Ұлт басына түскен қасіретті көзбен көрген, сол зобалаң жылдар жаңғырығы туралы сүбелі әңгіме айтатын ақсақалдардың қатары сиреп барады. Дегенмен, осы тақырыпта зерттеу жүргізіп, қазалы жылдар запыранын қағаз бетіне түсіріп кеткендер бар. Солардың бірі – елімізге белгілі балалар ақыны, журналист, өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалинов. Ақынның «Әйгілі аудан – Ертісім» деп аталатын кітабының бір бөлімі осы аштық тақырыбына арналған. Сонымен қатар, ақын, журналист, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Самат Мәненұлының ашаршылыққа арналған «Қазаннан желтоқсанға дейін» деген поэмасы бар. Кезінде аштықтың қазаққа әкелген қасіреті және сол уақыттағы Ертіс ауданы туралы толғаған шоқтығы биік туынды бұл да. Самат ағаның айтуынша, Ертіс ауданы орталығының маңайында аштықтан қайтыс болған адамдарды жерлеген зираттар мен құдықтар көп. Кейінгі жылдары оның кейбірі қоршауға алынып, арнайы белгі тұрғызылса, кейбірі төмпешік күйінде ғана жатыр. Тіпті, жермен-жексен болып, жоғалып кеткендері де бар. Мысалы, Ертіс пен Қарақұдық ауылы арасындағы Деревян құдығы және Оспан құдығы деп аталатын екі құдықтың ішіне екі жүзге тарта адам көмілген деген мәлімет бар.

- Аудан бойынша аштықтан көз жұмғандарды жерлеген 35 қорым анықталған екен. Олардың көбі Суворов, Панфилов, Сатай, Қарақұдық, Тоқта ауылдарының маңында көрінеді. Сонымен қатар, Ертіс ауданының орталығында да бір қорым бар. Оны халық «Ізбасты зираты» деп атап кеткен. Ашаршылық жылдарында Ертіс ауданы орталығының іргесіндегі Ұйымшыл колхозын басып өтетін Павлодар-Омбы бағытында күре жол пайда болған екен. Қолдарында тігерге тұяқ қалмаған халық ішерге тамақ таппағанда Ресей жеріне қарай қоныс аударған. Мына жолмен көбінде Ақсу қаласының және Ақтоғай, Май аудандарының адамдары өткен. Сонда Ұйымшыл колхозында бір ақсақал қалыпты. Ауылының жартысы аштықтан о дүниелік болса, жартысы қайыр тілеп, басы ауған жаққа босып кеткен. Әлгі ақсақалдың жалғыз өзі қалғандағы мақсаты – қайтыс болған ауыл адамдары мен жол бойында көштен қалғандарды мұсылмандық салтпен жерлеу екен. Жалғыз өзі шамасы жеткенше мүрделерді зират ішіне кіргізіп жерлеп отырған. Кейін оған да әлі келмей қалған болса керек, мүрделерді сол маңайдағы орыс құдығына сүйреп апарып тастай берген. Бірақ, сол қарияның аты-жөні кім болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Тіпті, осы ашаршылық туралы көп ізденген Мүбәрак Жаманбалинов ағамыз да анықтай алмады, - дейді Самат Мәненұлы.

Жоғарыда айтқан Мүбәрак атамыздың «Әйгілі аудан – Ертісім» кітабында аштықтан қырылған халықты көзбен көрген біраз адамның әңгімесі берілген. Зұлмат жылдарда қазаққа төнген қауіпті көзімен көріп, содан аман шыққандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Сағит Бақтыбайұлы есімді қария. Бертінге дейін Ертіс ауданының орталығында тұрып, қайтыс болған. Бір әңгімесінде жоғарыда атаған Деревян құдығын қалай толтырғанын айтыпты.

- Бір күні әкем Бақтыбай келіп маған ертең аштан өлгендердің осы төңіректегі мүрделерін жинап, көметін болдық. Балам, сен де барасың. Өгіздің басын жетектейсің, - деді. Ертеңінде 6 пар өгіз жегілді. Он бестей адам жиналды. Бұл 1932 жылдың көкек айы болатын. Жол үстінде, ауыл төңірегінде жайрап жатқан мүрделер қар ерігеннен кейін иістеніп, бұзыла бастаған екен. Ауыл адамдарының да біразы аштықтан шетінеген. Оларға қалыптасқан дәстүріміз бойынша терең көр қазуға күш жоқ. Әйтеуір колхозшылар сол мүрделерді жуан салалы айырлармен көтеріп, арбаға тиеп тастады. Ауылдың батыс жағында «Деревянко» деген байдың құдығы болатын. Мүрделердің жүзден астамы осы құдыққа түсірілді. Құдық толғаннан кейін бетін топырақпен жаба салдық. Сол құдыққа таяу Оспан дегеннің құдығына да соншалық мүрде сыйып кетті, - деп еске алыпты Сағит Бақтыбайұлы. Ал кезінде Қоскөл ауылының молдасы болған Жанас Сейдахметов есімді ақсақал: «Ертіс ауданының орталығы мен қазіргі Кеңес ауылының аралығы 12 шақырым. Осы аралықтағы жол үстінде өлгендердің мүрделерін жинастырғанда екі терең құдыққа сыймай қалған. Шамасы екі жүзге жуық болса керек. Сонда әрбір 80-100 метрден бір адамның денесі табылып отырған», - депті.

Ашаршылық жылдарының бас кезінің өзінде Ертіс ауданының қаншама ауылы қаңырап бос қалды, колхоздар тарады. Содан кейін жергілікті билік сол бос қалған ауылдарды қайта қалпына келтіру мақсатында мынадай әрекетке барған. Биліктің қарулы белсенділері Ресей жеріне қарай жаяулап босып бара жатқан қазақтарды күштеп айдап әкеліп, бос қалған үйлерге орналастырған. Бірақ, не малы, не астығы жоқ әбден шаршаған жандар қалай күн көрсін? Біртіндеп өле берген...

Бір қызығы, 1931-33 жылдары қазақ ауылдары жаппай аштан қырылып жатқанда, кейбір совхоздар мұны мүлдем сезбеген. Мысалы, Суворов, Северный, Қазақстанның 10 жылдығы, Сілеті, Кайманачиха совхоздарының жұмысшыларына күн сайын 800 грамм, олардың үйіндегі бала-шағаларының жан басына 400 грамм нан беріліп отырған. Себебі, аталған шаруашылықтардың барлығын сол кезде Ресейден келген адамдар басқарған екен. Бұдан ашаршылықты кеңес билігінің қолдан жасаған зұлмат саясаты екенін аңғарамыз. Сондықтан мұны қазақ ұлтына қасақана жасалған қастандық екенін кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz