Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары (пікір Kapital.kz сайтынан алынды):

- Біздің палатаның талдаулары көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлер несиелерді кепілдендіру бойынша қосымша қолдауларды қажет етеді. Арнайы сауалнаманың нәтижесіне сүйенсек, кәсіпкерлердің 66,7%-ы кепілзаттың өтімсіздігі салдарынан банктер несие беруден бас тартатынын айтты. Бұл – өте үлкен кедергі. Респонденттердің тағы 67%-ы олардың зауыты қала сыртында екенін, сол себепті банктер кепілзатты қабылдамайтынын айтты. Біз ҚР Ұлттық экономика министрлігінен кепілдендіру бойынша қосымша шаралармен көмектесуді сұраймыз. Бізде «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы жұмыс істейді, көп компаниялардың кепілсіз екенін көріп отырмыз. Дәл осы компания- лар өңдеу өнеркәсібінде, қайта өңдеу саласында экономиканың драйвері болуы тиіс еді. Алайда олар қымбат несиеден көз ашпай тұр. «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы шеңберінде жаңа шараларды қабылдау керек. Осы шаралардың барлығын талқылап, жаңа бағдарламаны әзірлеуде мемлекеттік органдарға ұсынатын боламыз.

Александр ТЕРЕНТЬЕВ, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер:

- Мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бизнес өкілдерін басына түскен проблемаларымен ешқашан да бетпе-бет қалдырмаған. Сынақтардың ықпалына жығып бермеген. Өзіңіз қарап көріңіз, бізде бизнесті дамытуға арналған қаншама бағдарламалар мен жобалар бар. Әлгі бағдарламалардың оң нәтижесіне жету жолында мемлекет барлық кедергілерді жойып, кәсіпкерлерге, кәсіпорындарға қолайлы жағдай тудыруды басты мақсат етіп отыр. Ең бастысы, қай бағдарлама болмасын орта жолда күйреп қалып жатқан жоқ. Белгілі дәрежеде даму көрсеткіштерін арттыра түсуде. Біз кәсіпкерлерді қолдаудың еуропалық стандарттарын аңсаймыз. Ал шын мәнінде ондай стандарттар бізде қазірдің өзінде бар. Мысалы, кейбір несиелер азаматтарға 4 пайызбен берілуде. Ақиқатын айтайық, мұндай жеңіл несиелер көршілеріміз тұрмақ, дамыған мемлекеттердің көбінде кездеспейді.

Биылдан бастап суармалы жерлерді көбейтуге ынталандыру мақсатында арнайы бағдарлама жұмыс істей бастады. Оның аясында әлгіндей жерлерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін кәсіп иесіне әр гектар үшін 350 мың теңге, құрал-жабдық сатып алғаны үшін қосымша тағы 350 мың теңге субсидия беріледі. Бұдан артық қандай қолдау шаралары болуы мүмкін? Сондықтан ендігі жерде бөлініп жатқан қолдау шараларының түпкі нәтижесіне көбірек көңіл аудару керек секілді.

Нұралы ҚАБИЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауылшаруашылық кооперациясы бөлімінің басшысы:

- Біздің өңірдегі ауыл кәсіпкерлері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының игілігін молынан көріп отыр. Ауылдық жерлерде бұрын банктен несие алу нағыз машақат еді. 2017 жылдан бастап бағдарлама бұл кедергіні біртіндеп жойып, ауылдықтардың өз кәсібін бастауына, шаруасын кеңейтуіне сеп болуда. Мәселен, облыс бюджетінен биылғы жылға 126 млн. теңге бөлінді. «ҚазАгроКепіл» АҚ-ның аймақтағы өкілдігі ауылдағы азаматтарға несие алғанда кепіл болып, банк сұраған кепілдің 50-ден 85 пайызына дейін мойнына алады. Нәтижесінде қолында кепілге қоятын құнды дүниесі жоқ іскер шаруа иелері көп сабылмастан қажет қаржыны банктен рәсімдеп алады. Ал жергілікті бюджеттен бұл бағдарламаға бөлінген қаражат «ҚазАгроКепілге» комиссия үшін төленеді. Бұл жерде ешкім ұтылмайды. Бұл ұйым стартап жобалардың 85 пайызына дейін кепіл бола алатыны көпті қызықтырып отыр. Сондықтан ауылдағы жас азаматтар агроөнеркәсіп саласы, кәсіпкерлік, басқа да салалар болсын өз бастамаларын, инновацияларын өміршең етуге мүмкіндік алуда.

Айтпағым, Үкімет кез келген қолдау бағдарламаларында осындай кепіл шарттарына жете көңіл бөле бергені абзал. Бұл – жеке кәсіпке бет бұрып жатқан азаматтардың қалауы дер едім.

 

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz