Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері әуелі «Ұлы Даланың жеті қыры» атты арнайы әзірленген көрмені тамашалады. Кейіннен дастарқан басына жиналып, өткенге көз жүгіртті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірмановтың айтуынша, биылғы жылдың ерекшелігі - марапатқа ие болған қызметкерлердің көбі ауылдық жерлердегі мәдениет және өнер саласының қызметкерлері екен.

- Биыл біздің аймақ үшін мәдениет және өнер саласы бойынша жемісті әрі жеңісті жыл болып тұр. Оған дәлел - күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында осы атаулы күн аясында өткен «Рухани қазына» фестивалінде Павлодар облысы командалық есеп бойынша 1-орынды иеленді. Яғни 3 аталым бойынша өткен байқауда да біздің жерлестеріміз көш басынан көріне білді. Бұл қатарда Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкентану музейі «Ең үздік музей» атанып, 1 миллион теңгені еншілесе, «Шаңырақ» орталығының және Павлодардағы көзі нашар көретін жандарға арналған кітапхананың қос қызметкері де үздік деп танылып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Осыдан-ақ, аймақтық мәдениет және өнер саласының қаншалықты деңгейде дамып келе жатқанын көруге болады, - деді ол.

Мерекелік жиынның ресми бөлімінде облысымыздағы мәдениет және өнер саласының қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасына және Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, «Үздік аудандық кітапхана», «Үздік ауылдық клуб», «Облыстық мәдениеттің үздік насихаттаушысы», «Үздік ер адам рөлі», «Жыл әншісі» сияқты түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. Жүлдегерлерді марапаттаған облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов атаулы сала қызметкерлерінің еңбегіне тоқталып, мерекемен құттықтады.

- Өңірлік мәдениетті сақтап, өнерді дамытуда сіздердің қосып отырған үлестеріңіз орасан зор. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы ұлттық құндылықтарымыз сақталып, тарихи-мәдени мұраларымыз кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жетуде. Сіздерге алдағы уақытта да дәл осы қалыптарыңыздан танбай, елдің мәдениеті мен өнерін дамыту жолында аянбай еңбек етулеріңізді тілеймін, - деді А.Оралов.

Бұдан бөлек мерекелік кеш аясында аймақтың мәдениеті мен өнерін дамытуға қысқа ғана ғұмырында барынша үлес қосқан, алайда ортамыздан ерте кеткен марқұмдарды еске алды. Олардың қатарында бұрынғы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының бұрынғы басшысы Мұхтар Байжұманов пен актер Бекболат Оқасов бар.

Ал мерекелік басқосу қазақ эстрадасының жұлдызы Нұржан Қалжан және Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары қатысқан концерттік бағдар-ламамен жалғасты.


Нұрсұлу ТӨЛЕУБАЕВА, Екібастұз қаласы «Атамұра» мәдени орталығының директоры (ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды):

- Бас қалада өткен республикалық «Рухани қазына» фестивалінде «Атамұра» орталығы «Үздік мәдениет үйі» номинациясы бойынша министрдің Алғыс хатымен марапатталған едік. Енді, міне, облысымыздағы «Үздік қалалық мәдениет үйі» атанып отырмыз. Біздің ұжым үшін бұл - үлкен қуаныш. Бүгінде «Атамұрада» 117 қызметкер еңбек етеді. Сондай-ақ, 16 ауылдық жерде клубымыз бар. Әр жылда тұрақты түрде ақындар айтысын ұйымдастырып келеміз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz