Ғибадат үйінің бой көтеруіне ауыл тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер және басқа да дін жанашырлары атсалысты. Барлығы бірдей жұмылып, өз үлестерін қосты. Ғибадат үйі бірнеше бөліктен тұрады. Мысалы, намаз оқитын үлкен залы, имамның және көмекші имамның бөлмелері, от жағатын орын, кіреберісінде дәрет алатын және киім шешетін жер бар. Мешіттің ашылу салтанатына облыстық Мәшһүр-Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабдыкәрімұлы, Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров, қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтап, демеушілерге алғыс білдірді. Орталық мешіттің өкілі Қанат Қабдыкәрімұлы мешіт құрылысына қаржылай қолдау жасаған Қошбике Ережеповаға ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлының Алғыс хатын табыстады.

Ақсу мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаровтың сөзінше, ғибадат үйінің құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Бұл - қала бойынша салынған сегізінші мешіт.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz