Олар қалай түзіледі?

Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, бүгінде біз телехабар таратудың аналогты жүйесінен өттік. Цифрлық пішімде хабар таратқан жерсеріктік телевизияның да дәуірі аяқталды. Енді, міне, қазір жерүстілік цифрлық телехабар таратуды меңгеріп жатырмыз. Осының бәрі бір ұрпақтың өміріндей ғана қысқа тарихи кезеңде өтті, ал күтіп отырғанымыз одан да зор!

Ендеше, цифрлық хабар таратудың не екенін тарқатып көрелік.

Қазақстанда цифрлық телевизия туралы 2011 жылы-ақ айтыла бастады. Сол кездің өзінде «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясы цифрлық пішімде хабар таратып, техникалық әлеуетін бірте-бірте күшейткен болатын. Осының арқасында жоғарғы сапалы кескін мен дыбысқа қол жеткізілді. Ал 2012 жылғы шілдеде телехабар таратудың цифрлық эфирлік (жерүстілік) желісі іске қосылды. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық хабар таратуды Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасындағы ең маңызды әрі қажетті шара деп атады. Осы миссия жолында бірте-бірте Қазақстан аумағының ең шалғай нүктелерін де қамти отырып, цифрлық телевизия жаңа өңірлерді «жаулауды» бүгінгі таңда да жалғастыруда.

Ақпараттың заманауи құралдарының бір жақсы жері, олар бізге «жаһандық көлемде жар салуға» мүмкіндік береді. Жар салып-ақ жатырмыз. Ғаламтор кеңістігінде мынадай көңіл-күйдегі сұрақтарды кездестіру қиын емес: бізге қайта құру, өзгерту, жаңғырту неге керек? Телекөрерменге цифрлық ТВ-дан не пайда келер дейсің?

Біріншіден, кабельдік топтама сатып алмай-ақ, ай сайынғы абоненттік төлемсіз, түрлі-түрлі тегін телеарна санын жиырмаға дейін көбейтуге болады.

Екіншіден, мәселе – сапада. Бұл – басты себеп. Бізді экранға байлайтын да осы көріністің кереметтігі мен әдемі кескін емес пе?!

Сондай-ақ, еліміздің абырой-беделі мәселесін де ұмытуға болмайды. Бүгінгі таңда аналогты телевизияда қалып отырған елдердің саны саусақпен санарлық, олардың өзі алдыңғы қатарлы елдер деуге келмейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы Женевада өңірлік радиобайланыс мәслихаты өтіп, онда аналогты телехабар таратудан цифрлыққа өту жөнінде Халықаралық конвенция қабылданды. Келісімге әлемнің 100-ден аса елі қол қойды, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Жаппай «цифрға» көшу еуропалық Нидерланды мен Люксембургтан басталды, арада үш жыл өтер-өтпестен, 2009 жылы Құрама Штаттар өздерінде аналогты хабар таратудан толығымен қол үзгені туралы құлақтандырды. Бүгінде бүкіл Еуропа мен Латын Америкасының барлық дамыған елдері, Австралия, Қытай, Кавказ өңірі, тіпті Таяу Шығыстың кейбір елдері цифрлық хабар таратуға толығымен көшіп алды.

Аналогты жерүстілік желі бойынша қазақстандықтардың жартысынан астамына отандық телеарналардың бар болғаны төрт-бесеуі ғана қолжетімді еді. Барынша көп ақпаратқа қол жеткізуге деген ниет шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын өз үйлерінің шатырлары мен балкондарына жерсеріктік тәрелкелер орнатуға, яғни шетелдік жерсеріктік операторлардың қызметтеріне жүгінуге мәжбүр етті. Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізе отырып, мемлекет тіпті ең түкпірдегі ауылдардың тұрғындарына 15 шақты, тек республикалық қана емес, өңірлік қазақстандық арналарды да көруіне мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, ауыл мен қала халқы арасындағы ақпараттық теңсіздік келмеске кетеді.

Теледидардан көрсетіп тұрған барлық арналардан жүгіртпе жол арқылы мынадай құттықтау жіберсе де артық болмайды: «Құрметті телекөрермендер! Сіздер тұратын үйде жақсы өзгерістер жүзеге асты. Сіздерді шын жүректен құттықтаймыз!».

Телекөрермендер үшін тағы бір маңызды мәселе: қандай телеарналар қолжетімді арналар тізбесіне енді?

Қазақстан Республикасының 18.01.2012 ж. №545-IV «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңында 13 бап еркін қолжетімді теле-, радиоарналар тізбесінің қалай жасалатынын түсіндіреді.

ҚР 24.11.2015 ж. №419-V заңына сәйкес 2 тармаққа өзгерістер енгізілді, онда еркін қолжетімді арналар тізімінің ұйымдастырылу үдерісі былай сипатталады:

Конкурстық негізде әр телеарнаның – мемлекеттік конкурсқа қатысу туралы өтінім берген үміткердің контенті мұқият қарастырылады, ал телерадио хабарларын тарату мәселелері жөніндегі комиссия жеңімпаздарды бекітеді. Жеңімпаз телеарналар ішінен еркін қолжетімділікке арналған телевизиялық арналар тізімі қалыптастырылады. Бұл рәсім, заңға сай, кем дегенде, үш жылда бір рет өткізіліп тұруы тиіс. Сондықтан қолжетімді телеарналар тізімі уақыт өте келе өзгеруі мүмкін.

Ал телерадио хабарларын таратудың өңірлік операторлары теле-, радиокомпаниялармен бекітілген шарттар негізінде еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды таратуға құқылы.

Егер сізді өз өңіріңіздегі қолжетімді телеарналар тізіміне кірген теле-, радиоарналарға жасалған толық шолу қызықтырса, оны Tengrinews.kz сайтынан таба аласыз. Өз өңіріңіздегі қолжетімді арналар тізбесіне кірген теле-, радиоарналар тізімін іздесеңіз, оны tsetv.kz сайтында тиісті ақпарат орналастырылған.

Жұртшылықтың ой-пікірі қандай?

Аналогтық телехабар таратудан цифрлық жүйеге көшу процесі Қазақстанда қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының халқы цифрлық эфирлік телевизияға толықтай қосылған болатын. Жаңа жүйенің артықшылықтары аз емес. Біріншіден, қолжетімді телеарналар санының артуы. Бұрын шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үй антеннасының көмегімен 4-5 арнаның сигналын қабылдап келсе, енді 15 шақты қазақстандық телеарнаны тамашалап отыр. Екіншіден, бейне мен дыбыстың жоғары сапасы. Үшіншіден, мұның бәрі тегін.

Тұрғындар желіге өз күшімен қосыла алады. Ол үшін абоненттер үйдегі теледидар DVB-T2 стандартында көрсете ме, соны тексеруі керек. Мұндай жағдайда дециметрлік антенна сатып алып, теледидарға қосса жетіп жатыр. Егер теледидар бұл стандартта көрсетпейтін болса, антеннамен қатар цифрлық қабылдағыш сатып алу қажет.

Биыл маусым айында Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогтық телехабар тарату желісі өшіріліп, цифрлық телевизияға толық көші- ріледі деп жоспарланған.

Жаңа жүйеге көшудің екінші кезеңін сараптау мақсатында «Қазтелерадио» АҚ әлеуметтік сауалнама жүргізді. Елді мекендерге еріктілер тобы жөнелтілді. Үш облыс- тан түрлі жас, топ өкілдерінен жүзден астам адам сауалнамаға қатысқан.

Қазақстандықтарға қойылған негізгі сұрақ: цифрлық телехабар таратуға көшу туралы біле ме, жоқ па?


Айша, Алматы облысының тұрғыны, мұғалім, 42 жаста:

- Иә, цифрлық жүйеге өту үшін қазір сондай бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын білемін. Алайда, шынымды айтсам, ол қашан болатыны және ЦЭТВ-ға қалай қосылу керек екенін білмеймін. Өзім техникадан хабарым жоқ болғандықтан, ересек балаларымның көмегіне жүгінетін шығармын.


Арман, Қостанай облысының тұрғыны, құбыр бөлшектерін пісіруші, 35 жаста:

- Алғаш рет естіп тұрмын, бірақ бұл жаңалыққа өте қуаныштымын. Бала-шағамызбен теледидар алдына жиі жиналамыз. Енді жақсы болды, арналар көбейеді. Міндетті түрде қосыламын.


Санжар, Павлодар облысының тұрғыны, студент, 19 жаста:

- Әке-шешем ауылда тұрады, олар үшін бұл жақсы жаңалық. Бұл хабарды сол ата-анамнан естідім, ал олар Халыққа қызмет көрсету орталығынан білген екен. Желіге қосылу туралы ақпаратты интернеттен іздеп көрдім, әкеміз екеуіміз теледидардың жаңа стандартқа сай келетінін тексердік. Енді алдағы демалыс күндері оларға қабылдағыш алып келемін, сөйтіп ЦЭТВ-ға қосыламыз.


Сауалнама нәтижесі бойынша, үш облыстың ішінде Қостанай облысының тұрғындары барынша мол ақпараттанды-рылған болып шықты. Сауалнамаға қатысқан аумақ тұрғындарының 75 пайызы ЦЭТВ туралы хабардар. Ақпаратты адамдар көп шоғырланған жерлерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, «Қазпошта» бөлімшелерінде, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерден естіп-білген.

«Қазтелерадио» АҚ өкілдері цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу жобасы 2021 жылы аяқталатынын атап өтті.

 

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz