- Осыдан 25 жыл бұрын Қарулы Күштер құрылған тұста кадр мәселесінде қиындықтар болғанын жақсы білеміз. Неліктен осы саланы таңдадыңыз?

- Жасыратыны жоқ, күні кеше Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің Қарулы Күштерінің жұмысына күмәнмен қарайтын адамдар аз болған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған соң әскери сала да құлдырады деген пайым болды. Мамандардың дені ТМД аумағындағы өзге елдерде әскери қызметті жалғастыруды, запасқа шығуды құп көрді дегенді айтып жүргендер бар. Бірақ мұның бәрі жаңсақ пікір еді. ҚР Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев пен алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың көрегенділігі, сарабдал саясаты және мол тәжірибесі нәтижесінде мықты Қазақ әскері құрылды.

Менің әкем Асхат Шавкатұлы әскери салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етті. Біздің әулетті әскери қызметшілер динас-тиясы деуге де болады. Әкем «Отанды қорғау, елге адал қызмет ету – парыз» дегенді үнемі айтып, бала кезден санамызға сіңіріп өсірді. Сондықтан, мен де форма киіп, тұрғындардың тыныштығын қорғауды мақсат тұттым. Осы арман жетегімен заңгер мамандығы бойынша білім алып, Қарулы Күштер енді ғана жасақталған кезде еңбек жолымды бастадым. Алғашқыда бақылаушы болдым, ал 2000 жылдан бері 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарып келемін. Бастапқыда түрлі қиындықтар болғанымен, біз бәрін жеңе білдік. Әскери мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін.

- 25 жыл бұрынғы және қазіргі қазақ әскері арасында айырмашылық қандай?

- Әскери мүлікпен, заманауи материалдық-техникалық базамен, киім-кешекпен қамтылудан бастап қызметшілердің әлеуметтік жағдайына дейін оң өзгерістер болды. 1990 жылдары сарбаздардың оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін техникалар жетіспеушілігі байқалып, ауыртпалықтар кездессе, бүгінгі күні мұндай мәселе мүлде жоқ. Тәуелсіздік жылдарындағы ерекшеліктердің бірі – жастардың өз елімізде Отан алдындағы борышын өтеуі мен қызмет мерзімінің бір жылға қысқаруы.

Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған емес. Қарулы Күштерде алғашқы жылдары жалақы төмен болып, кейде уақытылы берілмейтін. Әріптестеріміздің басым бөлігі пәтер жалдап, үйден-үйге көшіп жүретін-ді. Соған қарамастан, өз ісіне адал жандар әскери бөлімдегі жұмыстан бас тартқан жоқ. Ал бүгінгі күні сол сынақтардың жемісін көріп отыр. Балаларымызды балабақшаға орналастыру, баспанамен қамту мәселелері оң шешім тауып, түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, мемлекет маған үш бөлмелі пәтер берді. Ел Үкіметінің тікелей қолдауымен өз пәтерінің кілтіне ие болған әріптестерім баршылық. Жалпы, қорғаныс саласын қаржыландыру айтарлықтай жақсарды.

- Соңғы жылдары енгізілген тағы бір жаңашылдық – ел арасында «40 күндік әскер» аталып кеткен жаңа жүйенің енгізілуі. Бұған көзқарасыңыз қандай?

- Әр азаматтың әскерде болуы – міндет. Әрине, кейбір жігіттер денсаулық немесе отбасы жағдайына байланысты босатылуы мүмкін. Десе де, Отан алдындағы борышты өтегені дұрыс. Бұл – өмірдің үлкен мектебі. Мұнда 18-19 жаста келген бозбалалар бір жылдан соң нағыз ер азамат болып шығады. 365 күн ішінде олар түрлі сынаққа қасқайып тұруды үйреніп, жігіттің бойында болуы тиіс қасиеттер мен қабілеттерді сіңіреді. Жауынгерлік іс-әрекеттің түр-түрін үйреніп, елін, жерін қорғауды үйренеді. Ал 40 күн – өте қысқа мерзім. Бұл аралықта барлығын меңгеру мүмкін емес. Әрине, сарбаздар дайындықтан өтіп, түрлі техника, құрал-дармен жұмыс істеуді үйренеді. Әйтсе де, бір жыл әскери бөлімде болғаны дұрыс.

- Ал сіз қызмет ететін 6679 әскери бөліміндегі сарбаздар нені үйренуде?

- Менің қарамағымдағы сарбаздар түзету мекемелерін күзетеді. Оларға оқыс оқиғалар, төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін үйретеміз. Ол үшін тұрақты түрде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте айта кететін жайт, қазіргі кезде осы бағыттағы істерді атқаруға толыққанды мүмкіндік бар. Тиісті құралдар, заттар, киімдер – бәрі жеткілікті. Ал осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын мұндай жаттығуларды ұйымдастыру оңай болмайтын. Бүгінде 6679 әскери бөліміндегі сарбаздардың спортпен шұғылдануына да жағдай қарастырылған. Олар қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырын, әдістерін меңгереді. Жоспарға сәйкес, әскери нормативтер тапсырады. Бір сөзбен айтқанда, біздің жігіттер шымыр, мығым, қай жағынан да мықты.

- Көпшілік сізді әскери қызметші ретінде ғана емес, ерлігімен көзге түскен азамат ретінде де таниды. Былтыр облыс орталығында әже мен немерені қиындықтан құтқарып қалғаныңызды жұртшылық әлі ұмытқан жоқ...

- Былтыр 3 қазан күні жұмыстан шығып, үйге бара жатқанымда 1 Май-Лермонтов көшелерінің қиылысында асфальт опырылып түскенін байқадым. Тереңдігі 3 метр болатын шұңқырға 4 жасар қыз бен әжесі құлап кеткен екен. Жүк салғыштан көлік сүйрейтін шынжырды алып, екеуін шығарып алдық. Кейін тиісті органдарға хабарладық. Осы оқиғадан кейін көпшілік танып, сый-құрмет көрсетіп жатты. Меніңше, бұл ерлік емес. Менің орнымда басқа адам да осындай қадамға барар еді. Осы орайда жылдам әрекет етіп, шешім қабылдауыма әскери салада қызмет етуім, 25 жылға жуық уақыт аралығында жинаған тәжірибем мен дағдыларымның көмектескені рас.

- Жоғарыда «әскери династия өкілдеріміз» дегенді айтып қалдыңыз. Ал балаларыңыз әке жолын таңдады ма?

- Жұбайым Надежда екеуіміз Тимур және Алина есімді ұл-қызды тәрбиелеп отырмыз. Ұлым жоғары оқу орнында бағдарламашы мамандығы бойынша білім алуда. Ал қызым мектеп қабырғасында оқиды. Балаларыма «әскери салада қызмет етуге тиіссіңдер» деген талап қоймаймын. Қазақстанның нағыз патриоты, елінің мықты азаматы болса болғаны.

- Қиын да жауапты қызметіңізге табыс тілейміз...

- Барлық ер азаматты Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт өмір мәңгілік болсын!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz