Ол 1919 жылы Май ауданының Жалтыр ауылында дүниеге келген екен. Жеті жылдық мектепті бітірген жас жігіт 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Батыс-Сібір майданының 166-шы атқыштар дивизиясының 423-ші атқыштар полкінің құрамында жауға қарсы шайқасты. Соғыстың алғашқы жан алысып, жан беріскен, жаудың жолындағыны қырып-жойып, Москваға өршелене ұмтылған кезі. Бұл қаланың батыс тұсында, жау жолында Смоленск тұр. Міне, осындағы қиян-кескі шайқастардың бірінде Смоленск түбінде А.Нысамбаев оқ тиіп, мұрттай ұшты, жарақаты ауыр еді. Госпитальда емделіп, тәуір болған соң әскери бөлімше командирлерін дайындайтын курстан өтіп, 190-шы атқыштар полкінің құрамында бөлімше командирі болып, қайтадан ұрысқа араласты. Старая Русса! Ресейдің тарихи қаласына 1941 жылдың шілдесінде аспаннан жау бомбасы жаңбырдай жауған еді. Кеңестік армия мен қала тұрғындарының қарсылығы тамыздың ортасына дейін ғана жетті. Көне шаһар жау қолында қалды. Міне, осы қаланы қорғауда Нысамбаев екінші рет жараланды. Бұл 1942 жылдың 22 қаңтары болатын. Иә, соғыстың бастапқы уақытындағы ауыр шайқастар кімге болса да оңай тимеді, соның бірі Арынтай Нысамбаев еді...

Емделіп, соғысқа жарамаған жауынгер еліне - Май ауданына оралды. 1942 жылдың маусымынан 1945 жылға дейін аудандық әскери комиссариаттың бөлім меңгерушісі, кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметін атқарды. Алматыдағы оперативтік қызметкерлер дайындайтын курсты бітіріп, 5 жылдан астам уақыт Орал мен Түркістандағы әскери округтерде оперативтік қызметкер болды. Кейін облыстық ішкі істер басқармасына қызметке орналасып, ұзақ жылдар мемлекет мүлкіне қол сұғушылармен күресті, талай ірі-ірі қылмысты істердің бетін ашты. ІІБ полковнигі Арынтай Нысамбаев - О.Дүйсенбаев, В.Касаев, М.Шаханов, А.Нәбиев сынды өз істерінің білікті мамандары - абзал азаматтармен қанаттаса еңбек етті.

Ол «Отан соғысының І дәрежелі» ордені, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы фашистік Германияны жеңгені үшін», «КСРО Ішкі істер органдарындағы қалтқысыз қызметі үшін», т.б. ондаған медальдармен марапатталды.

- Әкем соғыс туралы айтпайтын, еске түсіргісі келмейтін, - дейді майдангердің қызы Назира Арынтайқызы. - Тіпті соғыс жайлы киноларға да қарамайтын. «Ондай арпалыс сұмдықты ұмыту мүмкін емес» дейтін... Арынтай Нысамбаев 2002 жылы 83 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Арынтай Нысамбаевтың жұбайы Үрия Аужанова ұстаз еді. Үрия - текті жердің баласы. Арғы атасы Шыныбай патша заманында Семей болысының правителі болған. Баласы Аужаннан туған Саттар 1923 жылы Қарқаралы педагогикалық техникумын бітірген. Гвардия сержанты Саттар Аужанов Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 жылы Берлинге дейін барған. Елге оралған соң, 1956 жылы қайтыс болыпты. Ал Үрия Саттарқызы болса, Семей пединс-титутын үздік бітірді, ұзақ жылдар Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «КСРО оқу ісінің үздігі» атанды, озат оқытушылардың алдыңғы легінде болды. «Ол ұстаздық еткен жылдарда (1956-1981 жж.) оқу орнында небір тамаша кештер ұйымдастырып, атақты ақын-жазушылармен кездесу кештерін өткізетін. Сахнада тамылжыта ән салатын», дейді Үрия ұстаздың көзін көргендер. Қызы Назира Мүтішева анасының жолын жалғастырды. Биология пәнінің мұғалімі. 30 жыл Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде жемісті еңбек етіп келеді. Назира Арынтайқызының қызы Әсел Төлегенқызы да Павлодар мемле-кеттік университетінде қызмет етеді, техникалық ғылым кандидаты.

Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлік істері ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz