100 млрд. теңгеден асады

2011 жылы жұмысын бастаған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының бүгінгі қарқыны ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сегіз жыл аралығында мұнда химия, мұнай-химия және металлургия бағыттарындағы 10 кәсіпорын ашылып, импортты алмастырып қана қоймай, «Made in Kazakhstan» өнімдерін сыртқа экспорттап отыр. Ал биыл әлемдік нарық ауқымы кеңейіп, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Корея, Польша және Италия елдеріндегі кәсіпорындар да павлодарлық өнімдерді пайдаланатын болды. Сөйтіп, экономикалық аймақта шығарылған өндірістік заттар дүние жүзінің 20 мемлекетіне тарайды. Бұл – жоғары жетістік!

Жалпы, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы дамудың тетігі ретінде үш негізгі бағытты қарастырып отыр. Олар – жаңа жобалармен жұмыс, инфрақұрылымды дамыту және маркетингтік стратегия.

Алдымен жаңа жобаларды жүзеге асыру барысына тоқталсақ. Биыл «Павлодарда» 15 жоба бастау алып, оның жетеуі осы жылдың өзінде-ақ іске қосылмақ. Қалғаны келесі жылы жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Биыл қолға алынатын ауқымды жобалардың бірі - қоспалы алюминийден фольга және профиль дайындау өндірісі. Осы істі бастауға ниетті «KazFoil» компаниясы бір ай бұрын арнайы экономикалық аймақтың резиденті атанды. Қазіргі таңда жер ресімделіп, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Маусым айының соңында зауыттың құрылысы басталып, осы жылдың қазан айында өнім шығаруға кіріседі. Алдымен фольга, кейін профиль өндірісін жүзеге асырмақ. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд. теңге.

- Статистикалық деректер бойынша, жыл сайын елімізде құны 30 млн. АҚШ доллары болатын фольга мен одан жасалған өнімдер сатып алынады. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бұл бағыттағы кәсіпорынның ашылуы біріншіден импортты алмастырады, екіншіден қарапайым заттар экономикасын дамытуға тың серпін береді. Одан түрлі салада қолданылатын дүниелер шығаруға болады. Мәселен, алюминий фольгасы ас үйде, арнайы киім тігуде, бөтелкелер өндірісінде жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, бұл компаниядан күтеріміз көп, - дейді «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиев.

Қазан айында іске кірісетін кәсіпорын жылына 13 мың тонна фольга өндіруді жоспарлап отыр. Өнімді сатылымға шығарар нарық әзірше нақты анықталған жоқ. Бүгінгі таңда Түркия мен Польшадағы кәсіпорындарға экспорттау мәселесі қарастырылуда. Ал шикізатты «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «Giessenhaus» зауытынан алмақ.

- Былтыр біздің кәсіпорын 18 мың тонна сұйық алюминий өндірді. Жыл басынан бері ай сайын 500-700 тонна өнім шығарып келеміз. «KazFoіl» компаниясы өз өнімін дайындау үшін бізден қанша шикізат алары белгісіз. Бірақ, сұраныс көлемі қанша болса да біздің қоспалы алюминиймен қамтуға қауқарымыз жетеді. Ол үшін қуаттылықты арттырудың қажеті жоқ, - дейді «Giessenhaus» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Руслан Ибраев.

Айта кетелік, аталмыш зауыттың өзі де биыл алюминийден профильдер, отқа төзімді материалдар өндіруді ойластырып отыр. Одан бөлек, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «СНН» компаниясы бұл өндіріс орнының өнімінен жылына 12 секция радиатор шығармақ. Сөйтіп, бұған дейін «Giessenhaus»-тың қоспалы алюминийін «Вектор-Павлодар» ЖШС ғана көлікке арналған дөңгелектер дайындау үшін пайдаланса, енді оның қатарына фольга мен профиль өндіретін «KazFoіl» және радиатор өндірісін бастайтын «СНН» компаниялары қосылды.

Жалпы, биыл «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барлығы 30 млрд. теңгеден астам инвес-тиция тартылмақ. Сөйтіп, 8 жыл аралығында құйылған қаржының жалпы көлемі 100 млрд. теңгеден асады. Діттеген бұл меже орындалса, «Павлодар» биыл да еліміздегі ең тиімді экономикалық аймақ атанбақ. Өйткені, өзге арнайы экономикалық аймақтардағы жалпы инвестиция көлемі 100 млрд. теңгеден едәуір аз.

Еске сала кетейік, өткен жылды «Павлодар» 65 млрд. теңге инвестициямен қорытындылаған еді. Ал республикалық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Сөйтіп, мемлекеттің 1 теңгесіне 13 теңге жеке инвестиция тартылды. Ал биыл ел қазынасынан 5 млрд. теңге қарастырылды. Әзірше бюджеттік 1 теңгенің орнын кәсіпкердің 12 теңгесі толтырып отыр. Жыл соңына дейін жаңа жеті жоба жүзеге асатынын ескерсек, былтырғы көрсеткіш орындалуы тиіс. Сонымен қатар, аймақта шығарылатын өнімнің жалпы сомасы 70 млрд. теңгеден 120 млрд. теңгеге дейін артып, жаңадан 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл - «Павлодар» АЭА нәтижелі жұмыс істейтінінің тағы бір дәлелі.

Инфрақұрылым

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы зауыттарды тиісті инфрақұрылым жүйелерімен қамту мәселесі соңғы жылдары аса өзекті болды. Бұл жайт кәсіпорындардың қалтқысыз қызмет етуіне кері әсерін де тигізбей қоймады. Қуантарлығы, өткен жылдан бастап бұл бағыттағы жұмыс оң жолға қойыла бастады. Бұған дейін мұнда тек 3 инфрақұрылым нысаны тартылса, былтыр олардың қатарына тағы төртеуі қосылды. Осы жылы теміржол, ауызсу, кәріз жүйесі, ішкі жол салынып, кеден терминалы жарықтандырылмақ. Барлығы 7 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен шамамен 2 млрд. теңге бөлінді.

- Инфрақұрылымды жақсарту – жұмысымыздың екінші бағыты. Зауыттардың тоқтаусыз жұмыс істеп, инвесторлардың көптеп келуі үшін бұл аса маңызды. Осы жайтты ескере отырып, биыл инженерлік коммуникациялар желілерін арттырмақпыз. Нәтижесінде 1200 гектар жердің 60 пайызына инфрақұрылым жүргі-зіледі, - дейді А.Тұрсынғалиев.

Басқарма төрағасының айтуынша, жарықпен қамтуға қатысты түйткіл жоқ. Қазіргі уақытта 20 мегаВатт электр қуаты бос. Бір кәсіпорын орта есеппен 1-2 мегаВатт электр энергиясын пайдаланады десек, бұл биыл басталатын 15 жобаны жарықпен қамтуға жеткілікті. Соған қарамастан, болашақта зауыттардың өз қуаттылықтарын арттырып, кеңейетінін ескере отырып, келесі жылы қуаты 60 мегаВатт болатын қосымша станция салу жоспарлануда. Оған қажет қаражатты республикалық бюджеттен бөлу үшін тиісті өтініш дайын.

«Павлодар» - бренд!

Шыны керек, бұған дейін «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы туралы шетелдік инвестор түгілі еліміздегі кейбір кәсіпкерлер біле бермейтін. Ал өткен жылдың мамыр айында «World free zones Organization» дүниежүзілік ұйымының мүшесі атануы арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Араға тура бір жыл салып, осы жылдың мамыр айында, аталмыш дүниежүзілік ұйымның Орталық Азиядағы өкілі атанды.

- Біз маркетинг бойынша кең ауқымды жұмысты бастадық. Себебі, бізді бәрі бірден білсе дейміз. Бұл ретте «World free zones Organization» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі ретінде таңдалуымыз абыройымызды асқақтата түсті. Аталмыш ұйым бір жыл бойы біздің даму қарқыны-мызды, менеджментімізді, заңдар мен жеңілдіктерді, шикізаттық базаны - барлығын саралап, бағалады. Сөйтіп, бұл аталымға үміткер болған 30-дан астам экономикалық аймақтың қатарынан үздік деп таныды. Бұл - тұтас Қазақстан үшін үлкен олжа! Сол арқылы еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың әлемнің өзге ұйымдарымен иық тірестіре алатынын дәлелдедік, - дейді А.Тұрсынғалиев.

Сол сияқты өткен жылы танымал британдық басылым – fDiMaqazine (ForeignDirectInvestment) нұсқасы бойынша «Үздік ресурстық-шикізаттық база-2018» аталымында жеңімпаз болды. Бұл – үздік сарапшылар мен бизнес саласындағы зиялы қауымның бағасы. «Павлодар» АЭА биыл да аталмыш рейтингте бағын сынап көрмек. Былтырғы жетістікті қайталай алса, инвестициялық әлеуеті арта түсері анық.

Осы іспетті әлемдік деңгейдегі шараларда төбе көрсетуі шетелдік кәсіпкерлермен байланыс орнатуда маңызды құрал болып отыр. Италиялық және кореялық әріптестермен өзара келісімдердің жасалуы – соның айқын айғағы. Айталық, Италияның ірі ұлттық компанияларының бірі - CHIMEC S.p.A. отандық «KazMunaiHim» кәсіпорнымен бірлесіп, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында химиялық реагенттер мен отын қоспалары өндірісін ашпақ. Сөйтіп, дүние жүзіндегі іргелі өндіріс орындарының бірі саналатын беделді компанияның технологиясы Қазақстанға енгізілуде.


Түйін: Осылайша, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы еліміздегі тиімді инвестициялық алаңға айналудың амалдарын жасауда. Жаңа жобаларды бастап, экспорт аясын кеңейтіп, инфрақұрылымды дамыта түсті. Негізгі бағыты – мұнай, мұнай-химия және металлургиямен шектеліп қалмай, қарапайым заттар экономикасын дамытуға да бейілді. Ол үшін тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс пен берік байланыс қажет.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz