Бүгінде Павлодар өңірінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 72 ардагер бар. Олардың 52-сі облыс орталығында тұрады. Майдангерлердің алды 100 жастан асып кеткен. Салтанатты жиынға зұлмат жылдарды көзімен көрген 12 ардагер қатысты. Облыс әкімі Болат Бақауов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін айтулы мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

- Кешегі сұрапыл соғыстың зардабы тимеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Біздің өңірден Отан қорғауға 46 мың жауынгер аттанды. Өкініштісі, олардың тең жартысы кері оралған жоқ. Сұм соғыстың салдарынан талай шаңырақ ортасына түсті. Отан үшін қасық қаны қалғанша күресіп, бейбіт күн сыйлаған ардагерлердің ерлігі ұрпаққа үлгі, болашаққа өнеге болып қалады. Олар Ұлы Жеңіске жету жолында жандарын қиды. Бұл жердегі Батырлар аллея- сында Кеңес Одағының барлық 23 Батырының және 8 «Даңқ» ордені толық кавалерінің есімдері қашалып жазылған. Біз олардың рухына тағзым етеміз, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Ардагерлердің атынан сөз сөйлеген қарт майдангер Вячеслав Чернышев жан түршігерлік сол бір сұрапыл жылдардан естеліктер айта отыра, қанды майдан енді ешқашан болмауын тіледі.

Салтанатты жиында «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әлібек Қожин жастардың атынан батырларға алғыс білдірді. Бұдан соң салтанатты жиынға қатысқандар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, Отан үшін отқа түскен боздақтардың рухына тағзым етті. Қан майданда жаумен арпалысып, ерлікпен қаза тапқан қатарластарын еске алғандар арасында Ұлы Отан соғысының ардагері Сембай Темешов ақсақал да бар.

- Сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық адам аттанды. Қасымызда жүрген қаншама қимас достарымыздан әп-сәтте көз жазып қалдық. Майдан даласында көзсіз ерлік көрсеткендері Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың қатарында қазақтың екі қызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Ал «Халық қаһарманы» атанған ұшқыш қыз Хиуаз Досанованың ерлігі әлемге аңыз болып тарап кетті. Одақтас республикалардың ішінен қыздары батыр атанған бірде-бір мемлекетті естімеппін. Біз - батыр халықпыз, - дейді қарт майдангер.

Бұдан соң Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған шара орталық алаңдағы театрландырылған көрініске ұласты. Республикалық және жергілікті өнер жұлдыздары соғыс кезінде жарыққа шыққан әндер мен билерді орындап, келмеске кеткен күндер жайлы сыр шертті. Театрландырылған қойылымға 250 мектеп оқушысы жұмылдырылды. Ал «Мәңгілік полк» акциясына 1000-ға жуық адам қатысты.

Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, профессор Азамат Жылтыркөзов қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштері ансамблінің солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Дәурен Төлеубаев пен жергілікті өнер жұлдыздары да көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара би кешіне жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашалады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz