Жерлесіміз - Әкімбек Әбдірайымов 1924 жылдың 15 сәуірінде дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда әкесі Әбдірайым қайтыс болып, ол Мәрзия анасының қамқорлығында өседі. 1930-шы жылдардың басында қазақ даласын алапат аштық жайлаған тұста баласын асырауға бір үзім нан таппаған анасы оны балалар үйіне тапсырады да, өзі Шақат ауылындағы №3 фермада сауыншы болып жұмыс істейді. Балалықтың бақытты дәмін татпаған Әкімбек ағамыз бұғанасы қатпай жатып-ақ қара жұмысқа араласады. Павлодардағы наубайханалардың бірінде еңбек етіп жүріп, Михаил Хомолько есімді өзі шамалас бозбаламен танысады. Бұл сұм соғыстың оты тұтанып, елдегі ерлердің барлығы майдан даласына аттанып жатқан кез еді. 18-ге енді толған жас жігіт 1942 жылдың тамыз айында Павлодар әскери комиссариатынан шақырту алып, соғысқа кете барады. Ә.Әбдірайымов алдымен Қиыр Шығыстағы 15-ші жаяу теңіз әскері полкінде болған. Бұдан соң Таяу Шығыстың оңтүстігіне қарай орналасқан Орыс аралындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Бұл арал соғыс кезінде әскерилерді ұрысқа дайындайтын ірі жаттығу базасы болған еді. Осында біраз уақыт жаттыққан соң жауынгерлерді эшелондарға мінгізіп, Шығысқа қарай аттандырады. Арада бір ай уақыт өткенде жауынгерлер Калинин облысына жетеді. Бұдан соң орманды тасалап, күндіз жасырынып, түнде жол жүріп, бір айда Украинаның Луцк қаласына табан тірейді. Әкімбек Әбдірайымов осы жерде 204-жаяу әскер дивизиясының автоматты шабуыл полкінің құрамында ұрысқа араласады. Кескілескен шайқастардың бірінде жамбасынан жеңіл жараланып, жарақаты жазыла бастағанда майданға қайта кіреді. Соғыста жүріп, Павлодардағы наубайханада бірге жұмыс істеген досы Михил Хомольконы ойда жоқта жолықтырады. От пен оқтың ортасында күн кешкен ескі достар бірін-бірі жау қолында тастамауға, қиын-қыстау уақытта көмек қолын созуға уағдаласады.

- Түн. Қар аралас жаңбыр жауып тұрған. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғыда жаумен жағаласып жатқанбыз. Бір уақытта есімнен танып қалдым. Өз-өзіме келсем, оң жақ аяғым мен қолым қозғалмайды. Бастан ауыр жарақат алған екенмін. Осы кезде қасында екі адамы бар Михаил досым келіп, мені зембілге салып алды да, жақын жердегі 3-4 үйдің бірінің маңына апарды. Біраздан соң 2 медбике келіп, мені үйге сүйрелей кіргізді де, басымды таңып берді. Көп кешікпей бір солдат мені ат арбаға салып алып, 20 шақырым жердегі медсанбатқа жеткізді. Бұл жерде біраз уақыт болдым. Мені жаудан құтқарған антына адал досым Михаил Хомолько осы кезде оққа ұшыпты... - дейді қарт жауынгер көкірегіне өксік тығылып. Денсаулығы оңала қоймаған жауынгер бұдан соң бірнеше мәрте ем алып, ота жасатып, беті бері қарайды.

Әкімбек Әбдірайымов Жеңіс күнін Укринаның Харьков қаласында қарсы алды. Ол соғыс аяқталған соң да Отан үшін қызмет етті. 1945 жылдың маусым айында Харьковтың қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге қалдырылды. Жауынгер 1946 жылы ғана Павлодарға оралып, туған елдің төріне аман-есен жетті.

Әкімбек Әбдірайымов «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін, Маршал Жуков атындағы медальдармен марапатталған, Украина мен Белоруссияның мемлекеттік наградалары бар. Май ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Ел басына күн туғанда кеудесін оққа төсеген қайсар азамат соғыстан соң ұзақ жылдар бойы Май ауданында тұрып, ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етті. 1956 жылы Қайша Әлиеваға үйленіп, 7 бала өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде ұл-қыздарынан өніп-өскен немере-шөберенің қызық-қуанышына кенеліп күн кешуде. Ұрпағына бейбіт өмір сыйлауға атсалысқан майдангердің ғұмыры ұзақ болғай!

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz