Бұл күні облыстық көркемсурет музейінде «Ақталған есімдер» атты көрме ашылды. Көрмеге осы бір зобалаңға толы зұлмат жылдарды қылқаламмен суреттеген онға жуық суретшінің туындылары қойылды. Шығармалары жұртшылық назарына ұсынылғандар қатарында В.Эйферт, В.Антошенко-Оленов, И.Иткинд, В.Теляковский, Б.Урманче секілді белгілі суретшілер де бар. Әсіресе, олардың репрессия және аштық құрбандарына арнап салған кескіндемелерінен сол жылдардың бейнесін айқын аңғаруға болады.

- Бұл суреттердің көбі майлы бояумен салынған. Әр картина жеке-жеке оқиғаларды сомдағанымен, барлығына дерлік қара, қоңырқай секілді күңгірт түсті бояулар қолданылған. Мәселен, мына сурет қазақ әдебиетінің классигі, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың бейнесі. Туындыны татар халқының суретшісі Б.Урманче 1943 жылы салған. С.Мұқановтың көзіндегі мұңға қарап-ақ сол жылдардың ауыртпалығын сезгендей боласыз, - дейді мұражайдың экскурсия жетекшісі Әйгерім Ибраева.

Азапты жылдарды еске алуға арнаған шара С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында да ұйым-дастырылды. Танымдық шараға ҚР Ішкі істер министрлігінің Павлодардағы оқу орталығында білім алып жүрген 30-ға жуық болашақ полицейлер қатысты. Жиналғандарға филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Әділбек Әміренов дәріс оқыды.

- 1831 жылы қазақтардың Ресейге қосылғанынан бастап, 1986 жылға дейін ел деп еңіреген талай ерлер оққа ұшты. Ең алдымен патша үкіметі хандық билікті жойды. Одан кейін 1868-1869 жылдары жер мемлекеттің меншігіне өтті. Ру-руға, ауыл-ауылға бөлініп, әр жерді мекендеген бабаларымыз ата қонысынан айырылды. Бұдан соң жымысқы саясаткерлер қазақтардың арасына белгілі миссионер ғалымдарды жіберіп, тілімізді, салт-дәстүрімізді зерттей бастады. Бұл ұлттық сананы жоюға жасалған алғашқы қадам еді. Бұдан соң ел арасындағы бас көтерер білімді, қазақ қайраткерлерінің соңына шам алып түсіп, айтқандарына көнбегендерге қатаң жаза қолданды, - дейді Әділбек Дәуітбекұлы.

Шара барысында дәріске қатысушылар ғалымға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Сондай-ақ репрессия құрбандары туралы арнайы дайындалған кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Алаш арыстары - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов, тағы да басқа ұлт қайраткерлері мен ақын-жазушылардың шығармалары қойылды.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz