Жолдың жайы

Министр автобанның Шідерті кенті маңындағы учаскесінде болып, құрылыс компаниясының өкілдерімен тілдесті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиа-лының басшылығы күре жолдың құрылысы жайында баяндады.

- Былтыр жолдың біраз бөлігін аштық. Ұзындығы 88 шақырымдық учаскеде бір бағыттағы жолақ қана қолданысқа берілді. Әлі де аяқтайтын тұстар бар. Биыл құрылысты аяқтауға 28 млрд. теңге бөлінді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жұмыс аз қалды. Айта кету керек, сапаны бақылау күшейтілді. Жуырда Қалқаман мен Павлодар арасындағы бірнеше учаскеде құйылған бетондардың сапасы сынға іліккені белгілі. Төсеу технологиясы бұзылып, енді мердігер компания өз қаражатына қайта салатын болады, - деді министр Р.Скляр.

Министр түрлі себептерге байланысты құрылыстың созылып кеткеніне тұрғындар алдында ұялатынын жасырмады. Ақталатын да дәлелдің жоқтығын алға тартты. «Әлбетте, шетелдік мердігер құрдымға жіберді немесе жергілікті компания жайбасарлық танытты» деп жауапкершілікті өзімізден алып тастай алмаймыз, деді министр. Бәрібір де тапсырыс беруші, яғни құзырлы министрлік толығымен жауап беретінін атап өтті.

- Адамдарға мердігер ауысты, екі рет тендер өткізілді деп түсіндіре алмаймыз. Нақты мерзім белгілейік. 3 айда аяқтауды тапсырамын. Құрылыс кестесін түзетіңіздер. Қосымша мердігер аласыздар ма, қайткенмен де биыл аяқтауымыз қажет, жылдамдатайық, - деді министр.

Мердігерлер бұл мерзімге дейін 90 пайызын аяқтауды уәде етті. Осы ретте, облыс әкімі Болат Бақауов құрылыс компаниясына жылы күндері күні-түні жұмыс істеуге кеңес берді. Әйтпесе, қара күзге қалса, температуралық режим сапаға әсер етуі әбден мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ, аймақ басшысы құрылыс фирмаларының жол құрылысына байланысты қазылған жерлерді қалпына келтіру жағы ақсап жатқанын атады. Тікұшақпен барлау кезінде осындай келеңсіздіктерге куә болыпты. Сондықтан министр мұндай учаскелерді түгендеп, мердігерлермен жұмыс жүргізуді жүктеді.

Роман Скляр келесі жылы Нұр-Сұлтан-Павлодар автобаны ақылы болатынын да айтты.

- Жолдың өзіне келетін болсақ, келесі жылы ақылы болады. Еліміз бойынша күрежолдардың 4 учаскесі гибридтік жүйе бойынша, яғни шлагбауммен ақылы қызмет атқарады. Бұл дегеніңіз А пунктінен кіріп В пунктінен шығарда жүріп өткен жолына ақы төлейді. Біз ендігі жолдарға ашық жүйені енгізуді көздеп отырмыз. Демек, ақылы жолдан өткен көліктің нөмірі түсіріліп, төлем түбіртегі көлік иесінің үйіне немесе ұйымдардың атына жолданады. Жүргізуші келесі гибридтік жүйеге енетін болса, онда шлагбаум алдында ақыны төлеуі қажет болады. Бүгінде ашық жүйе сұранысқа ие, - деді Роман Васильевич.

Айта кету керек, елордамен өңірімізді байланыстыратын жол толық аяқталып, қолданысқа берілгеннен кейін мұнда рұқсат етілетін жылдамдық шегі сағатына 140 шақырым болмақ. Жол бойы сервисін дамытуға да ден қойылады. Бұл ретте, министр жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін айтты.

Министр салынған жолдарда асыра жүк тиеп жүйткуге жол берілмейтінін де қадап айтты. Әйтпесе, жыл сайын жол құрылысына бөлінетін қыруар қаржы далаға кетеді, деді. Айтуынша, биыл еліміз бойынша 10 мың шақырымдық жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары қамтылған. Түрлі қаржы көздерінен жалпы 200 млрд. теңге жұмсалмақ.

- Жүкті асыра тиеп жүретін ауыр жүк көліктерімен күрес күшейе түседі. Жолдарды бүлдіруге жол жоқ. Павлодар облысы әкімдігімен пилоттық негізде бұл жұмыстар жалғасуда. Әкімдік жергілікті полициямен бірлесіп әрекет етуде. Көлік инспекциясы былтыр 2017 жылмен салыстырғанда асыра жүк тиегендерге салған айыппұлды және тексеруді 3,5 есеге арттырған. Нәтижесінде жағдай жақсарған, - деді министр.

Кешеннің келешегі

Министр құрылысы созылып кеткен тағы бір нысан – Екібастұздағы отын-энергетикалық салаға техникалық және қызмет көрсету мамандарын даярлайтын және қайта даярлайтын орталықта болды. 700 орындық жатақханасы бар кешенде өнеркәсіп мамандарын оқыту көзделген.

Судың астында қалған ғимараттарды былтырдан бері қолға алған «Портал-ПВ» ЖШС-нің учаске басшысы Айдан Қасымовтың айтуынша, бүгінде жалпы жұмыстардың 50 пайызы аяқталған. 12 нысаннан тұратын кешенде бүгінде сыртын қаптау, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Өкініштісі, бұған дейін қараусыз қалған нысандардың есік-терезесі жарамсыз болып қалған. Ал жарамдысын бәзбіреулер қолды етіп, шамамен 1 млрд. теңгеден астам қаржы желге ұшқан.

- Екі жыл бұрын кешеннің сыртқы периметрі бойынша 12 метрлік тереңдікте дренаждық жүйе орнаттық. Оған құйылатын су қалалық дренаждық жүйеге кетеді. Жаңа жоба бойынша әрбір ғимараттың жеке дренажын салдық. Бүгінде жертөле құрғақ, әктеліп тұр. Тіпті, орталықтың маңындағы жеке үйлердің тұрғындары да риза. Себебі, олардың жерқоймалары бұрын суға толып тұрған көрінеді, - дейді А.Қасымов.

Құрылыс жұмысымен таныстырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ.Жазылбек мердігер компания былтыр бөлінген қаржыны толық игергенін айтты. Биылға қарастырылған 1 млрд. 92 млн. теңге де уақытылы кәдеге жаратылуда. Сондықтан облыс билігі министрден келесі жылға бөлінген қаржыны биыл мердігерге берсе, құрылысты ағымдағы жылы аяқтау мүмкін екенін білдірді.

- Бұл кешен бізге аса қажет. Мәселен, «Бозшакөлдегі» қызметкерлердің 40 пайызы – қарағандылықтар. Жуырда мамандарымызды Семейге арнайы жібердім. Онда таза техникалық ағылшын тілінде білім беретін колледж бар. Біз бұл заман ағымынан ешқайда кете алмаймыз. Индустрия 4.0 енгізілуде. Біздің жұмысшыларымыз бірнеше жылдан кейін жұмыс істей алмай қалады. Әрбір жұмысшының қасына аудармашы қоя алмасымыз анық. Кешенге студент жинауда қиындық болмайды. Екібастұзда электр қуаты жетерлік. Бүгінде 800 мегаватт бос тұр. «Бозшакөл» 100 мегаватт қана тұтынады. Мұндай алып кәсіпорыннан әлі де сегізін салуға мүмкіндік мол. Екібастұз дамып келеді, мамандар тапшылығы сезілуде, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Мін - менеджментте

Министр кеншілер шаһарының бірқатар өндірістік орындарын аралады. «Бозшакөл» кен байыту комбинатында, «Богатырь» кәсіпорнында, теміржол кластеріне қарасты – «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон жасау» компанияларына барды.

Сапар барысында «Проммашкомплект» кәсіпорнының өндіретін өнімдері ішкі нарықтан бөлек, сыртқы нарықтың да сұранысын қанағаттандыратынын белгілі болды. Өйткені, Ресей теміржол саласына қажетті бөлшектерді өндіретін екібастұздық кәсіпорынға балама өндіріс салудан бас тартқан. Бұл жөнінде министр Р.Скляр мәлімдеді. Мұнда жылына 200-ден 300 мыңға дейін тұтас таптамалы теміржол дөңгелектері шығарылады деп жоспарлануда. Бірегей кәсіпорынның өніміне тапсырыс қазірдің өзінде түсіп жатқан көрінеді. Сондықтан министр ширақтық танытып, тапсырыстарды уақытылы орындауға күш салу қажеттігін айтты.

- Ресейліктер тұтас таптамалы дөңге-лектер шығаратын зауыт салуды жоспарлаған еді. Екібастұзда бұл өнім жеткілікті деңгейде шығарылатынын біліп, идеяларынан бас тартты. Біз әріптестерімізбен қандай өнім шығаратынымыз жөнінде келісіп аламыз. Бұл - Бірыңғай экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік саясаттың айқын үлгісі. РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі баламалы кәсіпорынның орнына басқа өндірісті қаржыландыруды жөн санады, - деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл наурыз айында қос ел министрліктері машина жасау саласында ұқсас өнімнен гөрі, сырттан жеткізетін тауарларды алмастыратын кәсіпорындар салу бойынша өнеркәсіптік кооперация туралы келісімге қол қойған. Яғни, көрші елмен бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында келісілген өнеркәсіптік саясат жүргізіледі.

Жиі тұралап қалатын «Қазақстан вагон жасау» зауытына да министр арнайы барды. Жүк вагондарын өндіретін компания қазіргі таңда тағы да қиындыққа ұрынған көрінеді. Роман Скляр компания басшылығымен тығырықтан шығу жолдарын талқылады.

- Бұл зауыттың да өнімі ел ішінде де, сыртта да сұранысқа ие. Вагондарды мемлекеттік те, жекеменшік те тасымалдаушылар сатып алуға әзір. Өндірістің тұралап қалу мәселесі болды. Өнім шығаруды жолға қою керек. Қалыпты өндірістік режимге ену қажет. Кәсіпорынға Ресейден вагонның қажетті құрамдас бөлшектерін жеткізуде қиындық туындаған. Салдарынан өндіріс тоқтаған. Бұл жерде мәселе – кәсіпорынның менеджментінде, - деп түйді ойын министр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz