Тарихи деректерге сүйенсек, Көне Түркі жазбалары мәдениетінің мың жылдық тарихы бары айтылады. Әр аймақта анықталып жатқан тастағы жазулар - соның айғағы. Тастағы жазулар - Мәңгілік елдің символы, тарих қойнауынан жеткен көне мәдениет, ұлы өнер. Көрмеге музей қорында сақталған жазулы тастар қойылды. Тарихи жәдігерлердің қатарынан Жамбыл облысындағы Ұзынсу өзенінің бойынан табылған Иірсу жазулары, Талас өзені бойынан табылған Талас жазба ескерткіш тасы, Түркістан қаласының аумағынан қазып алынған Сырдария жазуының көне ескерткіші орын алды.

Музейдің бұқаралық бөлімінің әдіскері Мейрамғали Есмұхановтың сөзінше, Түркі халықтарының мәдени мұраларының бірі – Күлтегін ескерткіші. Биіктігі 3,5 метр болса, төменгі ені – 1,32 және жоғары жағының ені 1,22 метрді құрайды. Ескерткіштің батысқа қараған бетінде қытай жазулары жазылса, қалған қабырғаларының барлығы көне түркі жазуларымен толған.

- Кезінде түркі халықтары өздерінің күнделікті жазуларын тасқа және қағазға жазып отырған. Яғни, сол кездің өзінде қағаз шығаратын құрылғылары болған екен. Тарихи деректерде олар қағазды тұт ағашынан, сорадан, мақтадан және күріш сабағынан жасағаны айтылады. Ал қытай шеберлері қағаз өндірісінің негізін VIII ғасырларда салған екен. Содан кейін Ұлы Жібек Жолы арқылы батысқа тарады, - дейді Мейрамғали Қайроллаұлы.

Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ғалымбек Жұматов қатысып, жиналғандарды Көне Түркі жазбалары күнімен құттықтап, бұл – Ұлы Дала мәдениетінің бір бөлшегі екенін атап өтті.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz