Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда пластикалық ота жасатуға ойланбастан барып жатқан қыз-келіншектер аз емес. Соның ішінде сыртқы сұлулығы үшін немесе табиғи кәрілікті жасыру мақсатында жасалатын оталар қасиетті дінімізде харам саналады. Себебі, бұл әрекеттер Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болғандықтан, үлкен күнә болып есептеледі. Қасиетті хадисте: «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушыны, қас теруші және қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді», – делінген. Сондықтан пластикалық отаның мұндай түрін жасауға тыйым салынғаны жөн. Сонымен қатар, бүгінде кейбір мұсылман әйелдері жасанды кірпік пен тырнақ жалғауға әуес. Ислам шариғатында тырнақ жалғау былай тұрсын, тырнақты өсірудің өзі күнә. Ендеше, хақ дінімізде харам саналған істерден аулақ болайық, ағайын дегім келеді.

Ал адамның бет-әлпеті отқа күйіп, кірпігі түсіп, көріксіз жағдайға душар болса немесе ауру салдарынан сырт келбетінде кемістік пайда болса, оның орнын толтыруға рұқсат етіледі. Өйткені, шариғатымыз адамның ағзасында қандайда бір ақау, науқастық пайда болса, оның емделу жолын қарастыруды міндеттейді. Бірақ, бұл жағдай мен сәндік мақсатта жасалатын іс-шаралардың жөні бөлек екенін естен шығармау керек.

Саягүл КҮРКІМБАЕВА, сән салонының қызметкері:

- «Сұлулық әлемді құтқарады», - деген екен орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский. Бұл тәмсілге қарап, әдемілік пен сұлулықтың адамзат үшін қаншалықты рөл атқаратынын аңғаруға болады. Сондықтан да мен сән салонының өкілі ретінде пластикалық отаға тыйым салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Сырт келбеті өзіне жарасымды, сұлу да сүйкімді жан қыруар ақша шашып, тәуекелге бел бумайды. Яғни, пластикалық ота жасатқысы келетіндердің осындай қадамға баруының бір себебі бар деген сөз. Демек, мұндай адамдардың да сырт көзге сымбатты болып көрінуіне, өзін мінсіз етіп көрсетуіне кедергі келтірмеуіміз керек. Барлық адам сұлу әрі әдемі болуға лайық.

Қуантарлығы, қазіргі таңда медицина саласы қарыштап дамып келеді. Бұрын күрделі пластикалық оталарды жасату үшін отандастарымыз Корея, Қытай сынды шет мемлекеттерге баратын болса, енді өз еліміздегі клиникаларда жасатады. Тіпті, біздің мемлекетке шет елдерден адамдар келуде екен. Бұл - қазақстандық медицинаның жетістігі. Осындай мүмкіндікті бағалауымыз керек.

Дәулетбек ХАЛАМ, хирург дәрігер:

- Пластикалық отаға тыйым салмас бұрын оның нақты қандай мақсатпен жасалатынын анықтап алу керек. Себебі, кейбір адамдар отаның мұндай түрін денесіндегі кемшіліктерді түзету үшін жасатып жатады. Мәселен, біреулер мұрынының тым қоңқиған үлкен немесе тұштиған кішкентай екеніне ыңғайсызданып, оны түзеткісі келсе, енді біреулер құлағының қалқан не шұнақ екенін айтып, формасын өзгерткісі келеді. Осы мақсатта пластикалық отаның көмегіне жүгінеді. Бұл – әркімнің өз қалауы әрі таңдауы. Мұндай жандарға тыйым салу орынсыз деп есептеймін. Кемшіліксіз адам болмайды, әрине. Оны түзетудің айыбы жоқ. Ал сән үшін немесе «елден ерек жас әрі сымбатты» көріну үшін бет терісін тартып тіктіру, қабақты тартқызу, майын сылып алдырту сынды неше түрлі пластикалық операцияларды жасатудың жөні бөлек. Мұндай операцияларды 40-тан асқан адамдар жасатса, орынды. Өкінішке қарай, өрімдей жап-жас қыздардың осындай қадамға барып жататыны алаңдатарлық жағдай. Сол үшін мәселенің денсаулыққа тигізер кері әсерін зерттеп, соған сай белгілі бір шектеулер қоюға болады. Ал мүлдем тыйым салу дұрыс емес. Бұл – адамдардың құқығын аяқ асты ету.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz