Шаһардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамырдың 11-інен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойынша жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Торайғыровтан Ладожская көшелерінің аралығында жүргізілетін жөндеу жалпы аумағы 280 мың шаршы метр көше жолдары мен тротуарларды қамтиды деп күтілуде. Бөлімнің жолдарды жөндеу секторының меңгерушісі Николай Казаниннің сөзіне сүйенсек, жоспар бойынша аталған жұмыстар 11 шілдеге дейін атқарылуы тиіс. Даңғылдың көп тұсында асфальт жабындылары бүлініп, тоза бастағаны байқалады. Мұндай аумақтардың барлығы алдағы уақытта тегістеліп, даңғылдың барлық бойындағы асфальт жаңадан төселеді. Сондай-ақ тротуарлар жөнге келтіріліп, жол белгілері салынады.

- Жөндеу жұмыстары көшедегі көлік ағыны мен жолаушыларды тежемеуі үшін алдымен даңғылдың батыс жақ бөлігін, яғни Торайғыровтан (трамвай басқармасынан) Ладожская көшесіне дейінгі жолақты кезең-кезеңімен жауып, тиісті шараларды атқарудамыз,-дейді Н.Казанин. – Ал бұл бөлік аяқталған соң оны ашып, жолдың шығыс жағына – Қазправдадан Торайғыровқа дейінгі аумаққа мезгіл сайын бөгет қоямыз. Кең көшеге үйреніп қалған көлік жүргізушілері мен қала тұрғындарынан бұл жұмыстарға түсіністікпен қарап, жаз ортасына дейін сабырлық сақтауды сұраймыз. Бұл – уақытша ғана қиындық.

Даңғылды жаңарту шараларын мерзімінде аяқтауды ойға алған жол жөндеушілер ауа райы қолайсыздық танытса, кешкілік және түнгі уақыттарда да жұмыстарын жалғастыра бермек ойда.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz