Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өткізілетін ҰБТ-ға қатысу нәтижелері түлектерге тек ақылы негізде ғана ЖОО-ға түсу құқығын береді. Ал маусым айында өткізілетін тестілеудің нәтижелері бітірушілерге республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға, сондай-ақ, қалауы бойынша ақылы негізде жоғары оқу орнына оқуға түсу құқығын береді.

Ережеге сәйкес 2019 жылдың басынан ақылы негізде ҰБТ қаңтар және наурыз айларында өткізілді. Қаңтар айында ҰБТ-ға 11-сынып оқушыларының 28,2%-ы, наурыз айында 58%-ы қатысты.

Ағымдағы жылғы сәуірдің 1-нен бастап ҰБТ-ны өткізетін 10 пунктте өтініштерді қабылдау бойынша жұмыс ұйымдастырылуда.

ҰБТ-ға қатысу үшін мектеп бітірушілер ҰБТ өткізу пункттеріне мынадай құжаттарды тапсыруы керек: белгіленген үлгідегі өтініш, 3x4 см көлеміндегі екі фотосурет, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, егер талапкердің жасы 16-ға толмаған және жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болса туу туралы куәлігінің көшірмесі, белгіленген үлгідегі өзі білім алатын орта білім беру ұйымының 2 анықтамасы.

Маусым айында ҰБТ-ға ағымдағы және өткен жылдардағы орта білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінің, халықаралық оқушылар алмасу желісі бойынша шетелде оқыған орта білім беру орындарының ұйымдарының түлектері, сондай-ақ, ҚР азаматтары болып табылмайтын, оқу орындарын шетелде бітірген ұлты қазақ тұлғалар қатыса алады.

ҰБТ 140 балдық шкала бойынша бағаланады. Сондай-ақ, түлектердің ҰБТ тапсыру кезінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілін таңдау құқығы бар. Бұл ретте, тестілеуді ағылшын тілінде тапсырған түлектер Қазақстан тарихын қазақ немесе орыс тілдерінде тапсыруға құқылы, сол арқылы болашақта олардың ЖОО-да оқу тілін анықтайды.

Ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттары бар адамдар үшін «шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату нормасы енгізіледі.

ҰБТ өткізуге 3 сағат 50 минут беріледі. Жоғары оқу орнына түсу және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін тестілеу нәтижелері бойынша ұлттық жоғары оқу орындарына және білім беру саласы бойынша «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу орындарына 50 балл жинау қажет.

2019 жылдан бастап білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес берілетін болады.

Тағы бір айта кетерлігі, сонғы қоңырау облыс мектептерінде мамырдың 25-де соғылады, қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 7 маусым аралығында өткізіледі. Ал аттестаттар маусымның 12-де өтетін мектеп бітірушілерге арналған іс-шаралар барысында берілетін болады.

 

Әлия ЖАКИЕНОВА, облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы.

saryarka-samaly.kz