«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмектің көлемін арттыру керектігін тапсырғаны есімізде. Елбасының тапсырмасынан кейін көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге биыл 130 млрд. теңге бөлінген-ді. Осы уақытқа дейін республика бойынша 150 мыңға жуық отбасы әлеуметтік қамқорлықтың осы түрін алуға өтініш беріп үлгерсе, солардың 806 мыңы оң шешім алды. Ал Павлодар облысы бойынша бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам адам мамандар кеңесіне жүгінген. Құжаттарын дер кезінде тапсырып, АӘК-тің барлық талаптарына сай болған 3718 отбасы осы көмекке қол жеткізіп отыр.

Осы ретте облыста АӘК-ті рәсімдеген, бірақ есепшотына қаржы түспеген бірқатар отбасы бар. Олар редакциямызға хабарласып, өздерінің өтінішін жеткізген еді. Солардың бірі - 3 баланың анасы, бала күтіміне байланысты демалыста отырған жас келіншек Гүлжаз Бөрібаева. Оның айтуынша, 10 сәуір күні құжаттарын тапсырған, мамандар атаулы әлеуметтік көмектің 10 мамыр күні түсетінін айтқан екен.

- Құжаттарды тапсырған күні жұмыспен қамту орталығындағы мамандар бір айдан кейін менің есепшотыма 70 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек түсетінін айтты. Бірақ уақыты келгенімен, біз әлеуметтік көмекті ала алмадық. Себебін білмек болып хабарласқанымда ондағылар «сізге қаржының қашан түсетінін білмейміз» деп қысқа қайырды. Мен сияқты атаулы әлеуметтік көмекті сәуір айында ала алмай қалған отбасылар саны жетерлік, - дейді ол.

Осы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкеноваға хабарласып, оқырмандардың назын жеткізген едік.

- Нақты осы өтініш бойынша Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен өтініш берушіге шартты ақшалай көмек тағайындалды. Өтініш берушінің жұбайы жұмыссыз, оған жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі, балаларына ай сайын 20 789 теңге мөлшерінде кепілді көмек төленеді. АӘК Гүлжаз Бөрібаеваға мамыр айының соңына дейін түседі - деді Хелуа Қазымқызы.

Осы ретте әлеуметтік желіде тарап үлгерген «Қорда ақша жоқ. АӘК-ті ала алмағандар тек маусым айында ғана ала алады» деген ақпаратты да басқармадағылар жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, АӘК беруге ақша жеткілікті. Облыс тұрғындары мұндай жалған ақпараттарға сенбеулері керек. Дүрбелең туғызбай-ақ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар- ламалар басқармасына хабарласып, білуге болады. Сонымен қатар «АӘК алу үшін қойылатын талаптар өңірлерде әртүрлі», «Өтініш толтырып, АӘК алу үшін жеке куәлік болса болды деген. Бірақ бізден қосымша құжаттар сұрайды», «Қорамыздағы мал мен бау-бақшамызды да есепке алып отыр» деген сарындағы шағымдарын Хелуа Кәшкеноваға жеткіздік.

- Негізі АӘК алуға үмітті әр адам тұрғылықты мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе ауыл әкімдігіне жеке куәлігімен келіп, өтініш толтырады. Содан кейін ол адам туралы мәліметтердің барлығын «е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріледі. Ақпараттық жүйеде қажетті мәліметтер болмаған жағдайда ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік органдарға жазбаша сұраныс жолданады. Мемлекеттік органдарға немесе ұйымдарға сұраныс жолданған жағдайда құжаттарды рәсімдеу мерзімі 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылады - дейді ол.

Көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне, мүгедектігі бойынша балаларға берілетін төлемдер және стипендия жиынтық табыстан алынып тасталады. Бұрын АӘК алу үшін әр 3-6 ай сайын құжат тапсыратын болса, сәуірден бастап шартты түрде алатындар жылына бір рет, шартсыз негізде алатындар жарты жыл сайын өтініш бермек. Ал, әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасылар ғана емес, 1-2 баласы бар, бірақ табысы аз отбасының да алуына мүмкіндік бар. Дәл осы көмекті алатын отбасының кенжесі 7 жасқа толғанға дейін ата-анасының бірі жұмыс істемей үйде отыруына құқылы. Бірақ ерлі-зайыптылардың біреуі міндетті түрде жұмыс істеуі қажет немесе жұмыссыздар тізімінде тіркелуі шарт.

Жауапты басқарманың мәліметінше, биыл 10 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі. Облыс бойынша АӘК алушылардың көшін Павлодар қаласы бастап тұр. Мұнда бүгінгі күнге дейін 1234 отбасы аталмыш көмекке қол жеткізген. Аудандар арасында 300-ге жуық шаңырақты қуанышқа бөлеп Баянауыл ауданы алда келеді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz