«Динамо» спорт кешенінің екі қабатты ғимаратында орналасқан бассейннің ашылуына облыс әкімі Болат Бақауов, тәртіп сақшылары мен қала тұрғындары қатысты. 6 айдың ішінде заман талабына сай етіп салынған бассейнге өңір басшысы оң бағасын берді.

- Екі жыл бұрын осы спорт кешенінде қалпына келтіру жұмыстарын бастаған едік. Тамаша жұмыстың нәтижесінен кейін біз спорт нысанын кез келген адамға үлкен мақтанышпен көрсете аламыз. Бұл - Павлодарда салынған 25 метрлік 7-ші жүзу бассейні. Мұнда тек полиция қызметкерлері ғана емес, өңір тұрғындары да келіп, жүзу спортымен айналыса алады, - деді Болат Жұмабекұлы.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 400 млн. теңге бөлінген. Ұзындығы - 25 метр, төрт жолақты және тереңдігі 2 метрді құрайды. Бассейнде киім ауыстыру бөлмесі, душ, сауна және қызмет көрсетушілердің кабинеті жабдықталған.

Полиция департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров облыс әкіміне полицейлердің кәсіби дайындығын жетілдіруге жағдай жасап, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

- Бұл - біздің өңірімізде полицейлерге арналып ашылып отырған алғашқы бассейін. Жаңадан ашылған нысан біздің жүзу спортында үлкен жетістіктерге жетуімізге жол ашатынына сенімдімін. Енді полицейлер шеберліктерін шыңдап, жүзумен кәсіби түрде айналыса алады. Суға сүңгу дайындығы мен тактикалық жаттығулар жүргізіліп, лаңкестер қайығын құрықтау, тұтқындарды босату, нысанға жасырын түрде жақындау және құтқару әрекеттерімен шұғылдана алады, - деді ол.

Кешеннің ашылуында «Арлан» арнайы жасағы кемеден тұтқындарды босату мен лаңкестерді құрықтау қалай іске асатынын көрсетсе, жүзуден бірқатар жетістікке жетіп үлгерген спортшылар сынға түсті.

Қазірдің өзінде бассейннің жүзу үйірмесіне 30 бала жазылып үлгерген. Бассейн күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz