Өлкетанушылар мен жергілікті тарихшылардың айтуынша, Ақсу ауылдық аймағына қарасты М.Омаров атындағы ауылдық округтің аумағында орта ғасырларға жататын зираттардан тұратын көне қорым бар. Олардың тарихи-мәдени құндылығы жоғары саналуда. Осыған орай, Ақсу қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы өкілдерінің бастамасымен биыл ол жерде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жобаға белсенді жастар, жергілікті тарихшылар және Павлодар қаласындағы «Margulan centre» орталығының ғылыми қызметкерлері қатысады деп күтілуде.

Ақсу қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Әсемгүл Рақымованың сөзіне сүйенсек, бұл ескі зираттар Беловка ауылына жақын жердегі егіс алаңда орналасқан. Қ.Сәтбаев атындағы каналдың дәл жанында. Бұл жер жалпы «Ақмола» қорымы деп аталады екен. Ондағы ескі зираттардың ең үлкенінің диаметрі шамамен 90 метрге дейін жетеді.

- Тарихшылардың айтуынша, бұл қорымдар орта ғасырлардағы «Андронов» мәдениетіне тиесілі. «Margulan centre» орталығының ғалымдары мәдени ескерткіштің шын мәнінде тарихи құндылығы жоғары екені туралы қорытынды шығарып, оны облыстың сакралды орындарының тізіміне енгізуге ұсыныс жасады. Қорымдар шамамен қола дәуірінен біздің заманымыздың 15-ғасырына дейінгі кезеңге жатуы ықтимал. Биыл белсенді жастардың бастамасымен ғалымдарды тарта отырып археологиялық барлау жүргізбек ойдамыз. Қаржы жоқтығынан қазір демеуші іздеудеміз. Меценаттар мен кәсіпкерлерді тарта отырып, жоспарымызды жүзеге асырамыз деген ойдамыз, - дейді Ә.Рақымова. – Зираттардың көбі тоналған болуы да мүмкін. Оны зерттеу жүргізбей тұрып бағалай алмаймыз. Болашақта бұл жерді тарихи мұра ретінде қорғауға алып, ашық аспан астындағы музейге айналдыру ойда бар. Жалпы ол жердің аумағы шамамен 1000 гектардай жерді алып жатыр.

Атап өтелік, жастар орталығының мүшелері былтыр өңірдегі тарих пәнінің мұғалімдерімен тізе қосып, жергілікті архивтердегі тарихи құжаттарды шолып шыққан. Соңынан ауылдарға шығып, этнографиялық экспедиция ұйымдастырыпты. Нәтижесінде өңірдің тарихына, өмір сүрген атақты тұлғаларға қатысты құнды мәліметтер жиналыпты. Олар бойынша жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда танымдық материалдар жарық көрген. Биыл жазда бұл шаралар одан әрі өріс алып, жастар туған жердің тарихын зерделеуге қатысты жұмыстармен белсене шұғылданбақ.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz