«Әлсіз әрекет...»

Өкінішке қарай, нәтиже көңіл көншітпейді. Мұны еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынға алған болатын.

- Үштілділік саясатын біртіндеп енгі-зуіміз керек. Балалардың болашағын ойлауымыз керек. Әр азамат өзінің ана тілі – қазақ тілін, сосын орыс тілін, әлемнің тілі – ағылшын тілін білу керек. Бірақ ол жұмыс бірден атқарылмайды ғой? Ертең бар да, тілді меңгеріп ал деген жоқ қой? Алдымен падагогтарға ағылшын тілін үйретуіміз керек. Физика, химиядан сабақ беретін ұстаздар қалай аз уақытта ағылшын тілін меңгеріп алады? Ал біздің министрлік аз уақытта үйреніп ал, сосын ағылшынша сабақ бер деген талап қойған. Ал оқытты дейік, сондай үш айлық курста математика мұғалімі ағылшынды үйреніп алады деп ойлайсыздар ма? Осыған кеткен қыруар қаражатты айтсаңыздаршы... - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ұлт көшбасшысының бұл пікірі көп адамға ой салғаны шындық. Соның нәтижесінде қазақстандық мектептер үш тілде оқыту жүйесіне асықпай көшетін болды. Бұл туралы жақында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшиденова мәлім етті.

- Бүгінде барлық адамды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе, ол - xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары класта ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз бен мектеп дайын болған кезде, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Асықпаймыз, ешкім қуып келе жатқан жоқ, - деді еліміздің бас ұстазы.

Осылайша, соңғы 4 жыл бойы үштілділік саясатын сәтті жүргізуге тырысқандардың әрекеті «әлсіз» болып шықты. Бұған кімдер кінәлі? Әркім әр түрлі пікірде. Ал қайнаған білімнің басы-қасында жүрген, көп жылғы тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз Анар (тегін айтудан бас тартты):

- Мектептерге үштілділік саясатын енгізу – асығыс шешім екенін мойындау керек. Себебі, шикі тұстары көп. Мәселен, шалғай ауылдарға жас мамандар келмейді. Келген күннің өзінде бұл жастардың ағылшыншасы «керемет» деп кесіп айту қиын. Ал отыз жылдан астам уақыт бойы химия, физика пәнінен сабақ беріп келе жатқан педагогтардың жасы 50-ден асып кетті. Олардың бірнеше айлық курсқа барып, ағылшынша сайрап кетуі мүмкін емес қой. Тіпті, мұндай жасы егде тартқан мұғалімдер ағылшынша сабақ беруге құлықты да емес. Оларды күштеу орынсыз. Сонымен қатар, ағылшынша түгілі, кейбір шалғай елді мекендерде қазақша сабақ беретін физика, химия, сондай-ақ, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі тапшы. Осындай мәселелерді зерттеп, зерделемей тұрып, үш тілді білім беруге көз жұмып көше салу деген - ақылға қонбайтын іс. Мұның соңы дүбәра ұрпақтың тәрбиеленуіне әкелмесіне кім кепіл? Осындай олқылықтың орын алуына ойланбастан шешім қабылдаған министрлік пен білім беру саласының өзге де өкілдері кінәлі, - дейді. Бұл пікірдің де жаны бар. Бірақ мәселе кімнің кінәлі екенінде емес, ендігі мақсат - ел ертеңі болар жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар мен сапалы білім берудің жолын көрсету.

Ақырын жүріп, анық бас!

Сонымен, бұдан былай мұғалімдер мен оқушылар «үш тілде оқытуға жедел көшеміз» деп аптықпайтын болды. Абайша айтсақ, «ақырын жүріп, анық басып», асықпай, сабырмен үш тілді меңгеру көзделуде. Бастысы, нәтиже болуы тиіс. Яғни, осы жолда маңдай терін төккен жандардың еңбегі еш кетпеуі керек. Сонымен қатар, қазақстандық оқушылар алдымен мемлекеттік тілді меңгеруі маңызды. Мұны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте ел Президенті үштілділік бағдарламасына қатысты пікір білдірді.

- Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек, – деді Қ.Тоқаев. Бұл ой көпшіліктің көңілінен шықты. Шынымен де, аталған реформаның асығыс жасалғанын көптеген ұстаздармен қатар ата-аналар да алға тартуда.

- Балаларымыздың көп тілді меңгергенін құптаймын. Бірақ, сауатты білім алуы керек. Ал «асығыс-үсігіс» үйретудің салдарынан оқушылар да, мұғалімдер де қиналатыны жасырын емес. Менің ойымша, мұндай үлкен жобаны алдымен лингвистикалық гимназиялар мен лицейлерде енгізіп, тәжірибе жасап көру керек еді. Қарапайым мектептерге бірден салмақ салу - қателік деп есептеймін. Жасыратыны жоқ, қазір оқушылардың көбі ағылшын тілі пәнін толық меңгере алмай жүр, ал сонда химия, физика сынды күрделі сабақтарды қалай ағылшынша оқи алады? Мәселен, менің жоғары сыныпта оқитын қызым ағылшын тілі пәнінен берілген тапсырмаларды ғаламтордың көмегімен автоматты түрде аударып, үй жұмысын істеп жатады. Оның бұл әрекеті дұрыс емес екенін білемін, бірақ ештеңе дей алмаймын. Себебі, бұрын ауылымызда ағылшын тілі маманы болмады. Қалалық жерлерді сияқты арнайы курстар, үйірмелер де жоқ. Мұндай жағдайда балам үшін іштей алаңдағаннан басқа, қолымнан келер қайран жоқ. Міне, жоғарыдағылар алдымен осындай мәселелерді шешіп алып, содан кейін ғана үш тілді оқыту жүйесін енгізгені жөн, - дейді Балжан Дайырова есімді ана.

Десе де, білім көрсеткіші бойынша республика көлемінде көш басында тұрған біздің облысымызда үш тілді оқытуда соншалықты күрделі мәселе жоқ дейді мамандар. Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, көп тілде оқытуға көшу бойынша жағдай жасау үшін өңірдегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Сабақтар аудио және бейне техникамен жабдықталған кабинеттерде өткізіледі. Жалпы биылғы жылы облыста физика, химия, биология, информатиканың 1428 педагогы жұмыс істейді, оның ішінде жобаға қатысатын мұғалімдер саны - 487. Соңғы үш жылда 955 жаратылыстану-математикалық бағытындағы пән мұғалімі тілдік курстарынан өткен, оның 426-сы - ауыл мектептерінің мұғалімі. Бұған қоса, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, курстан кейінгі қолдау көрсету аясында 220 мұғалімге «USTAZ Professional Learning Center» ЖШС-нің менторлық біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, жаратылыстану-математика бағытындағы оқытушылар үнемі облыстық онлайн-семинар және ағылшын тілінде сабақтар, ашық есік күнін өткізіп тұрады. Ал қазіргі таңда аймақ бойынша ағылшын тілін қолдана отырып сабақ беретін 709 сынып бар, онда 11 мыңнан астам оқушы білім алуда.

* * *

«Бәрін айт та, бірін айт!» демекші, бұл істің де болары болды, бояуы сіңді. Бір анығы, көптің көңіліне күдік ұялатқан реформаның осал тұстары байқалып қалды. Өкінішті, әрине! Енді бұдан былай үштілді оқыту жүйесіне өте мұқият қарап, асықпай-аптықпай көшетін болдық. Ол үшін не істеу керек? Қандай бағдарламалар жасалады? Әзірге, бұл сұрақтар ашық күйінде қалып отыр. Бастысы, даудан басы арылмаған аталмыш бастама өз жемісін берсе болғаны.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz