Кеңес Одағының Батыры, «Алтын Жұлдыз» медалінің иегері, қазақтың ержүрек ұлы Қанаш Қамзиннің туғанына – 100 жыл. Батырдың туған жері – Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылы. Жақында Жеңістің 74 жылдығына орай қаһарманның туған ауылында, Қанаш Қамзин атындағы мектепке арнайы барып, Даңқ мұражайында сақталған тарихи жәдігерлерді тамашаладық. Батырдың мерейтойы қарсаңында ерлігін ұлықтауға және кейінгі жастарға насихаттауға бағытталған патриоттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда.

Қаһарман Қанаш

Ел шетіне жау кіргенде қолына қару алып, қара дауылға қарсы аттанған қазақ- тың хас батыры Қанаш Қамзиннің ерен ерлігі ұлықтауға лайық. Ол - 1919 жылы 29 қарашада Ақсу қаласы (ол кезде Ермак ауданы) Жолқұдық ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі ескіше хат таныған сауатты адамдар болған. Қанаш бастауыш сыныпты Жолқұдық орта мектебінен оқып, кейін Павлодардағы қазақ коммуна мектебінде жалғастырған. Орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, оны 1941 жылы бітірен. Одан кейін офицерлер дайындайтын қысқа мерзімді әскери училищесін бітіріп, 1942 жылдың аяғында майданға аттанды. Жаумен бетпе-бет ұрыс алаңына 1943 жылдан бастап шыққан. 1944 жылдың жазына қарай 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы атқыштар полкіне басшылық етті. Молдавияны жаудан босатуда және Днестр өзенінің маңында болған шайқаста ерекше ерлік танытты. 1944 жылы сәуір айының 13-інде лейтенант Қамзиннің ротасы Днестр өзенін өтіп барып, Бычок ауылын жаудан босатты (Молдавияның Григорио- поль ауданы). Соның ертеңінде Тирас-поль ауданына қарасты Гура-Выкулай ауылының маңында тағы үлкен шайқас болып, жерлесіміз сол жерде ерлікпен қаза тапқан. Сол шайқаста Қанаш Қамзиннен басқа тағы 18 сарбаз мерт болған деген дерек бар. Өкінішке қарай, қазақ баласына туған жерден топырақ бұйырмады, денесі сол Гура-Выкулай ауылында жерленген. Иә, Қанаш Қамзиннің көзсіз ерлігі талай жасқа үлгі болғаны анық. Жерлесімізге өздері қорғауға алған Гура-Выкулай ауылын азат ету барысында 20 неміс әскерінің көзін жойғаны үшін 1944 жылы қыркүйек айының 13-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді және Ленин орденімен марапатталды. Осылайша, қазақтың қаршадай ұлының есімін бүкіл әлем естіді, ерлігіне бас иді. Батырдың рухына туған жері де ерекше тағзым етіп, 1966 жылы өзі туып-өскен Жолқұдық кеңшарына және сондағы орта мектепке атын берді. Бұл сол жылдың 20 шілдесіндегі Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша жүзеге асты. Өкінішке қарай, кейін белгілі бір себептермен Қанаш Қамзин ауылының атауын қайта өзгертіп, бұрынғы Жолқұдық атауы беріліпті. Осы ретте Ұлы Отан соғысында асқан ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің атына өзі туған ауылын неге қимадық?» деген сауалды біраз адамға қойдық. Қалалық және облыстық деңгейдегі құзырлы мекемелерге де жолдадық. Алайда ешбірінен толымды жауап ала алмадық. Ал 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Жолқұдық ауылында Қанаш Қамзин атындағы орта мектеп пен Павлодар қаласындағы №36 орта мектепте Даңқ мұражайлары ашылған. Батырға тиесілі біраз құжаттар мен заттары осы екі мұражайда сақтаулы тұр.

Ерлікті ұлықтау – парыз!

Жолқұдықтағы Қанаш Қамзин орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және музей жетекшісі Армангүл Сағымбекованың айтуынша, Қанаш Қамзиннің 100 жылдығына арналған патриоттық бағыттағы іс-шаралар 2018-2019 оқу жылының басында басталған. Ағымдағы жылдың сәуір айында батырдың қаза тапқан күніне орай «Еліміздің батыры Қанаш Қамзин» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған өңірге белгілі тарихшылар қатысты. Батырдың келіні Биғайша Қамзина, жиені Бақытжан Жұмаділов шақырылып, өз естеліктерін айтты. Батырдың биылғы 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар қоры-тындысын қараша айындағы туған күіне орай жасап, соңғы нүктесін қоямыз деп отыр ауылдастары.

Бұл мектепте Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің өмір жолы мен майдан-дағы ерлігі туралы зерттеп, ғылыми жоба тақырыбына арқау етіп жүрген оқушылар баршылық. Солардың бірі – 8-сынып оқушысы Мирас Медеу.

- Мен өзіміздің ауылдан шыққан батыр атамыз Қанаш Қамзин туралы ғылыми жоба жазудамын. Ғылыми жұмысым сапалы болуы үшін көп іздендім. Жергілікті тарихшылардың, журналистердің еңбегін оқыдым. Содан түйгенім, Қанаш атамыз ешнәрседен үрейленбейтін, тайсалмайтын және қарсы келген дұшпанынан кейін шегінуді білмейтін ержүрек адам болған. Соған сәйкес, әрбір ісін ойланып бастайтын, әрбір қадамын аңдап басатын ақылды және сабырлы жан болған. Архивте сақталған құжаттарына қарар болсақ, сабақ үлгерімі де жоғары болғаны байқалады. Ол кісі негізі ұстаз болуды армандап, институтты география және тарих пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ал соғыс басталған кезде қолына қару алып, майданға аттануды өзінің азаматтық борышы санап, бірден соғысқа баруға сұранған. Міне, жерлесіміздің Отанына деген сүйіспеншілігінің қаншалықты жоғары екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, - дейді Мирас Медеу.

Естеліктер сыр шертеді

Мектеп ішіндегі Қанаш Қамзаұлына арналған Даңқ мұражайы 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай ашылғанын жоғарыда айттық. Батырға қатысты заттар мен құжаттардың және естелік суреттердің көбін туған інісі Шора мен келіні Биғайша тапсырыпты. Мұражай төрінде батыр Қанаштың үлкен портреті қасқайып тұр. Одан кейін мектеп бітіргені туралы аттес-таты мен Павлодардағы қазақ-коммуна мектебінде 7-сынып оқып жүрген кезіндегі үлгерім табелі ілінген. Туған ағасы Мағауия және інісі Шорамен бірге түскен естелік суреттері бар. Сонымен қатар, 1941 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаны туралы аттестаты, студенттік шағындағы ұстаздарымен және достарымен бірге түскен фотолары қойылыпты. Құнды құжаттардың қатарында Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеубек Қоңырдың «Алыста қалған аға» атты мақаласы сарғайған газет бетінде сақталып тұр. Батырдың қарындасы Гүлбарамның ағасы туралы естелігін де осы мұражайдан оқи аласыз. Мұражай төрінде батырдың әкесі Қамза Сексенбаевтың өз қолымен жасап, баласына беріп кеткен ескі домбырасы сақталған. Талайды көрген көне домбыра қазақтың басынан өткен қилы замандардың зарын шертіп тұрғандай... Сондай-ақ, 2015 жылы Молдавияның Гура-Выкулай ауылына барған қазақстандық делегацияның батырдың зиратынан алып келген бір уыс топырағы арнайы ыдыста сақтаулы тұр.

Ал Павлодардағы №36 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еркебұлан Садықовтың сөзінше, мұндағы мұражай 2005 жылы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Николай Липиннің бастамасымен ашылған. Мұнда Қанаш атамызға қатысты құнды құжаттардың көшірмелері, суреттері және газеттерде жарияланған мақалалары қойылған. Сонымен қатар, батырдың мүсіні және соғысқа Павлодар жерінен аттанған жауынгер жерлес- теріміз туралы кітаптар бар.

Ерін іздеген ел...

Қазақ – ел қорғаған батыр ұлдарын қашан да құрмет тұтқан халық. Әсіресе, Қанаштай баһадүрін қараусыз, іздеусіз қалдыру – елдігімізге сын болар еді. Біздің жерлестеріміз яғни, Қанаш Қамзиннің өмір жолын зерттеушілер мен жақын туысқан-дары батырдың мәңгілік мекені болған Молдавияға үш рет барған екен. Ең алдымен 1974 жылы інісі Шора Қамзин бастаған делегация барған болса, бірнеше жыл өткен соң Жолқұдықтағы Қанаш Қамзин атындағы мектеп оқушылары мен ұстаздарының жолы түсіпті. Одан кейін 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ақсу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұхан Арынов бастаған делегация барып, батырдың басына зиярат жасап келді. Соңғы сапарда жерлестеріміз марқұмның аруағына құран бағыштап оқытып, ауыл тұрғындарына ас берген. Сол жолы олар туған ауылының бір уыс топырағын алып барып, батырдың бейітіне сеуіп, басына 10 түп алма ағашын отырғызып қайтыпты.

Кейін соғыс кезінде неміс шабуылынан қорғаған Гура-Выкулай ауылының бір көшесіне Қанаш Қамзиннің аты беріліп, жеке мұражайы ашылған. Сонымен қатар, сол ауыл шетіне ескерткіші орнатылыпты. Осы жылдың соңына дейін ашылу салтанаты болмақ. Соған батырдың туыстары мен жерлестері арнайы барып қатысады деп жоспарлануда. Міне, бұдан жат елдің қазақ батырына деген орасан зор құрметін аңғаруға болады.

 

Тілеуберді САХАБА

Жолқұдық ауылы, Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz