Көрмеге қойылған жәдігерлер соғыс жылдарындағы қорқыныш пен үрейді, жеңіске деген үміт пен құлшынысты толығымен баяндайды. Тіпті мұнда 1941-1943 жылдары салынған «Жол алдында», «Партизандарды шығарып салу», «Құдық басында», «Жеңіспен оралыңдар!» сынды тақырыптағы тарихи туындылар да орын алған. Сондай-ақ, майдангер суретшілер А.Молдабеков, П.Реченский, И.Рубан, В.Переяславец, И.Стадничук, М.Асламазиянның қылқаламынан туындаған бейнелер де бар.

- Көрмеге қойылған әр туындының тарихи маңызы жоғары. Майдангер суретшілердің қиын кезеңге қарамастан, отты жылдарды кенеп бетіне түсіріп келгендігінің өзі - бір жеңіс. Айтулы мерекеге орай осы суретшілеріміздің қылқаламынан туындаған тың туындыларын, яғни Жеңіс үшін майданда ерлікпен аянбай шайқасқан жауынгерлердің, тылда еңбек еткен жұмысшылар мен шаруалардың портреттері мен тақырыптық композициялары ұсынылып отыр, - деді облыстық көркемсурет музейінің қызметкері Елена Дубовая.

Сонымен қатар музейдің екінші залында «Павлодарлық суретшілер – Ұлы Отан соғысының ардагерлері» атты көрме де келушілердің назарына ұсынылды. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жерлестеріміз И.Лагутин, М.Колмогоров пен И.Виноградовтың қиялынан туындаған 70-ке жуық кескіндемелік және графикалық шығармашылық туындылары қойылған. Көрмеге қойылған картиналардан майдангер суретшілердің оқ пен оттың арасында жүрсе де қылқаламын жанына серік еткенін көруге болады. Оған дәлел - сурет-шілердің майданда әскери борышын өтеген достарының, госпитальда бірге емделген сарбаздардың портреттері, майдандық этюдтер мен суреттері бар. Бұдан бөлек, суретшілердің соғыстан кейінгі уақытта салынған шығармашылық туындылары да павлодарлықтардың назарына ұсынылды.

Көрменің ашылуында мектеп оқушылары «Жойылсын жалғыз сөз - соғыс деген...» тақырыбында театрландырылған қойылым сахналап, әскери-патриоттық әндерден шашу шашты.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz