Жуырда Жүкен Баймұхамбетұлының өзі оқыған Ақтоғайдағы Абай атындағы мектепте тұлғаның есімімен аталатын музей ашылды. Бар өмірін елдің қауіпсіздік саласына арнап, адал еңбегі мен төккен терінің арқасында мемлекеттік деңгейдегі талай жауапты қызметтерді тізгіндеген ардагер биылғы жылдың 12 желтоқсанында мерейлі 85 жасқа толады.

- Жүкен Баймұхамбетұлы 1934 жылы 12 желтоқсанда Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Жаңа Аттаныс ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Алматы мемлекеттік Шет тілдер институтын бітірген. Оқу орнын тәмамдаған соң Аққулы (Лебяжі) орта мектебінің мұғалімі болып қызмет жолын бастайды. Кейіннен осы мектептің директоры лауазымында жұмыс істейді. 1961 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке шақырылып, 1968 жылдан бастап барлау желісі бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті орталық аппаратында қызмет атқарды. Ол қай өңірде қызмет істесе де, өзін жақсы қырынан көрсете білген ойы озық, жұмысқа алғыр азамат. Елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық және қалалық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1988 жылы ерекше еңбегі үшін КСРО Үкіметі оған генерал-майор жоғары әскери атағын берді. Қазақстан Компартиясы XVII съезінің делегаты болып сайланды. 1990 жылы Ж.Марденов Қазақ КСР МҚК төрағасының кадрлар жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Ал 1991 жылы төрағаның орынбасары болып тағайындалады және Қазақстанның МҚК барлауына жетекшілік етеді.

- Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан дербес мемлекет болған тұста Жүкен Марденов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрынғы одақтас республика-лардың терроризм және экстремизм, нашақорлық, жемқорлық секілді қоғам кесапаттарының алдын алуда тізе қосып қимылдауы керектігі туралы ұсыныс айтқан еді. Бұл бастама Президент тарапынан қолдау тауып, Алматы қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің арнайы қызметтері барлау бөлімшелері басшыларының қатысуымен кеңес өткізілді.

Жүкең туралы көп нәрсе айтуға болады. Ағамыз тек жұмыс басында ғана емес, отбасында да өнегелі жар, үлгілі әке бола білді. Мәселен, әке жолын қуған Марат Жүкенұлы шекара қызметінде елеулі қызмет атқарды. Ауған соғысына қатысып, жау қоршауында қалған сәтте оққа ұшқан командирінің орнына жауапкершілікті өз қолына алып, қорғанысты ұйымдастыра білді. Ол осы жолы өзі де қатты жараланды. Көрсеткен ерлігі үшін генерал атағын алды. Респуб-ликада генерал шеніне жеткен әкелі-балалы 3 отбасы бар. Соның бірі Марденовтар әулеті, - дейді Павлодар облыстық ҰҚК ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, Май ауданының Құрметті азаматы, отставкадағы подполковник Еркін Баяндин.

Өңірден шыққан айтулы азаматтың құрметіне ашылған музейге генерал-майор Жүкен Марденов туралы жазылған кітаптар мен газет-журналдар, тұлғаның әр жылдарда алған жоғары марапаттары мен өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттері қойылған. Аталған музейдің ашылуына Павлодар облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ақтоғай ауданы әкімдігі, Абай атындағы орта мектебі ұжымының атса-лысқандығын айта кеткен жөн.

- Мен атақ-мансапқа құмартқан адам емеспін. Ертістің суын ішіп, осы бір қасиетті өңірде туғаныма, Абай атындағы мектепте білім алып, ұлағатты ұстаздардың алдын көргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Алақандай ауылым, өскен жерім қашан да менің жүрегімде. Өзге өңірде жүрсем де, үнемі туған жерімде не болып жатыр екен деп алаңдаулы күйде отырамын. Осы мектептің қазіргі директоры Қанымгүл Солтанәлинова хабарласқанда қуанып қалдым. Менің жүріп келе жатқан өмір жолым өскелең ұрпақтың бой түзеуіне аз да болса септігін тигізсе, туған елдің перзенті үшін одан асқан қуаныш пен мәртебе бар ма? - дейді Жүкен Баймұхамбетұлы. Бұдан соң ардақты азамат өзі оқыған мектептің оқушыларымен кездесіп, оларға ақыл-кеңесін айтты. 11-сынып түлектеріне сәт-сапар тілеп, «Өмірдің беттері» кітабын естелік ретінде табыс етті.

 

Ақтоғай ауданы

saryarka-samaly.kz