің қалған сомасын банктен тиімді шарттар бойынша 6 жылға алдық. Бұл ретте баспананың жаңа ауданнан бұйырғаны қуантып отыр. Құрылыс сапасына да көңіліміз толды. Керегеміздің кеңейгеніне балалар дән риза. Осыдан асқан бақыт жоқ қой, - дейді Ж.Әбенова.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген көпқабатты баспанада 18 бір, 36 екі және 18 үш бөлмелі пәтер бар. Бірінші және соңғы қабаттағы пәтерлердің бір шаршы метрі 140 мың теңгеге, ал өзге қабаттардағы баспаналардың бір шаршы метрі 146 500 теңгеге бағаланды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz