Бүгінгі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде туризм мамандығы бойынша білім алатын Мәдина кім? Оның алдағы жоспары қандай?

Бас қалада Nomad City Hall концерт залында өткен «Қазақстан аруы - 2019» байқауының финалында жеңіске жеткен Мәдина қазірден бастап «Әлем аруы» додасына дайындықты бастап кеткен. Ол еліміздің әр түкпірінен жиналған 32 арудың арасынан суырылып алға шықты. Нәтижесінде жеңімпаз қыз қымбат бағалы тастармен көмкеріліп, інжумен безендірілген тәждің кезекті иесі атанды. Сонымен қатар Мәдина 3 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа, Парижде жоғары сапалы брендтермен жарнамалық келісімшартқа, шопинг жасауға және «Әлем аруы» байқауына қатысуға берілетін жолдамаға ие болды.

- Мен 1999 жылы дүниеге келдім. Кішкен-тайымнан өнерге жақын болып өскенмін. Небары 14 жасымда Май ауданындағы Байғабыл Жылқыбаев атындағы өнер мектебінен хореографиялық білім алып шықтым. Кейіннен Павлодар қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №22 мектептен 11-сыныпты тәмамдап, былтыр С.Торайғыров атындағы ПМУ-ге туризм мамандығы бойынша оқуға түстім. Болашақта таңдаған мамандығым бойынша еңбек етіп, Қазақстан туризмін дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бұл мамандықты таңдауыма бала кездегі арманым әсер етті. Яғни, әлемнің барлық елін аралауды алдыма мақсат етіп қойған болатынмын, - дейді «Қазақстан аруы».

Мәдина аталмыш байқауға дейін өткен жылдың соңында «Павлодар аруы - 2018» байқауына қатысып, 60 қыздың ішінен дара шығып, республикалық сынға жолдама алған болатын. Үлкен додадан жеңіспен оралып отырған ару қыз бұған дейін Павлодар намысы үшін күрескен болса, енді Қазақ елінің көк байрағын Парижде желбіретуді мақсат етіп отыр.

- Мені «Қазақстан аруы - 2019» байқауы- ның қорытындысы шығарылып, тәж иесінің есімін атайтын сәт ерекше толқытты. Байқауға қатысқан әр қыз жеңістен үмітті болды. Себебі, бәрі де осал қарсыластар емес еді. «Гран-при иесі» деп менің есімім аталған сәтті ешқашан ұмытпаспын. Ол - менің ең бақытты кездерімнің бірі. Негізі кез келген адам жақсылыққа үмітті, жеңіске деген құштарлығы басым болса, міндетті түрде көздегеніне жетеді деп ойлаймын. «Қазақстан аруы» атану менің бала күнгі армандарымның бірі болатын. Сол арман алға жетеледі десем қателеспеспін. Ендігі кезекте «Әлем аруы - 2019» байқауы тұр. Осындай айтулы үлкен додада ел намысын жоғары деңгейде қорғап, лайықты өнер көрсетуім керек. Себебі артымда маған сенім артып, менің жеңіспен оралуымды қалайтын қасиетті Қазақ елі тұр, - дейді Мәдина.

Ақын Жұбан Молдағалиевтің:

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған.

Қыз өссе - елдің көркі деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам...»

деген өлең жолдары «Қазақ аруы - 2019», «Қазақстан аруы -2019» байқауында аймақ намысын қорғап, жүлдемен оралған Сәния мен Мәдинаға арналғандай. Осы сәтте «Әлем аруы - 2019» байқауына Қазақстан атынан қатысатын жерлесімізге сәттілік тілейміз!

Қысқаша мәлімет:

• Туға күні: 08.06.1999 ж.

• Бойы: 178

• Қызығушылығы: Жеңіл атле-тика, теннис және фитнеспен айналысады.

• Арманы: Табысты адамдардың қатарында болу. Әлемнің барлық қалаларын аралау.

• Барғысы келетін ел: Италия.

• Сүйікті фильмі: «Бақытты іздеу жолында».

• Сүйікті орындаушысы: Lana Del Rey.

• Хоббиі: Суреттер жинау.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz