Парламенттегі тыңдаулар Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесінен басталды. Көрмеге облысымыз- дың «Рубиком», «Айсберг ПВ», «МолКом» және «Сағып» ЖШС-і сияқты кәсіпорын-дары қатысты. Аймақ басшысы өңірде етті және сүтті мал шаруашылығына айтарлықтай көңіл бөлінетінін айтты.

- Етті мал шаруашылығы саласында біз салалық құрылым жасаумен айналысамыз. Яғни, отбасылық фермалар, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдарын құрып, етті терең өңдеуге көңіл бөлеміз, - деді Болат Бақауов. – Облыста жалпы қуаттылығы 13,4 мың бас малға арналған бордақылау алаңдары бар. Осы жылы 10 мың басқа арналған екі инвестициялық жобаны қолға алдық. Бұл өз кезегінде өңірдің өнеркәсіптік бордақылау алаңдарына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.

Сүтті мал шаруашылығына келетін болсақ, өңірде жалпы қуаттылығы 10 мың бас малды құрайтын 28 ірі және орта тауарлы сүт фермасы бар. Ағымдағы жылы облыста 3,4 мың бас малға арналған 6 тауарлы сүт фермасын іске қосу және кеңейту жоспарланып отыр.

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында тірі салмақтағы 96,5 мың тонна ет және 382,1 мың тонна сүт өндірілді, - деп атап көрсетті әкім. – Шикізат өндірісінің артуы сүт және етті өңдейтін кәсіпорындар санының ұлғаюына әсер етеді. Өткен жылы ет экспорты жоспардағыдан асып түсіп, 3,8 миллион АҚШ долларына 1350 тонна ет шет елдерге шығарылды. Үстіміздегі жылы біз бұл көлемді екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз.

Даму перспективаларымен қатар, облыс әкімі шаруаларды толғандыратын күрделі мәселелерді де атап өтті. Олардың алғашқысы – ауыл шаруашылығының дамуына теріс әсер ететін мемлекеттік субсидиялау бағдарламалары ережеле-рінің жиі өзгеруі. Сонымен қатар, Болат Бақауов сапалы жем-шөп базасының қажеттілігіне назар аударды. Анықталғандай, өңірдегі суармалы егіншілікке арналған инфрақұрылымның қуаты толық жүктемеде жұмыс істеп тұр және ол 70 мың гектар жерді ғана қамтамасыз етіп отыр. Өңірде құрылып жатқан бірнеше жоба қосымша 50 мың гектар жерді суармалы алқаптарға айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде тиісті құжаттар қажетті қаржыландыруды алу үшін «Қазсушаруашылық» РМК мен ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz