Аталмыш сайлау учаскесінің төрайымы Любовь Задудняктің айтуынша, бүгінде сайлаушылардың тізімі белгілі.

- Біздің учаскемізде 2311 сайлаушы тіркелген. Ауыл азаматтары келіп, аты-жөндерін тізімнен тексеріп те жатыр. Негізі мектебімізде 2 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскеміз қажетті материалдық-техникалық жабдықпен толық қамтамасыз етілді. Дауыс беруге арналған жәшіктер, кабиналар орнатылды, - дейді Л.Задубняк.

Мұндағы сайлаушылардың ең егдесі 85 жаста. Денсаулығына байланысты келе алмайтындықтан, кейбір азаматтар таңдауды үйде жасауға ниет білдірген. 5 тұрғын осындай өтініш берген. Мұндай жағдайларға сайлау учаскесінде 2 көшпелі дауыс беру жәшігі қарастырылған. Сайлау күні бұл учаскеде сайлаушыларға 9 адам қызмет көрсетпек.

Жалпы, облыс орталығында 140 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Маржықбаевтың айтуынша, сайлау учаскелерінде дайындық толық аяқталған. Сайлаушылардың тізімі әр учаскеге тапсырылған. Тізім бойынша облыс орталығында 260 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан сайлау учаскелерінде 1146 адам қызмет етеді.

Облыс бойынша саяси науқанға дайындық жайына тоқталатын болсақ, 543 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Оның 23-і азаматтардың уақытша болу орындарында жұмыс істейді. Былтыр жыл соңында жаңадан 12 учаске қосылған. Айта кету керек, шағын елді мекендердің оңтайландырылуына байланысты 33 учаске, керісінше, қысқартылған. Бұл учаскелердің жұмысына аймағымыз бойынша 3567 адам жұмылдырылған. Учаскелер барлық ұйымдастыру техникасымен жабдықталып, телефон және интернет байланысына қосылыпты. Яғни, әр учаске «Сайлау туралы» заңның тиісті нормаларына сай жабдықталуда.

Учаскеге барып, дауыс беруге жағдайы келмейтін жандардың конституциялық таңдау жасауын қамтамасыз ету үшін көшпелі жәшіктер қарастырылған. Ал таңдауын сайлау учаскесінде жүзеге асыруды қалайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекшілер бекітілмек. Облыстың үш қаласында инватакси жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетпек. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша барлық сайлау учаскелерінде пандустар орнатылған. Сондай-ақ, дауыс беруге ыңғайлы жеке кабиналар да қарастырылып отыр.

Нақтыланған тізімге сәйкес аймақтағы сайлаушылар саны 551 мыңнан асады. Яғни, осыншама адам дауыс беріп, таңдау жасауға құқылы. Тағы бір айта кетерлігі, азаматтар қай мекенжай бойынша орналасқан учаскеде дауыс беретінін учаскелік комиссияға бармай-ақ біле алады. Ол үшін әр қала-аудан әкімдіктерінің ресми сайтына кіріп, «Қоғам» тарауын таңдайды. Онда «Сайлау» қосымшасынан сайлауға қатысты толық ақпарат алады. «Өзіңді тап» атты тарауға тұрғындар жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсе, қай учаскеде дауыс беретіні, тізімде бар-жоғы шығады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz