Енді шаһар халқы былтыр бастау алған дәстүр бойынша жаз бойы отандық және шет ел әртістерінің концертін тегін тамашалайтын болады. «Ertis Promenade» жобасының ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы қатысты.

Жазғы өнер маусымының ашылуында павлодарлықтарды Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева, Ринат Мальцагов және Дамира Мажитова қуантты. Облысымыздан шыққан танымал әншілер өз репертуарларындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін шырқап, тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ертіс жағасында тамылжыта ән салған Меруерт Түсіпбаева жерлестері мен туған жеріне ыстық сағынышын білдірді.

- Мәдениет ордасы – Алматы қаласынан Павлодар өңіріне келіп, жерлестеріммен жүздескеніме қуаныштымын. Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ертіс жағасында үлкен сахна ашылып, жұртшылық демалуға мүмкіндік алып отыр. Жаңа маусым көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынына сенімдімін. Жас ұрпағымыз аман болып, елімізде бейбітшілік мәңгі орнасын, - деді Меруерт Түсіпбаева.

Бұл күні Роза Мұқатаева да жерлестеріне тамылжыта ән шырқап, жаңа жоспарларымен бөлісті.

- Туған жерімде сахнаға шыққан сайын толқимын. Өйткені жақындарымның алдында өнер көрсету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жаз мезгілінде уақытымның біраз бөлігін кино әлеміне арнамақпын. Екі кинода әртүрлі образды сомдайтын боламын. Жаңа туынды биыл көрермен назарына жол тартатын болады, - дейді жас әнші.

Атап өтерлігі, жаздың алғашқы күнінде сахна алаңына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Жұртшылықтың басым көпшілігі биыл шыбын-шіркейдің жоқтығын сөз етіп, жауапты мамандарға алғыстарын білдірді.

- Балаларымның мерекесін тойлау үшін орталық жағалауға келген едім. Ұйымдастырылып жатқан шара көңілімізден шықты. Жылда осы уақытта жағалауда сары маса мазамызды алушы еді. Шыбын-шіркейге таланбас үшін арнайы киініп келген едік. Осы орайда, шыбын-шіркейді улау жұмыстарымен айналысқан мамандарға ризашылығымды білдіргім келеді. Ауқымды істің нәтижесінде биыл орталық жағалау қонақтардан арылмайды деген ойдамын, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Абай Асылжанов.

Еске сала кетейік, қала тұрғындары облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ресми сайтындағы сауалнама арқылы «Ertis Promenade» жобасына шақырылатын жұлдызды ұсынып, өз таңдауын жасай алады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz