- Ғалым ретінде Әлкей Марғұланның мұрасын зерттеуге неліктен бел будыңыз? Бұған не себеп болды?

- Иә, Әлкей Хақанұлының артына қалдырған бай мұрасын айтып тауыса алмаймыз. Мен бәрін басынан бастап баяндайын. 1982 жылы Алматыдағы ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Бір күні аяқ астынан профессор Нығмет Ғабдуллин ағамыз бірінші курс студенттерімен ғалым Әлкей Марғұланның кездесетіндігін айтты. Аудиторияға кіргенім сол еді, кешігіңкіреп қалғанымды сезіп, босағада кідірдім. Ғалым мені байқап қалды да: «Әй, бала, жоғары шық. Мына жерге отыр!» деп алдыңғы қатардағы орынды нұсқады. Ғалымның алдына қарама-қарсы жайғастым. Әлкей ағаны сол жолы алғаш рет жақыннан көрдім. Академик оқыған дәріс эпостық жырларға қатысты болды. Неше түрлі қызыққа толы тың деректер айтып, аудиторияны өзіне үйіріп алған ғалымның сол кездегі бейнесі көз алдымда әлі тұр. Ол кісі Сырым батыр туралы ешкім біле бермейтін мәліметтер айтып, оның ұлт азаттық көтерілісінде алатын орны туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Кездесуден керемет әсер алдым. Осы жүздесу уақыт өткен сайын менің ойыма орала берді. Өкініштісі, академиктің қазақ халқының этникалық тарихы, рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда зерделеген мақалалары туралы айтқандарын еш жерден таба алмадым. Кейін білдім, Кеңестік идеологияға қайшы келетін тұстары бар екен, сол себепті көбі жарық көрмеген. Бәрі де сол кездегі цензураның салдары екендігі анық...

- Әлкей Марғұландай біртуар ғалымның қолжазбаларының түпнұсқасы Сізде деп естідік. Осындай құнды дүниелерге қалай қол жеткіздіңіз?

- 1986 жылы жоғары оқу орнын бітірісімен ғалым Рымғали Нұрғали ағамыздың ақыл-кеңесінің арқасында сол кезегі «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясына қызметке келдім. Осында тұңғыш рет Әлкей Хақанұлының энциклопедияға арнап жазған мақалаларымен таныстым. Ғалымның өмірі мен ғылыми жаңалықтарына деген қызығушылық одан сайын артты.

Осы ойды жүзеге асыру үшін «Әлкей Марғұлан» энциклопедиясын жарыққа шығаруды ойлап, ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызымен ақылдастым. Ол кісі ойымды құптап, құшақ жая қарсы алды. Осы жоба жөнінде біз талай қолжазбаларды ақтардық. Әсіресе, мені қызықтырған бұрын баспа көрмеген ғалымның қолжазбалары еді. Дәнел апай Әлкей ағамыздың жұмыс кабинетіне кіргізіп, отырған орындығын, жатқан кереуетін ескі шкафтың ішінде тұрған бума-бума қолжазбаларын көрсетіп, «осының бәрін еркін пайдалан» деп батасын берді. Ойламаған олжаға кенелдім. Кетерде Дәнел апа әкесінің аманат етіп қалдырған қолжазбаларын маған ұсынып, ғалымның ешкім көрмеген шетел ғалымдарымен жазысқан хаттарын маған берді. Міне, содан бері Әлкей Марғұлан туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жатпай-тұрмай еңбектеніп келемін. Ғалым әр жылдарда шетелдік және түркі тілдес әлемнің ірі ғалымдармен, сондай-ақ туған-туысқандарымен үнемі тығыз байланыста болып, хат-хабар алысып тұрған. Бүгінде менің қолымда Әлкей Марғұланның өзі жазған және ол кісіге өзге ғалымдар жолдаған 300-ден астам қолжазба хат бар. Осының барлығын егжей-тегжейлі оқып шығып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қажеттісін энциклопедия етіп басып шығарсам деген ойым бар.

- Сөзіңіз аузыңызда, сонда Сіз ғалым жайлы арнайы энциоклопедия жазу үстіндесіз бе?

- Иә, бұл - менің көптен бері қол жеткізе алмай жүрген арманым. Әлкей Хақанұлының бай мұрасын зерттеп, тұжырымдай отыра оқырман қауымға арнайы энциклопедия ұсынсам деймін. Әлкей ағаның «Қазақ энциклопедиясына» қосқан үлесі қомақты. Ғалымның осы жолдағы еңбекқорлығына қатты таң қаламын. Академик «Қазақ энциклопедиясына» 1972 жылдан бастап өмірінің соңына дейін зерттеу мақалаларын жазып кетті. Бірақ бұл жерде де ғалым көп нәрсені ашып айта алмады. Мәселен, Абылай хан туралы сол кезеңге сәйкес қысқаша нақты ақпарат берген, тереңдетіп жазуға рұқсат жоқ. Ал мен Әлкей ағаның бұрын-соңды еш жерде басылмаған құнды дүниелерін кітап етіп шығарғым келеді.

- Әлкей Марғұланның жан- жақты азамат болғандығын жақсы білеміз. Академик адамзат тарихындағы өтпелі кезеңнің бірін ашып, ғылымға өлшеусіз үлес қосқан дейді. Бұл қай кезең?

- Әлкей Марғұлан - ғылымның көптеген саласына сүбелі үлес қосқан тұлға. Кейбір тарихи шындықтарды жарыққа шығара алмаған Ә.Марғұлан қазақ руханиятына басқа қырынан да үлес қосуға бел буды. Мәселен, ол қазақ ауыз әдебиетімен, этнографиямен де тыңғылықты айналысты. Қазақтың киіз үйінің артықшылығын, көшпелі мәдениетіміздің озық үлгісін шетелдік ғалымдар алдында насихаттап, өз елінің тарихы мен мәдениетін халықаралық дәрежеге көтерген адам да осы Әлкей Хақанұлы. Ал енді жаңағы сұрағыңызға нақтырақ жауап берейін. Біз сақтар мәдениетін андроновтар мәдениетінің жалғасы деп есептеп келдік. Ғалымдар солай деді ғой. Бірақ осы екі ірі кезеңнің арасында өтпелі уақыттың болатындығы анық қой. Бірақ оны Әлкей Хақанұлына дейін ешбір ғалым дәлелдеген жоқ. Әлкей Марғұланның басшылығымен 1947-1952 жылдар аралығында Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Беғазы тауларының етегінде қазба жұмыстары жүргізілді. Еткен еңбек, төккен терінің арқасында Ә.Марғұлан тау етегінен мәдени ескерткіштер тауып, бүкіл Еуразия аумағына тараған қола дәуірінің соңғы кезеңіне «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген атау беріп, керемет жаңалық ашты. Әлкей Марғұланның қажырлы еңбегінің нәтижесінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті тарихтан өз орнын алды. Ғалым ескерткіштерді тауып қана қоймай, қола дәуірінің Арқа төріндегі озық үлгісі мен мәдениетін дүние жүзіне әйгіледі. Мәселен, қола дәуірінде жылқының ауыздығы тек қола металдан жасалатын болған. Ғалым осы туралы өз еңбектерінде айқын көрсетіп, қоланың жылқы ағзасына пайдалы екендігін айтты. Ал ат үстіндегі азаматтың денсаулығы да астындағы жануарына қатысты екендігін ескерсек, бұл үлкен жаңалық болатын.

Ә.Марғұланның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Ақан серінің, Біржан салдың фото-суреттерінің түпнұсқасы Әлкей Хақанұлының жеке мұрағатында сақталған. Сондай-ақ ол Шоқанның 5 томдық еңбегін жарыққа шығарып, насихаттады. Еліміздің солтүстік өңірі - Қызылжар аумағын мекендеген Сегіз сері төңірегінде ел арасында бүгінде даулы әңгімелер бар. Ғалымдардың кейбірі Сегізді өмірде болмаған дейді. Ал Әлкей Марғұлан Шоқанның еңбектерін пайдалана отырып, Сегіз серідей біртуар тұлғаның қазақ тарихында бар болғандығын тайға таңба басқандай анық көрсетті. Ғалым Сегіз сері жайлы өз еңбегінде былай дейді:

«...Сегіз сері Тәттімбетпен қатар сахарада аты кеңінен тараған, қазақтың аяулы данышпаны. Ол - атақты сері, ақын, асқан әнші, өрнекпен сұлу дүние жасаған сиқырлы зергер. Көп өнерді біріктіріп ұстаған дарынды жүйрік болған соң, халық оны «Сегіз сері» деп атаған, ескі дәстүр бойынша «Сегіз қырлы» өнерпаз дегенді білдіреді. Сегіз сері Омбыдағы қазақша мамандар (хатшы, тілмаш) дайындайтын Азия мектебіне оқуға түсіп, оны 1835 жылы бітіреді. Шыңғыс Уәлихановпен бірге жүріп оқиды. Кейін Шыңғыс Құсмұрынның аға сұлтаны болғанда, Сегіз сері көп уақытын оның қасында өткізіп, ән салып, жыр айтып, тасқынды күйлер тартады. Ғалымның сөзінше, 1847 жылы атақты сері қыран, бүркітке құмар болып, өр Алтайдағы наймандар арасына сапар шегеді. Ол жерге «Алтайдың ақиығы» деп аталған алғыр бүркітті іздеп барады. Бір атақты құсбегі ақиықтың жойқын түрін тауып, оны серіге әкеліп тарту еткен екен. Сегіз оны Обағанға әкеліп, қанша қасқыр, қанша бұғы, қанша елік алдырғаны ел жадында. Демек, Сегіз серіні Алтай елі, Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы елі де жақсы білген. Мәселен, Құнанбай мен Абайды төңіректеген Ағаш-Аяқ, Мұхаммеджан, Әлмағамбет жақсы білген, сол сияқты Қарқаралы әншілері Қожамсүгір, Қожамжар, Тәттімбет, Сегіз серімен Омбыда күйді бірге ойнасқан. Оның күй тартатын салалы саусақтары сұлу бұйымдар шығаруға да бейім болады. Талай әдемі дүниелерді ол Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановқа, оның баласы Шоқанға да тартты. Құсмұрын қаласындағы әдемі ағаш үйлерді де өз қолымен тұрғызған - аяулы Сегіз сері деп көрсеткен еді ғалым Ә.Марғұлан өз еңбегінде. Міне, дәл осындай тарихи деректерге негізделген құнды дүниелерді Әлкей Марғұланның еңбектерінен көптеп кездестіруге болады.

Әлкей Марғұлан хакім Абай туралы өте көп мағлұмат білген. Қалай дейсіз ғой? Айтайын. 1921 жылы Ә.Марғұлан белгілі қазақ ағартушысы Әбікей Сәтбаев басшылық еткен Семей техникумына оқуға түседі. Семейде оқып жүргенде Әлкей Хақанұлы «Таң» журналымен және «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен байланыс жасап тұрады. Осында ол Мұхтар Әуезовпен танысып жақсы қарым-қатынаста болады. Екеуінің арасындағы достық уақыт өткен сайын нығая түседі. М.Әуезовпен бірге Абайдың туған жеріне барып, Абайдың баласы Тұрағұлмен және Абай әндерін нақышына келтіре орындайтын Абайдың немересі Жәбірейілмен таныс болады. Осы жылдары Әлкей Хақанұлы атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлымен танысып, достық байланыс орнатады. Абайдың баласы Тұрағұлдан әкесі жайлы көп мәліметтерді құлағына құйып, ойшыл ақынның өлеңдерінің шығу тарихын қағазға түсіреді. Ал 1929 жылы Әлкей Марғұлан Шығыс институтындағы оқуын бітіріп, Абай шығармашылығы туралы дипломдық жұмысын табысты қорғап шықты. 1939 жылы Әлкей Марғұлан Ә.Сәтбаевтың қызы Раушан Әбікейқызына үйленді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында әдеби көркемдікке басымдық берілсе, Ә.Марғұланның Абай туралы жазған деректері нақты тарихи мәліметтерге сүйеніп жазылған. Академиктің еңбегі осынысымен де құнды. Атақты Біржан сал Сарамен айтысар алдында Көкшетаудан шығып Баянауылға соғады. Содан соң шығыс жеріне барып, Абайдың ауылында бірнеше ай аялдайды. Хакімнің қасында болып, Семей даласын әуезді әнге бөлеген екен. Біржан салдың өнеріне тәнті болған Абай Құнанбайұлы сал ауылынан аттанар кезде қимастық көңілмен:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй..,- деп шығарып салады. Абайдың осы бір өлеңі Біржанға қатысты жазылғандығын мен Әлкейдің еңбектерінен оқып, білдім. Осындай соны дүниелерді энциклопедия етіп басып, өскелең ұрпаққа тарту етсем деймін. Айта берсем, мұндай тың деректер Әлкей Марғұланның еңбектерінде көптеп кездеседі.

- Бәрекелді, Алаштың біртуар ұлының мерейтойы қарсаңында Қазақ еліне жасағалы отырған тартуыңыз бағалы екен. Ғылым жолындағы жұмысыңыз жемісті болсын. Ойыңыз жүзеге асып, ел-жұрттан сүйінші сұрар күнге жетіңіз!

- Рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz