Қазақтың қасиетті қара домбырасына ғашық болмаған, оның үніне елітпеген қазақ жоқ шығар, сірә.

Асхат алғаш домбыраны қолына ұстаған сәтін былай деп еске алады:

- Анам домбыраны сатып алып келгенде біз кішкентай бала едік. Оны ешкім де тарту білмейтін. Әйтеуір төрімізде ілініп тұратын еді ғой. Бірақ алыс ағайындарымыздың домбырада шерткенін көріп жүретінмін. Қалай екені белгісіз, 7-сыныпқа барған жылы домбыраға деген құмарлығым артып, қызығушылығым оянды. Осыны байқаған анам бірден мені М.Катаев атындағы оқушылар сарайына ертіп әкеліп, домбыра үйірмесіне берді. Міне, сол сәттен бастап ең алғаш қолыма ұлттық аспабымызды алдым. Мені домбыраға үйреткен алғашқы ұстазым Батырхан Кенжеханов деген ағамыз еді. Ең алғаш үйренген күйім «Тепең көк» болатын, - дейді ол.

Мектеп бітіргеннен кейін 2002 жылы музыкалық колледжге Нұрзия Ғабдулинаның класына келген Асхат домбыраны терең меңгереді.Осылайша, «Тепең көк» күйінің қатарын «Қос алқа», «Ерке сылқым», «Балбырауын» тәрізді атақты күйлермен толтырып, балалық құштарлық пен ана арманы орындалады.

- Колледжді бітірген соң білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында С.Торайғыров атындағы ПМУ-ге түсіп, Уәзипа Әжіғалиқызына кез болдым. 4 жыл Уәзипа апайда домбыра сабағын оқып, репертуарымды кеңейте түстім. Өз ісінің шеберлері атанған ұстаздардың алдын көргеннен кейін осал болуға хақымыз жоқ еді. 2007 жылы анам аймақта қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылғалы жатқанын естіп, маған айтты. Осылайша, алғаш рет оркестрге жұмысқа орналастым. Сонымен қатар 2009 жылы «Шаңырақ сазының» құрамына қабылданып, қазір екі жерде де қызмет етіп жүрмін, - дейді Асхат.

Бүгінде өзі де екі перзент тәрбиелеп отырған домбырашының жары Әйгерім Сүлейменова да - өнер адамы. Ол - облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі. Асхат: «Өнер адамының шығармашылығында даму мен өрлеу болу үшін ең бастысы отбасында түсінісу», дейді.

Ел ішінде қара домбырасын арқалап, күмбірлеген күйімен кең даланы тербетіп жүрген өнер иесіне әрі өнерлі отбасына шығармашылық табыс тілеп, төл мерекесімен құттықтадық.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz