Шаруашылық басшысы Гүлжанат Ахметованың айтуынша, қазақтың ақбас сиырын көптеп өсіруге ниетті. Іргедегі елден әкелінген малдың өңірімізде өсіп-өнуіне де айтарлықтай кедергі болмайтынына сенімді. Себебі, қос елдің климаты ұқсайды.

Шаруа асыл тұқымды ірі қараны Агрокре- диттік корпорация арқылы алған. Шаруа-шылығындағы асыл тұқымды мал басын көбейту үшін бұл жолы 36 млн. теңге несие алған. Әр басты 625 мың теңгеге сатып алған. Бұл малға мемлекеттен субсидия беріледі. Сөйтіп, шаруаға түсетін салмақ жеңілдейді.

- Мал өсіруді осыдан екі жыл бұрын қолға алдық. Шаруашылық құрып, асыл тұқымды мал басын өсіруді жөн көрдік. Бұған дейін екі рет 40 бастан асыл тұқымды сиыр сатып алдым. Оларды еліміздегі асыл тұқымды шаруашылықтардан алған едік. Олардың әр басына мемлекеттен 150 мың теңге көлемінде субсидия берілді. Соңғы 75 басты көрші елден әкелдік, - дейді шаруашылық басшысы.

Қолындағы мал басын барынша асылдандырып, өзге шаруашылықтарға сатуды көздейтін шаруа Ақмола облысынан жуырда 1 санатты 4 бас асыл тұқымды бұқа әкеліпті. Енді бірнеше жылдан кейін асыл тұқымды төлдерді сату мүмкіндігі туады, дейді шаруа.

Іскер жан өз қаражатына шаруашылығына қажетті баз салған. Жұмысшыларына үй салып беріпті. Бүгінде мұнда үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Баянауылдық кәсіпкер алдағы уақытта қой мен жылқы өсіруге де құлықты. Шаруашылығын жем-шөппен қамту үшін құнарлы шөптер егуді көздеп отыр. Техникаларын көбейтуді де қалайды.

- Бірнеше тракторымыз бар. Бірақ ол аздық етеді. Шаруашылық кеңейгеннен кейін оның азығын дайындау үшін де техниканың жаңа әрі көп болғаны жақсы ғой. Жуырда лизингпен тиегіш техника алдық. Техниканы жаңартуды алдағы уақытта жалғастыру ойымызда бар, - дейді Г.Ахметова.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz