- Құжат халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға, жайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталатын болады. Сол үшін біз халықты стратегиялық құжатты әзірлеуге тартқымыз келеді. Оның үстіне бұл құжат 2050 жылға дейін әзірленуде. Егер біздің қала үшін қолайлы әрі тиімді ұсыныстар болса қабылдауға дайынбыз. Содан кейін қала тұрғындары арасында конкурс өткіземіз. Оған қалалықтар инфрақұрылым (көлік, ТКШ, жолдар), денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, тұтыну тауарлары және бағаның қолжетімділігі бағыттары бойынша өз идеяларын жіберуге болады. Материалдарды 10 маусымға дейін Instagram немесе Facebook парақшаларында жариялауы керек, - деді Әнуар Қайыргелдіұлы.

Ұсыныстар мен идеяларды тұрғындар құжат және фотосурет түрінде жіберуге болады. Ең үздік үш жобаның авторына 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Оған әкімдік қызметкерлері, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері кіреді. «Dasco Consulting Group» компаниясының өкілі Дәулет Арғыновтың айтуынша, қаланы дамыту стратегиясы үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – әлеуметтік сауалнама жүргізу кезеңі. Оған 2800 адам қатысып, өз пікірлерін білдірген және қатысушылардың 49 пайызы «Павлодар өмір сүруге ыңғайлы қала» деп санайды. Айта кетейік, қалаларды дамыту стратегиясын әзірлеуді 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Кейін ҚР Экономика министрлігі әдістеме құрды. Павлодарды дамыту стратегиясын әзірлеу қараша айына дейін жалғасады, күзде бағдарлама қалалық мәслихаттың сессиясында ұсынылады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz