Осы және өзге де жаңашылдықтар туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Юрий Колесников өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында баяндады. Айтуынша, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің көлігіндегі заманауи техникалар темір «тұлпардың» мемлекеттік нөмірін сканерлеу арқылы көлік пен оның иесіне қатысты барлық ақпаратты әп-сәтте экран бетіне шығарады. Тіпті, сақтандыру полисінің мерзімі өтіп кеткені туралы хабарлайды. Бұл жайтты ескеріп, тәртіп сақшылары сақтандыру фирмасымен өзара келісім жасаған. Соған сәйкес, сақтандыру мерзімінің аяқталатыны туралы хабарлама көлік иесіне шамамен бір апта бұрын келеді. Сөйтіп, тұрғынның құжаттарды уақытылы жаңартып алуына мүмкіндік туады.

Бұл ретте Ю.Колесников полиция қызметкерлерінің барлығы бірдей тиісті техникалармен жабдықталмағанын жасырмады. Мәселен, тәртіп сақшыларының әкімшілік хаттама толтыруы үшін 1060 планшет пен осынша принтер керек болса, бүгінде олар тек 74 планшет пен 168 мобильді принтерді пайдаланып отыр. Осы жылдың сәуір айында 145 планшет пен 94 мобильді принтерді сатып алу үшін келісім жасалғанға ұқсайды. Бірақ бұл да «жыртықты жаппайды». Сонымен қатар, адамдардың бет-әлпетін дәл анықтауы тиіс көшедегі 100 камера бұл қызметін толыққанды орындамай отыр. Себебі, оған қажет арнайы бағдарлама әлі орнатылған жоқ. Бұл жұмыс екінші жартыжылдықта басталмақ. Содан соң камераға түсіп қалған адамдардың сырт келбетін анық көруге болады. Соның нәтижесінде қылмыскерлерді дер кезінде құрықтау мүмкіндігі еселене түсуі тиіс.

Департамент бастығының орынбасары соңғы уақытта цифрландыру тетіктері енгізіл-генімен, олардың барлығы бірдей адамның орнын алмастыра алмайтынын атап өтті.

- Айталық, дрон орын алған оқиғаны түсіріп, полиция қызметкерлеріне жіберумен ғана шектеледі. Ол қылмыстың алдын алып, күдіктіні ұстай алмайды. Ал атты полицияның құқықбұзушыларды құрықтап, тұрғындарға көмек көрсетуге мүмкіндігі бар. Мұндай экипаждар бейнебақылау-навигация жүйесі жоқ шағын аудандардағы тәртіпті бақылайды. Оған қоса, қазіргі уақытта қоғамдық шараларда патрульдік қызмет атқаратын полицейлерге, ауылдағы учаскелік полиция қызметкерлеріне велосипед беру мәселесі қарастырылуда, - деді Ю.Колесников.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz