Апта басында аймақ басшысы Болат Бақауов Павлодар ауданына жұмыс сапарымен барып, көшпелі кеңес өткізді. Красноармейка ауылында өткен жиында аудан әкімі Жанат Шұғаев ағымдағы жылдың алғашқы төрт айына қорытынды жасады. Оның айтуынша, ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі алғашқы төрт айда 1 млрд. 38 млн. теңгені құраған.

Мал шаруашылығындағы көрсеткіштердің өскені байқалады. Мәселен, ет - 4,9 мың тоннаға, сүт - 13,7 мың тонна, жұмыртқа - 823,9 мың данаға ұлғайған. Дегенмен, ауданда үй құсының саны 20,6 пайызға азайған. Болат Бақауов бұл кемшілікті сынға алып, аудан әкіміне аталмыш мәселені шешуді тапсырды.

Ағымдағы жылы ауданда жалпы сомасы 8 млрд. 720 млн. теңге тұратын меморандум аясында ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ірі инвестициялық жобалардың бірі - «Жаңа Қала» ЖШС-нің 600 басқа арналған сауу кешені бар сүт фермасы. Инвестиция көлемі 1,100 млн. теңгені құрайды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да «Ырыс» бағдарламасы бойынша несие алуға шарт жасасқан. Маусым айында толықтай қаржыландырылып, жыл аяғына қарай іске қосылады деп жоспарланған. Дегенмен, аймақ басшысы бұл жобаның биылғы жылы қолданысқа берілетініне күмәні барын айтты. Себебі, мол қаржыны бірден игеру ойға сыймайды.

- Біріншіден, ферманы салуға арналған қаражат маусым айында беріледі дейсіздер. Тек шілдеде жұмыс басталады. Алдағы үш айда әр ай сайын 200 млн. теңге игерілуі қажет. Чехияға ірі қара мал алдыруға тапсырыс бердіңіздер ме? Малды әкелгеннен кейін де атқаратын жұмыстар жетерлік. Оларды іріктеп, карантинге қою керек. Бұл жобаны биыл жүзеге асырып, тапсыратындарыңызға күмәнім бар, - деді аймақ басшысы.

Биыл ауданда жүзеге асырылатын тағы бір жоба - «Луганск» өндірістік кооперативінің 600 басқа арналған сүт фермасы. Ағымдағы жылы тек 300 басқа арналған алғашқы бөлімі жүзеге асырылмақ. Инвестициялардың жалпы көлемі - 320 млн. Сонымен қатар, кооперативте асыл тұқымды мал басын көбейту жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған. Ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Кооператив басшысы Петр Кузьменко жоспар ойдағыдай жүргізілсе, қалған 300 басқа арналған орын да жыл соңына дейін аяқталатынын айтады. Бұл ретте облыс әкімі екі фермадағы жағдайды мүлдем салыстыруға келмейтінін айтты. «Жаңа қала» ЖШС-ндегі мәселе ашық күйінде қалып отыр. Айтуынша, қазіргі уақытта сүт те субсидияланады. Бір сиыр үшін республикалық бюджеттен 225 теңге, облыстық бюджеттен 112 теңге беріледі.

Бүгінде ауданда суармалы жерлерді кеңейту бойынша жобалар енгізілуде. Мәселен, «Андас» шаруа қожалығы ағымдағы жылы қосымша 420 гектар жерді суармалы алқапқа айналдырмақ. Жоба суармалы жерлердің көлемін 1800 гектарға дейін жеткізуді көздейді. Инвестиция көлемі 156 млн. теңгені құрайды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 6 «Valley» суару машинасы сатып алынған. Келесі жылы қалған 610 гектар жерді игеру жоспарланып отыр. Аталмыш шаруа қожалығының басшысы негізгі құбырларды орнату бойынша жұмыстардың аяқталмауына байланысты барлық жұмысты тек келесі жылы аяқтай алатынын айтады. Облыс әкімі шаруа қожалығының жұмысын сынға алып, өз орынбасары Қайрат Нүкеновке бұл мәселені шешуді тапсырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы тұрғын үйлерді тек ауданға қоныс аударушылар үшін ғана емес, аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін де қарастыруды тапсырды.

- Павлодар қаласында көптеген көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар бар. Оларға осындай сәтте қолдау білдіріп, ауылға әкелсе, олар талпына жұмыс істейді. Өздеріңізге белгілі, қазір «Нұрлы Ертіс» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Біз осы бағдарлама аясында Екібастұз қаласына алғашқы жолы 17 отбасыны, оның ішінде 82 баланы, екінші рет 18 отбасыны, оның ішінде 90 баланы көшіріп әкелдік. Тек екі рет көшіргенімізде Екібастұз қаласына 200 баланы әкелдік. Бұл - үлкен көрсеткіш. Бүгінгі күні бала саны 200-ге толмайтын мектептер бар. Сондықтан бұл бағытты әлі де қарастыру қажет, - деді әкім.

Бұдан соң, аймақ басшысы ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесін зерделеп, алдағы уақытта назарға алынуы тиіс тұстарды тізіп берді. Оның айтуынша, Павлодар ауданына республикалық және облыстық бюджеттерден 2018 жылы 2 млрд. теңге көлемінде, биыл 2 млрд. 800 млн. теңге қаражат бөлінді. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша аудан облыс өңірлері арасында жетінші орында тұр. Ауданда жаңа кәсіп ашатындар жоқтың қасы. Өңірдегі ветеринарлық пункттердің кейбірінің қазіргі жағдайы да алаңдатады.

Аймақ басшысы сүт өнімдерін шығаратын фермерлердің жұмысын жеңілдету үшін оларды біріктіруді, яғни, өңірімізде сүт фермаларының бірлестігін құруды ұсынды. Бізде картоп өсірушілердің, ара шаруашылығының бірлестіктері бар. Егер сүт фермерлерінің бірлестігі құрылатын болса, өз кезегінде фермерлер барлық күштерін біріктіріп, сүттің таза әрі орташа бағасын белгілей алар еді.

Сондай-ақ, Болат Жұмабекұлы сүт өндірісіндегі көрсеткіштерге тоқталып, көңілі толмайтынын жеткізді. Мәселен, 2016 жылы облыста сүт өндірісі 47 тоннаны құраса, 2018 жылы 3 тоннаға дейін құлдыраған. Ірімшік өндірісі 2016 жылы 60 тонна болса, 2018 жылы 39 тонна болған. 2016 жылы нан пісіру 2398 тоннаны құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 0 тоннаны құраған. Бұл ретте аймақ басшысы орынбасары Қайрат Нүкеновке бұл жағдайдың қалай орын алғанын анықтауды тапсырды.

Б.Бақауов жалпы, 2019 жылдың 4 айлық қорытындысы бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейтінін, сайып келгенде, мұның барлығы жұмыстың сылбырлығын көрсететінін айтты. Сондықтан білек сыбана іске кіріспесе болмайды деп түйіндеді облыс әкімі.

Көшпелі кеңестен соң, аймақ басшысы Павлодар ауданындағы «TurkeyPVL» ЖШС-нің салып жатқан кәсіпорнында болды. Серіктестік басшысы Ербол Досыбаевтың айтуынша, жобаның құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпкер аймақ басшысынан электрмен қамтамасыз ету үшін электр жеткізу желілерінің құрылысын қаржыландыруды сұрады. Бүгінде кәсіпкер құрылысқа қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп қойған. Аймақ басшысы бұл мәселені 2020 жылға арналған бюджетті жоспарлау барысында қарастыратынын айтты. Бұдан соң Болат Бақауов Рождественка ауылындағы «Зерноград» ЖШС-нің дәнді дақылдарды қайта өңдеу зауытында болды. Мұнда қарақұмық пен қара бидай бойынша жылына 10 мың тоннадан астам өнім шығарылады. Аймақ басшысы өз өнімдерін Украинаға, Өзбекстанға және Тәжікстанға жеткізетін зауыт үлкен экспорттық әлеуетке ие екенін, сондықтан кәсіпорын толықтай қолдауға ие болуы тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар, сапар барысында облыс әкімі Павлодар ауданындағы екі сайлау учаскесінің дайындығын тексерді.

 

Мереке АМАНТАЙ

Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz