Өткен сенбіде облыс әкімі Болат Бақауов облыс орталығындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарды аралады. Алдымен өңір басшысы «Қазқонақ» табиғи ескерткішінің жағдайымен танысты. Заң бойынша аталмыш аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі тиіс. Табиғи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына көптеген жүк көлігі жұмылдырылатыны белгілі. Алайда мұндай техника ескерткіш аумағына зиян келтірмеуі керек. Осы орайда, әкім қажетті құрылыс материалдарын өзен жолымен жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар, ескерткіш шекарасына арнайы белгітас орнатуды жүктеді. Қажет болған жағдайда осы орыннан табылған көне жануарлардың мүсіні мен өсімдік түрлерін де қою керектігін айтты. Бұдан бөлек, «Қазқонақ» табиғи ескерткіші жайында мағлұмат беретін LED экран орнатуды да атап өтті.

Қазіргі уақытта жағажайдың жаңа бөлігінде тас тақтайшалар салынуда. Оның ені 6 метрді құрайды. Облыс әкімі құрылыс алаңында адамдардың серуендеуіне барлық жағдайды қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, темір жол көпірін сырлап, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу керектігін де айтты. Жағажайдың «ҚазТрансОйл» АҚ ғимараты маңынан қайықтарға арналған пирс салу жоспарланған. Бұл орынға теплоход та тоқтайтын болады. Ол үшін қайық айлағы алаңын тереңдету қажет. Аталмыш орындағы құрылыс жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.

Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жолдың 1,2 метр ені велосипедшілерге арналмақ. Яғни, ұзындығы 13 километрді құрайтын велосипед жолағы салынады. Болат Жұмабекұлы аталған жолдағы белгілердің сапасына мән беру керектігін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарды 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, Б.Бақауов ауылшаруашылық жәрмеңкесіне барып, шаруа қожалықтарының өкілдері мен тұрғындардың пікірін тыңдады. Жұртшылық арасында құс етіне, сүтке деген сұраныс жоғары. «Қызылжар-Құс» ЖШС фабрикасының өнімдері сатылатын сауда сөресінің алдында ұзын-сонар кезек жиналған. Мұны көрген Болат Жұмабекұлы бұл мәселені ретке келтіруді тапсырды.

- Жәрмеңкеде бал сататын сөре өте көп. Бұл өнім әлеуметтік тағамға жатпайды. Керісінше, халық арасында сұранысқа ие құс өнімдерін саудалайтын сөрелерді көбейту қажет. Тұрғындар сағаттап кезек күтіп тұрмауы тиіс. Жәрмеңкеде керек өнімнің көлемін арттырған жөн. Сонымен қатар, саяжай маусымы басталғандықтан, тұқым түрлерін де көбейту керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

Жәрмеңкеде аймақ басшысы Тереңкөл ауданынан келген «Кедр» ауылшаруашылық өндірістік коопе-ративінің мүшесі Анатолий Ковалевпен жүздесті. Сүт өндірумен 1994 жылдан бастап айналысатын кәсіпкер кооперативте 23 адам жұмыс істейтінін айтады.

- Львовка ауылындағы жеке-меншік қосалқы шаруашылықтардан сүттің литрін 70 теңгеден сатып аламыз. Жиналған өнімді май өңдеу зауытына тапсырамыз. Ал жәрмеңкеде 130 теңгеден саудалаймыз. Тұрғындар арасында сүт өніміне деген сұраныс жоғары, - деді кәсіпкер.

Болат Жұмабекұлы «Жұлдыз» стадионындағы құрылыс жұмыс-тарымен танысып, ондағы жұмыстарды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне дейін аяқтауды жүктеді. Аталмыш мерекеде жаңартылған «Жұлдыз» стадионында футболдан балалар арасында турнир өткізуді де ұсынды. Бұдан бөлек, өңір басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан олимпиадалық резервті даярлау орталығы, футбол манежі, мұз айдыны мен онкологиялық диспансерді аралады. Бірқатар нысанды жоспарланған мерзімінен бұрын ерте аяқтауды тапсырды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz