Ақынға арналған әдеби кеште «Көркем сөз иесі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, еңбек ардагері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов ақынға арнаған өлеңін оқып, шығармашылығы туралы айтты, ақсулық оқушылар өлеңдерін оқып, өнерпаз домбырашы Самал Әміржанқызы күй орындап берді.

...Қазақ әдебиетінің төрінде «Бозторғай ақын» деген атпен қалған Сәбит Дөнентаев шығармашылығы әр қилы. Ақын туындыларын кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Дихан Әбілев сынды қаламгерлер жоғары бағалағанмен, шығармалары кеңінен насихатталмады. Бұл түсінікті де еді. Сәбит ақын өмір сүрген қоғам құбылмалы болу себебінен еңбектері ғылыми тұрғыдан зерттеле қоймады. Дей тұрғанмен, мектеп оқулықтарына «Көркемтай», «Ұмытылмас», «Бозторғай» сынды бірен-саран туындылары енгізілді. Кейінгі жылдарда ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің қолға алуымен біраз іс атқарылды.

С.Дөнентаев кезінде қазақ баспасөзінің астанасы саналған Семейде «Қазақ тілі» газетінде қызмет етті, 2 жыл Қаныш Сәтбаевпен бірге халық соты қызметін атқарды. Ол өз заманының шешімін күтіп тұрған әлеуметтік мәселелерді - мезгіл мінезін, дәуір шындығын көтерді, публицистикалық мақалалар жазды, жастарды газет ісіне баулыды. Балалар әдебиетіне де қалам тартумен қатар, сықақ, мысал жанрының дамуына үлес қосты. Ол көзінің тірісінде тек бір ғана «Уақ-түйек» атты кітабын шығара алды, бірнеше өлеңдерін жинастырып, кітап қылуға екі рет ниеттенгенімен, ойы жүзеге асқан жоқ. Бірақ қайтыс болғаннан кейін 1935, 1950, 1958 жылдары жинақтары шықты. Одан кейін араға 30 жыл салып, 1989 жылы «Бозторғай» және «Ұрпағыма айтарым» атты өлеңдері мен мақалалары кітап болып басылды. Оған қызы Сәулет те үлес қосты. Ақын 1933 жылы 23 мамырда Семейде дүниеден өтті. Сол қаладан мәңгілік тұрағын тапты. Аз ғұмырында соңына мол мұра қалдырды.

- Біз Сәбит Дөнентаевтың шығармаларын мектепте оқыған ұрпақпыз. Ал ең алғаш Сәбитті тануыма ұстазым Қайым Мұхаметқанов себеп болды, - деді сөзінде Серік Елікбай. - Қайым ағамыз ақынның зираты туралы айтқан еді. «Семей қаласының шеткері тұсындағы татар зиратына көп қазақ жерленді. Мұхтар Әуезов Семейге келген бір сапарында, қасында мен де бармын, сол зиратқа бардық. Сонда сол араға жерленген бірер адамдар туралы айтты, біреуді еске алып жылады, Сәбит туралы да күрсіне кеңінен әңгімелеген еді» деген болатын. Сәбит – қазақ әдебиетінің классигі, ол ешбір бағытқа кеткен емес, саясатқа да барған жоқ, уақыттың да сойылын соққан жоқ. Ол қазақтың тап өзіндей қоңырқай дүниелі, халықтың мұңын мұңдаған адам болды. Ұстазым Тұрсынбек Кәкішев «Сәбит – зерттеушісіз қалған ақын» деп маған Сәбит ақын әлемін зерттеуіме, докторлық еңбек жазуыма кеңес берді. Сәбит – кең құлашты қаламгер, оның «Көркемтайы» қазақ прозасындағы лирикалық бағыт, - дей келіп, оның әр саладағы шығармаларына тоқталды.

Сәбит Дөнентаевтың туған жері - Ақсу қаласы М.Омаров ауылдық кеңесіне қарасты №3 бөлімше. Айта кету керек, жерлестері ақын есімін есте қалдыру мақсатында сонау тоқсаныншы жылдардың басынан бері бірталай іс атқарды. Сол жылдарда Ақсуда басшы болған Қуат Есімханов, басқа да жергілікті жердегі азаматтардың ұйымдастыруымен ақын мерейтойлары аталып өтті, шығармалары азды-көпті насихатталды. Бұл туралы Мәдениет Омарғалиев:

- 1994 жылы Сәбит Дөнентаевтың 100 жылдығы айрықша ұйым-дастырылды. Көл жағасында сахналық көрініс қойылып, Алматыдан белгілі ақын-жазушылар шақырылды. Қызы Сәулет отбасымен келді. Сол кезде көпшілік Сәбит ақынның шығармаларымен жақынырақ танысты. Содан бері ақынның туған жерінде мерейтойлары аталып өтуде, есімін ел есінде қалдыру мақсатында Ақсудағы мәдениет сарайына, көшеге және Құркөл ауылының мектебіне есімі берілді. Жыл сайын мектеп, кітапханаларда Сәбит Дөнентаев шығармалары насихатталады. Биылғы мерейтойына орай ақынның туған жерінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр, - деді.

Осы арада айта кетейік, 2013 жылы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде Семейдегі ақын зиратының аяқасты, қоқыстың ортасында қалғаны туралы «Жатқа жадағай, жақынға одағай ма едік?» атты мақала жазылып, мәселе көтерілді. Бұл көпшілікті сілкіндірді, ой салды. Сол кездегі «АстанаТеміржолСу» АҚ-ның президенті Қуат Есімханов бастаған азаматтар ақын туған ауылдың тұсына белгітас орнатып, оған: «Бұл жерде қазақтың ақыны Сәбит Дөнентаев туған» деп жазылды. Ақын зираты тазартылып, семейлік, павлодарлық әріптестерімен бірлесіп, зиратын қызыл кірпіштен қалап, күмбездеп, мұсылман жолымен Ай орнатты, жан-жағы асфальтталды, Семейде дұға бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ редакцияда «Көркем сөз иесі көлеңкеде қалмасын» деген атпен зиялы қауым арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда ақын шығармашылығын насихаттау үшін оқушылар арасында жыл сайын «Сәбит оқуларын» өткізу, ақын еңбек еткен Семейдегі білім ордалары мен Павлодар білім ордаларының байланысын нығайту, кітабын шығару қажеттігі туралы ұсыныс-пікірлер айтылған-ды. Сол кездегі Павлодар педагогикалық институтының (қазіргі ПМПУ) ректоры ғалым Нұрғали Аршабеков уәдесінде тұрып, семейлік ғалымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өткізді, кітабын жарыққа шығарды. Сәтін салса, биыл да бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ. Айтайық дегеніміз, қаламгердің 125 жылдық мерейтойында «Сәбит оқулары» облыстық деңгейде өткізіліп, Серік Елікбайдың қаламгер жайлы жазған еңбегі жарыққа шықса, облыс орталығындағы көшелердің біріне есімі берілсе, оң болар еді. Ақын шығармашылығын жақсы білетін шығармашылықпен айналысатын оқушыларды, жастарды, сол істерге ұйытқы болған ақынның бүгінгі жерлестерін Семейге апарып, ақын жүрген жерлермен таныстырса, Абайдың мемориалды музейін аралатса, тіпті Жидебай жаққа жол тартса да артық болмас еді. Тағы бір мәселе - М.Омаров ауылының аумағында Сәбит ақын тұрған үйдің орны бар дегенді естідік, сол жерге де бір белгі қойып, аумағын қоршап, қамқорлыққа алса... шетелдіктер айдаладан өткен ғасырдың бір тостағанын тауып алса, әспеттеп, сол жерге музей тұрғызуға әзір. Оның жанында біздің даламыздағы тарих дегеніңіз телегей теңіз емес пе?! Сәбит Дөнентаев сынды біртуар талант иесін тек мерейтойында ғана еске алмай, жыл сайын ескеріп, балалар мен жастар арасында насихаттап отыру бүгінгі аға ұрпақтың парызы секілді.

Сәбит Дөнентаев - қазақпен бірге жасайтын, ертеңгі күндерге де баратын ірі классик ақын деп білеміз.

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz