Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының сөзінше, ағымдағы жылы жазғы лагерьлерде 1-10 сыныптарда білім алатын 98 мыңнан астам оқушы демалады. Бұл аталған сыныптардағы оқушылар санының 98,8 пайызын құрайды. Оқушылардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында 557,8 млн. теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 375 млн. теңге бөлінсе, кәсіпкерлер 150 млн. теңгеге демеушілік жасаған. Кәсіподақтан 32 млн. теңге берілген. Осы орайда, аймағымыз балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша респуб-лика көлемінде алдыңғы қатарда екенін атап өту керек. Биыл өңірде балалардың жазғы демалысын қамту мақсатында түрлі типтегі 758 лагерь ашылады. Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ертіс ауданының мектепалды лагерьлерінде 15 күнге белгіленген сауықтыру орындары үш ауысым бойынша жұмыс істемек. Облыс орталығы мен қалған аудандарда 2 ауысым болады деп күтілуде. Мектепалды лагерьге жолдаманың орташа құны 7,1 мың теңгені құрамақ.

Биыл қала сыртында 12 балалар лагері жұмыс істемек. Оның 9-ы – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік. Қазіргі уақытта барлық лагерьде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қала сыртындағы демалыс орындарының балаларды қабылдауға дайындығын төтенше жағдайлар қызметі және қоғамдық денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары тексереді.

Жазғы демалысты ұйымдастыруда әлеуметтік қолдауға зәру балаларға басымдық беріледі. Яғни, жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, әлеуметтік қорғалмаған балалар жаппай оқыту қоры есебінен қамтылады. Бұл ретте мұндай көмек 16 мыңға жуық балаға көрсетіледі деп күтілуде. Ағымдағы жылы «Балаға жолдама сыйла» атты акция өз жалғасын табады. Бұл ретте демеушілер мен меценаттардың көмегімен жалпы сомасы 21,8 млн. теңгені құрайтын 358 жолдама беріледі деп жоспарлануда. Осы орайда, «Луганск» кәсіпорнының басшысы Петр Кузьменко оқу мен спортта зор жетістікке жеткен дарынды оқушылар үшін Ресейдің Сочи өңіріне 10 жолдамаға демеушілік жасады. «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александр Касицын 3 мектепалды лагерьдегі барлық оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін қаржылай көмек көрсетті. Мұндай көмекке ие болатын балалардың саны 310-ды құрайды.

«Жас дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығының базасында «Қазақ-camp» атты маусым да жалғасын табады. Аталмыш лагерьге «Қазақ қоғамы» қорының қолдауымен «Елге саяхат» жобасын жүзеге асыру мақсатында Моңғолия өлкесінен балалар келмек. Тереңкөл ауданындағы «Самал» лагеріне Ресей федерациясынан оқушылар келеді деп күтілуде.

Болат Жұмабекұлы балалардың жазғы демалысында қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қараған жөн. Өткен жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, маусым-шілде айларында 171 бала жапа шеккен. Бақилық болған 17 баланың 8-і суға батып кеткен. 48 бала жол-көлік оқиғасынан зардап шексе, 59 баланы күйік шалып, тұрмыстық электр құралдарынан жарақаттанған. 23-і түрлі дене соққысын алса, 6-ауы терезеден құлаған. Сондықтан Болат Бақауов осындай оқыс жағдайлар биыл да орын алмас үшін ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Бұл ретте балабақшаларда ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, балаларды терезеге жақындамауға үйрету керектігін атап өтті. Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегеновке өрт қауіпсіздігі мен шомылу маусымында сақтық шарасын бақылауға алуды тапсырды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz