Ертіс-Баян өңірі тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орындарға бай. Мұндай жерлерді ерекше қорғауға алудың маңызы зор, дейді мамандар. Облыстағы осындай орындардың тізімінде әзірге 43 киелі нысан бар екен. Оның жетеуі, нақтырақ айтар болсақ, Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Ақкөл-Жайылма қалашығы, Исабек ишан кесенесі, Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі, Жасыбай батыр зираты, Қоңыр әулие үңгірі және «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешені мен Павлодар қаласындағы Сұлтанбет Сұлтан ордасы республикалық маңызы бар орындарға жатады. Ал қалған 36-сы - облыстық маңыздағы орындар. Болашақта олардың саны артуы мүмкін. Себебі, облыс тұрғындарының атынан түрлі ұсыныстар түсуде. Солардың бірі аталмыш кеңесте қаралды.

- 2017 жылдан бері «Үміт апа Надежда» шаруа қожалығының басшысы Александр Фергалюктан Үміт апаның жатқан жерін, мешітін, емдеу орталығын және Шайхы атаның мешіті мен жатқан жерін Павлодар облысының киелі нысандар тізіміне енгізу туралы 23 өтініш түсті. Негізі, Үміт апа сакралды нысандар тізімінде тұр. Ендігі кезекте оны кешен ретінде атауын ауыстырып, жатқан жері мен емдеу орталығын кіргізу туралы ұсыныс талқылануда. Сондай-ақ, екіншіден облыстық тізімге Шайхы ата кешені, Мәшһүр Жүсіп мешіті мен Ақ мешітті, Благовещенск шіркеуін енгізу туралы ұсыныстар түсті, - дейді облыстық мәдениет және архивтер, құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және археология бөлімінің басшысы Самал Сәменова.

Аталмыш жиынға қатысушылар бұл мәселеге өте мұқият қарау керектігін тілге тиек етті. «Сакралды география» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Еңлік Әбеуова қазіргі қолданыстағы діни нысандар мен тарихи ғибадат ету орындарының бағыттарын шатастырып алмау қажеттігін алға тартты. Бұл ретте, түсінбестік орын алмауы үшін осы саланың қыр-сырын жақсы білетін діни қызметкерлердің пікірімен де санасу керек, деді С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің археологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктор Мерц.

Осылайша, кеңесте мемлекеттік қызмет-шілердің діни мәселемен айналысуы орынсыз екенін айтқан қатысушылар дін саласы өкілдерінің көмегіне жүгінген жөн екенін мақұлдады. Сөйтіп, жиын соңында сараптамалық кеңестің мүшелері бірінші мәселені бірауыздан мақұлдады, ал екінші мәселе бойынша ұсынылған 4 нысанға қатысты сауалнама жүргізіп, соның нәтижесін есепке ала отырып жазбаша түрде жауап беру туралы шешім қабылдады.

Отырыста, сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар барысы мен көрсеткіштер жайы да талқыланды.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz