К.Петров сайлау жөнінде заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгерістерге тоқталды. Бүгінде сайлаушылардың тізімін нақтылау ісі жүйеленіп жатқанын айтты. 2020 жылдың соңына дейін сайлаушылар тізімі бірыңғай ақпараттық жүйеге келтірілетін көрінеді. Сонда азаматтар сайлау бойынша мемлекеттік қызметті өздігінен алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйе сайлаушының тізімде қосарланып жүруінің алдын алады. ОСК өкілі заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті артқанын да атап өтті.

Сонымен қатар, 2017 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты ҚР Президенті сайлауына үміткерлер саяси партиялардан ғана емес, республикалық қоғамдық ұйымдардан да ұсынылғаны белгілі. Сөйтіп, биылғы саяси науқанға еліміздегі 7 саяси партияның төртеуі кандидат ұсынды. Бес үміткерге респуб- ликалық ұйымдар үміт артты. 9 кандидаттың 7-уі тіркеліп, бүгінде үгіт-насихат жұмыс-тарын жүргізуде.

Константин Викторович кезектен тыс Президент сайлауының өткізілу тәртібіне де тоқталды. Өйткені, қоғамда осыған байланысты түрлі пікірлер болғанын жасырмады. Айтуынша, кезектен тыс сайлау заңнамаға сәйкес кезекті сайлау сияқты өткізіледі, тек оның мерзімін орталық сайлау комиссиясы белгілеуге құқылы. Сондықтан да биылғы саяси науқан осы құзырет негізінде белгіленген. Бұл ретте, ОСК саяси науқанның басым бөлігін үміткерлердің үгіт-насихатына арнағандарын атап өтті. Сонымен қатар, биылғы сайлауда кандидаттарды ұсыну, тіркеу уақыттарының аяқталуы бұрынғыдай түнгі 00.00-де емес, жұмыс күні мерзімінде 18.00-де аяқтау құпталған.

Елордадан келген мейман саяси науқанның әрбір кезеңіне тоқталды. 8 маусым - тыныштық күні. Бұл күні ешқандай үгіт-насихат өткізілмейді. 9 маусым халық өз таңдауын жасаған соң 10 маусымда сайлаудың алдын ала қорытындысы шығарылады. Ал 16 маусым күні таңдалған Президент нақты тіркелетін болады. Яғни, соңғы қорытынды сайлаудың екінші кезеңін өткізу туындамаған жағдайда сайлау күнінен 7 күн өткеннен кейін шығарылады. Жиында ОСК өкілі сайлау комиссияларын ашық жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімінің аппарат басшысы Ағыбай Әмірин саяси науқанға аймағымыздың дайындығы турасында баяндады. Айтуынша, 543 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 23-і азаматтардың уақытша болу орындарында қызмет етеді. Былтыр жыл соңында жаңадан 12 учаске қосылған. Ал 33 учаске, кері-сінше, қысқартылған. Бұл кейбір шағын елді мекендердің оңтайландырылуына байланысты болып отыр. Олардың жұмысына 3567 адам жұмылдырылған. Әр учаске материалдық-техникалық тұрғыдан толық қамтылыпты. Сондай-ақ, учаскеге бара алмайтын азаматтардың конституциялық таңдау жасауын қамтамасыз ету үшін көшпелі жәшіктер сайлаушылардың үйлеріне жеткізілмек. Ал сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге ниеттенген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекшілер қарастырылмақ. Облыстың үш қаласында инватакси жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетпек. Табалдырығы төмен 130 автобус, алынбалы-салынбалы аппараты бар 17 трамвай қатынайды. К.Петров мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «біз өзіміз келеміз» деп айтқанның орнына, олардың өз қалауына құлақ асу қажет, деді. Яғни, учаскеге келуді құп көрсе, оның дауыс беру орнына еш кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік жасалуы керек. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, аймағымыздағы барлық сайлау учаскесі пандустармен қамтылған. Арнайы кабиналар да жабдықталған.

Бүгінде аймақтағы сайлаушылар тізімі сайлау учаскелеріне берілген. Нақтыланған тізім бойынша 551 мың облыс тұрғыны дауыс беруге құқылы. Сайлау күні өздерін тізімнен таппаған азаматтарға бірден мекенжай анықтамасын беретін мамандар әр учаскеде жұмыс істемек. К.Петров сайлаушылар тізімінің қаншалықты сапалы реттелгені сайлау күнгі сұраныс хаттардың санымен белгілі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ОСК төрағасының орынбасары үй-үйді аралап, мұғалімдер арқылы тізімді нақтылау тәжірибесінен толық алшақ болу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл жұмысты көші-қон полициясы арқылы пысықтауға болатынын еске салды. Сайлаушылар тізімінен кімде-кімді өзінің болсын өтінішімен алып тастауға болмайтынын да айтты. Айта кету керек, қазіргі таңда саяси науқанның әр кезеңіне бақылау жүргізетін ЕҚЫҰ халықаралық ұйымынан ұзақ мерзімге келген екі өкіл өңірімізде жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, жиында өңірімізде саяси науқанға тартылатын азаматтардың іс-әрекет алгоритмі пысықталды. Яғни, қандай жағдайда қалай жауап берілуі тиіс, қалай әрекет ету керек, бәрін мамандар түсіндірді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz