Соңғы уақытта өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аз шаруа атқарылған жоқ. Ғалымдар мен өлкетанушылардың, көптеген меценат-тардың көмегімен ауыл-аймақтарда жұртшылықты ата-баба тарихын кеңірек білуге, ұлттық, отбасылық құндылықтарды тереңнен түсінуге жетелейтін оң істер жасалды. Көпшілікке беймәлім тарихи тұлғалардың есімдері қайта жаңғырып, өңірлердегі қасиетті орындарды реттеу жүйелі түрге көшті. Ең бастысы, қазақ халқының өзіне тән ұлттық келбетін, ерекшелігін, салт-дәстүрі мен өнерін паш ететін дүниелер өзге ұлтқа танытылды.

Аймақта атаулы бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша өңірлік сарап-шылық кеңес жұмыс істейтіні мәлім. Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен аталған кеңестің кезекті отырысы өтіп, аудан-қалалардан жиналған атқарушы билік өкілдері бағдарлама бойынша жаңа жобаларын талқылауға ұсынды. Бірден айтып өтелік, сарапшылардың назарына ұсынылған жалпы саны 40-тан астам жобаның ішінде тың жаңалығымен айрықшаланған жобалар некен-саяқ. Көбі - бұған дейін белгілі болған дүниелер. Ал енді бірі жылдар бойы созбаққа салынған, көкейтесті мәселелерді осы бағдарламаға ретін тауып енгізіп, аяқтауға үмітті. Мұны кеңес мүшелері де жақсы білетіні жасырын емес. Десе де, мұндай жобалар жеке қаражаттар есебінен атқарылатыны белгілі болған соң әрі олардың басым бөлігі ауылдықтардың мұқтаждығын өтейтіндігін ескерген кеңес мүшелері баяндамашыларды аса қыспаққа алмады. Арасында кейбір жобалар жаңашылдығымен көзге түспей қалмағанын айтып өткен де абзал болар.

Мәселен, Екібастұз қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Зинаида Мұхаметжанова таныстырған Ақкөл-Жайылмадағы Исабек Ишан кесенесінің маңын абаттандыру, шаһарда этно-фольклорлық ансамбль құру және Бауыржан Момышұлы атамызға ескерткіш орнату жобалары көңілден шықты. Былтыр көмірлі қалада бір көше Момышұлының есімімен аталған. Енді батырдың мүсіні сол көшеден орын теуіп, көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа қазақ халқының қаһармандық символы ретінде кеңінен таныла түспек. Бұл өз кезегінде жастарды ұлт батырларын біліп өсуге, патриот азамат болып қалыптасуға жетелейді.

Ал Аққулы ауданынан ұсынылған «Тұз city» жобасы ондағы тұздыкөлге келушілердің санын көбейтуге, нәтижесінде туристер санын молайтуға септігін тигізбек. Ол жерге барып демалушыларға киіз үйді жалдау қызметі, атқа міну, бассейнге түсу, балалардың ойын алаңы, биенің саумалымен емдеу шарасы ұсынылмақ. Жергілікті кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы алған 6 млн. теңгені және өзінің жеке 6 млн. теңгесінің басын құрап, жазда көл жағасын жайнатып жібермек ойда. Кеңес мүшелері бұл жақсы бастамаға береке тіледі. Кейбір аудандарда бұған ұқсас жобалар баршылық, бірақ олардың көздегені аса ауқымды емес екен.

Қаржылық мүмкіндігі мол Павлодар қаласының атқамінерлері Естай Беркімбайұлына әншінің өз атымен аталатын мәдениет үйінің алдынан зәулім ескерткіш орнатып, ғимарат ішінде мұражай ашпақ ойда. Жалпы Естайдың ескерткіші біраз уақыттан бері сөз болып келе жатыр. Шаһар басшысының орынбасары Саян Мұқановтың айтуынша, қазір бұл жоба қызу қолдауға ие, сондықтан көпке ұзамай орындалып қалуы ғажап емес. Бұған қоса П.Васильев атындағы кітапхана негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қалалық жобалық офисі жабдықталмақ. Заманға сай көрнекі құралдармен қамтылатын мекеменің жобалық құны - 35,9 млн. теңге. Қала билігі ұсынған жобалардың ішіндегі ең маңыздысы - 250 орынға шақталған балабақша мекемесі. Балғындарды бірнеше тілде тәрбиелеуге мүмкіндік беретін орталық жеке қаржыға жарақталуда. Шамамен 364,5 млн. теңге жұмсалады. Атап өтелік, мекеме бұрынғы «Стикс» мектебінің ғимаратында ашылмақ. Облыс әкімі Болат Бақауов балабақша Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне дейін пайдалануға берілсін деген тапсырма қойып отырған көрінеді. Қала билігінің өкілдері нысанның белгіленген мерзімде аяқталуына күш салатындарын жеткізді.

Бүгінде Баянауыл ауданынан Қазақстанның киелі орындары картасына 4 бірдей тарихи орынның еніп отырғаны мәлім. Олар - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Жасыбай батыр зираты және Қоңыр әулие үңгірі мен Ақкелін тарихи-мемориалды кешені. Бұл өңірде өлкенің бай тарихын жақсы білетін білікті гидтердің саны 2-еу ғана екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан билігі жазда ерікті жастарды жинап, қасиетті орындар жайлы түрлі семинар-оқулар өткізбек. Бұл өз кезегінде маман мәселесін шешуге мүмкіндік жасайды.

Асхат Оралов Баянауылдың облыс бойынша тарихы мен географиялық орналасуы жағынан айрықша өңір екенін айта келіп, жер жаннатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша дамытудың жеке бағдарламасын әзірлеуге ұсыныс жасады. Сарапшылық кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, алдағы уақытта оған өз көмектерін көрсетуге әзір екендерін танытты.

- Көріп отырғанымыздай, жобала- рыңызда тұлғалар атындағы мұражайларды жабдықтау, ескерткіштер тұрғызу секілді мәдени-танымдық тұстар көп. Бұлардың барлығы біздің өшкен тарихымызды тірілту үшін өте қажет, - деп атап өтті А.Оралов. - Дей тұрғанмен, мұндай жерлерді келешекте жас буынның өз еркімен жиі баратын орындарына, яғни патриоттық қайнарларға айналдыруымыз керек. Мұражай-музейлерді ашып қоя салу мақсат емес. Оларды құндылық көзіне айналдырып, ұрпақты тәрбиелеудің құралын қалыптастырсақ, құба-құп. Түптеп келгенде, бұл барлығымызды ойландыратын мәселе болуы тиіс. Сондықтан осы жағына маңыз беріп, нақты бірізді жоспарлар әзірлеуіміз керек.

Асхат Раздықұлының сөзінше, Қазақстан бойынша небары 5 ескерткіш халықаралық ЮНЕСКО ұйымының қарауына алынған. Бұл тізімді кеңейтуге Павлодар облысының мүмкіндігі мен әлеуеті жеткілікті. Ең бастысы, жергілікті бағдарлама әкімшілері ғалым-оқымыстылармен тізе қосып, әр істе ұлт құндылықтарын жоғары қойып жұмыс істесе абзал. Аудан-қалалардағы рухани істерге ұйытқы болып отырған қорлар кез келген жобаны қаржылай қолдамас бұрын оның қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделгеніне көз жеткізуі керек. Қысқасы, саннан сапаға көшіп, әр жоба ұлттық болмысымызды нығайтудың өзегі болып қалануы тиіс.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz