Жалпы, аймағымызда алиментті өндіріп алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Себебі облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова да бұл бағыттағы жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Ол жергілікті мамандардың бірлесіп атқарып жатқан ісі өзге аймақтарға үлгі болуы керектігін де атап өткен еді.

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шынар Тавлютованың айтуынша, алиментті өндіру бойынша істердің саны 11500-ді құрайды. Олардың басым көпшілігі жеке сот орындаушыларының қарауында жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сот орындаушыларында 200 борышкердің құжаты бар. Оның ішінде 150-інің жұмыс орны бар болса, 30 борышкер алиментті өздігінен төлейді, қалған 10-ы іздеуде жүр. Жалпы алғанда, бұл бағытта мемлекеттік сот орындаушыларында мәселе туындаған емес. Ал жеке сот орындаушылардың қарауындағы 6727 құжат бойынша борышкерлердің тұрақты жұмысы болса, 3500-ге жуық алимент төлеуші қарызды өз еркімен өтеуде. Ал 968 азамат баласы үшін төлейтін қарыздан бас тартуда. Мұндай азаматтардың берешек мерзімі 3 айдан асады. Бұл қатарға жататындардың атында ешбір мүлік тіркелмеген, тұрақты жұмысы жоқ.

- Алименттен жалтарғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Қылмыстық жауапқа тартылғандар жоқ. Себебі мұндай жазаны тағайындау қиын. Бірақ осындай қатал талапты қолдану бағытында да жұмыс істеп келеміз. Мәселен, мойнында қарызы барлардың атында мүлкі болса, оған шектеу қоямыз. Бұл ретте автоматтандырылған ақпарат жүйесінің көмегі зор. Сот орындаушысы аталмыш жүйеге кіріп, борышкерге қатысты барлық мәліметпен таныса алады. Алимент төлеушінің жұмыс орны, зейнетақы қорындағы қаржының көлемі мен атындағы мүлікті де көре алады. Тіпті, банктерге де сауал жолдап, жауабын сол күні алуға мүмкіндік бар, - дейді Шынар Тавлютова.

Ақпан айында жауапты орган өкілдері автокөліктерді айыппұл тұрағына қоюға мүмкіндік алған. Бұған дейін жүргізуші куәлігінен айыру ісі де қиынға соққан.Өйткені, полиция департаментінің қызметкерлері жүргізушінің куәлігінен айырылғанын тіркегенімен, толық бақыламаған. Салдарынан жүргізу құқығынан айырылған кейбір борышкер көлікті оңай тізгіндеген. Мұндай кедергілер сот орындаушыларының жұмысына кері әсерін тигізіп келген.

- Аталмыш мәселені ақпан айының ортасында аймақ басшысы Болат Жұмабекұлының қатысуымен өткен жиында көтерген болатынбыз. Өңір басшысы полиция департаментіне арнайы тапсырма беріп, бұл істі қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сол уақыттан бастап 31 борышкердің көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Олардың жалпы берешегі 17 млн. теңгені құрады. Оның ішінде 3,5 млн. теңге өндірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. 24 борышкер жүргізуші куәлігінен айырылды, - дейді Ш.Тавлютова.

Шынар Тавлютованың айтуынша, жеке сот орындаушылардың жұмыс сапасын одан әрі арттыру мақсатында «Ашық есік күні» өткізіледі. Яғни, нотариус, адвокат, заңгер, медиатор мамандары адамдарды жеке мәселесімен қабылдап, кеңес береді екен.

- Егер алимент төлеушінің қарызы 3 айдан асқан болса, сот орындаушысы оның елден шығуына шектеу қоюға міндетті. Мұндай жағдайға тап болғандар департамент мамандарынан шектеуді тоқтатуды сұрап жатады. Осыдан-ақ, елден шығуға рұқсат берілмегендердің қатары көп екенін аңғаруға болады. Бұдан бөлек, полиция департаментінің қызметкерлері бейнебақылаудың көмегімен борышкерлерді көлігі арқылы анықтай алады. Ал жұмысы жоқ азаматтарға жұмыспен қамту орталығына барып, есепке тұру керектігін айтамыз, - дейді Ш.Тавлютова.

Қазіргі уақытта полиция департаменті және прокуратура тарапынан осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Егер жұмыссыз жүрген борышкер бір айдың көлемінде есепке тұрмаса, жауапқа тартылады екен. Жұмыспен қамту бөлімі берген жұмыстан бас тартып, екі қолға бір күрек таппаған жағдайда да осы жаза қолданылады. Аталмыш бөлімнен тыс өз еркімен жұмысқа орналасса, алимент төлеуші «қашқын әкелердің» тізімінен алынады.

- Аймақ басшысы осы мәселені бақылауға алған болатын. Болат Жұмабекұлының әлеуметтік желіде «Инстаграм» парақшасы барын білеміз. Бүгінде өңір басшысына алимент мәселесі бойынша сұрақтар көп түседі екен. Тұрғындардың сауалы бойынша мамандар үш борышкердің ісін тексеруде. Осыдан-ақ нәтиже барын көруге болады. Жалпы, борышкерлерден қарызды өндіру бағытында жан-жақты жұмыс жүргізілуде, - дейді ол.

Иә, мамандар борышкерлерді жауапқа тарту үшін күнде жаңа әдіс ойлап табуға асық. Туған баласынан безгендерді жазалау дұрыс деп ойлаймыз. Бірақ алиментті өндіру ісінде жазықсыз жандардың да жапа шегіп жүргеніне не дейсіз?

Павлодар қаласының тұрғыны Қайыр есімді азамат алиментті өндіру ісінде жеке сот орындаушылардың қызметіне көңілі толмайтынын айтады.

- Жұбайыммен ажырасқалы 5 жылдан асты. Балаларымнан ешқашан безген емеспін. Үнемі жағдайларын біліп, көмектесіп, ай сайын алиментті төлеп келдім. Бірақ соңғы уақытта қызметімде біраз мәселе туындап, қарызды өтеуге жағдайым келмеді. Бұрынғы жұбайыма бәрін айтып түсіндірдім. Бірақ іс жеке сот орындаушыларының қолына түскеннен кейін жағдай қиындай түсті. Себебі көлігім айыппұл тұрағына қойылып, жүргізуші куәлігімнен айырылдым. Темір тұлпарым менің күнкөрісім болатын. Сол арқылы такси қызметін атқарып, нан тауып жүр едім. Бірнеше ай бойы сотқа жүгініп, жүргізуші куәлігін қайтарып алдым. Бірақ көлігімді әлі ала алмай жүрмін. Балаларымның анасы рұқсатын бергенмен жеке сот орындау-шылары қызметі үшін 300 мың теңге көлеміндегі соманы сұрап, көлігімді бермей отыр. Қазіргі уақытта мұндай қомақты қаражатым жоқ. Жағдайды қиындатқаннан әке де, бала да жапа шегіп отыр. Сондықтан жауапты мамандар осындай жағдайларды ескерсе екен деймін, - дейді ол.

Өткен жылы 2019-2024 жылдарға арналған отбасын дамыту және қолдаудың жол картасы әзірленген болатын. Бұл құжатта ерлі-зайыптылардың ажырасуына жол бермеу мәселесі қарастырылған. Екі жастың некеге тұрған сәтінен бастап барынша қолдау көрсету арқылы 2019 жылы ажырасу жағдайларын 41 пайыздан 38,2 пайызға, 2023 жылы 30 пайызға, 2030 жылы 25 пайызға азайту көзделуде.

Соңғы 10 жылдың ішінде елімізде 1,5 миллионға жуық ерлі-зайыпты ажырасқан. Жылына әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Осыдан-ақ, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың санын есептеп шығаруға болады.

Жоғарыда жазылғандардан алимент өндіру ісінде талаптың күшейтіліп келе жатқанын көре аламыз. Бірақ бірқатар әрекет алимент төлеушілерді әбігерге салып, мәселелерін көбейтуде. Сондықтан жоғарыдағы жол картасы әр баланың бақытты отбасында тәрбиеленіп өсуіне септігін тигізсе екен дейміз. Шаңырақ шайқалмағанда ғана ата-ана да, бала да алимент мәселесімен соқтықпайтын болады...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz