Спорт - денсаулық кепілі

Министр Бердібек Сапарбаев алдымен 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Ведомство басшысы Орталық жағалауда өткен балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруін тамашалады. Шаһар тұрғындарымен жүздескен Бердібек Мәшбекұлы еліміздегі әсем жағажайдың бірі Павлодарға тиесілі екенін атап өтті.

Бұдан кейін министр «Нефтехим LTD» ЖШС-не бағыт алды. Мұнда кәсіпорынның қауіпсіздік мәселелерімен, еңбекті қорғау жағдайымен танысып, жұмыскерлерімен сұхбаттасты.

Бүгінде метил трет-бутил эфирін (МТБЭ), түйіршіктелген полипропилен, тоқымалы полипропилен қаптарын өндірумен айналысатын компанияның жұмысына оң бағасын берген министр экспортқа шығатын өнімнің қазіргі көрсеткішін сақтап, әрі қарай дамытуды тапсырды. Серіктестіктің бір жылдағы өндіріс көлемі 20 мың тонна МТБЭ, 30 мың тонна полипропилен, 50 млн. дана тоқымалы полипропилен қаптары мен 47,8 мың тонна түйіршіктелген полипропиленді құрайды.

Сонымен қатар, Б.Сапарбаев қайта жаңартудан өткен «Жұлдыз» футбол стадионында болды. Мұнда футболдан балалар арасындағы «ERG» кубогы халықаралық турнирінің ашылуына қатысып, жас футболшыларға сәттілік тіледі.

- Спорттың адам және мемлекет үшін қаншалықты маңызды екені бәрімізге аян. Неғұрлым спортпен көп шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтайтын болсақ, ұзақ өмір сүреміз, әрі мемлекетіміздің абырой-беделін арттырамыз. Біздің басты парызымыз - өскелең ұрпақты спортқа баулып, тәрбиелеу. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Павлодарда мұндай шараның бастау алуы қуантады. Осы балалардың болашақта әлемге танымал Месси, Роналдо тәрізді футболшы болуларын тілеймін. Жалпы, Павлодар өңірінде спортты дамытуда жасалып жатқан ауқымды шараларды, спорт ғимараттарының жабдықталуы мен қайта жөндеуден өткізілуі жақсы жолға қойылғанын байқап отырмын. Енді сіздер бос уақыттарыңызда спорттың кез келген түрімен айналысуларыңызға болады, - деді министр Б.Сапарбаев.

Жасыл алаңда Павлодар, Қарағанды, Семей, Нұр-Сұлтан, сондай-ақ, көршілес Ресейдің Барнауыл мен Омбы қалаларынан келген 8 команда өзара сынға түсті.

Айта кетелік, қайта жөндеуден өткен «Жұлдыз» стадионы бұдан кейін кәсіби футболшылар мен жеңіл атлетикадан өтетін спорттық лигалардың орталығына айналмақ.

Көмірлі шаһардағы келелі істер

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары Екібастұз қаласында жалғасты. Министр қаладағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің жұмысымен, «Еркем-ай» сәбилер бақшасының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ «NURLY ERTIS» пилоттық жобасы арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген 19 отбасыға пәтер кілттерін табыс етті.

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті қаладағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің базасында орналасқан. Кабинет «Дара» қайырымдылық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бірлескен жұмысының нәтижесінде ашылған. Жобаның жалпы қоры 52 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражатқа барлығы 9 кабинет қажетті жиһазбен, дамыту құрал-жабдықтарымен, ойыншықтармен және әдістемелік кітаптармен жабдықталды. Олардың ішінде емдеу физиокабинеті, монтессори кабинеті, сенсорлық бөлме, дефектолог, логопед, педагог-психологтың кабинеттері, лекотека, әлеуметтік-тұрмыстық бағыттау кабинеті бар. Денсаулығында қандай да бір психологиялық ауытқуды аңғарған кез-келген ата-ана баласын осында әкеліп, білікті мамандардан көмек ала алады. Бүгінде Екібастұз ауылдық аймағында ерекше білім алуды қажет ететін 1300 бала бар. Олардың 501-і мектеп жасына дейінгі балалар болса, 799-ы - мектеп оқушылары. Түзеу кабинеті бала денсаулығындағы кінәратты дер кезінде анықтап, олқылықтардың алдын аларына сенім мол. Заманауи кабинетті аралаған министр орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан соң Бердібек Мәшбекұлы қаладағы №27 «Еркем-ай» сәбилер бақшасында болды. Мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақша 150 балаға арналған. Бұл жерде сәбилердің білім алуына, ойнауына, өнерге деген қызығушылығын дамытуына барынша жағдай жасалған.

- Балаларға арналған «Ойна» орталығы Павлодар өңірінде 2 жылдан бері жұмыс істейді. Мақсатымыз - жеткіншектер арасында инновациялық жобаларды насихаттау. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша біздің бірқатар жобамыз бар. Соның ішінде, робототехникаға көбірек көңіл бөлеміз. Орталықтағы кәсіби мамандар балаларға ағылшын тілінде тәлім береді. Алдағы уақытта Екібастұздағы барлық мектептермен және балабақшалармен бірлесіп жұмыс жасасақ деген жоспарымыз бар, - дейді «Ойна» орталығының жетекшісі Ахметжан Сейтенов.

Сондай-ақ осы күні Екібастұз қаласына Елордадан 19 отбасы көшіп келіп, қоныс тойын тойлады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған 35 отбасыға пәтер кілттері табысталған еді. Солардың бірі - Мақсұт Хамрақұлов. 15 жыл бойы Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап, айлығы шайлығынан аспаған 4 баланың әкесі 3 бөлмелі жайлы пәтерге жайғасқанына дән риза.

- Екібастұзға 21 мамыр күні көшіп келдік. Келер аптаның басында Екібастұз су арнасына жұмысқа орналасатын болдым. Мемлекет тарапынан барынша қамқорлық көрудеміз. Балаларымызды балабақшаға, мектепке орналастырып үлгердік. «NURLY ERTIS» пилоттық жобасын жүзеге асырып, Елордада үйсіз жүрген жүздеген отбасыға қуаныш сыйлаған облыс басшылығына мың алғыс, - дейді М.Хамрақұлов.

Ал осы күні Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға келген 19 отбасы шаһардағы Мәншүк Мәметова көшесі, 54/4 мекенжайында орналасқан 5 қабатты үйдегі 3 бөлмелі пәтерлер кілтін Бердібек Мәшбекұлының қолынан алды.

- Павлодар облысы - экономикалық әлеуеті дамыған өңір. Халқы көп шоғырланған аймақтардан жұмыс күшін тарту оң шешім деп ойлаймын. Осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Мақсат – қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамту. Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерімен қоса, Нұр-Сұлтан қаласы да халқы көп шоғырланған аймақтар қатарына кіріп үлгерді. Сондықтан да біз бағдарламаға аздап өзгерістер енгізіп, Елордадағы баспанасыз жүрген отбасыларын өзге өңірлерге көшіруді жөн деп шештік. Екібастұз - болашағы жарқын қала. Көшіп келушілер үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етеміз. Жайлы пәтерде тұрып, жарқын өмір сүруге толық негіз бар. Сіздерден сұрайтынымыз, ұсынылған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етіңіздер, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

«NURLY ERTIS» пилоттық жобасы арқылы көшіп келгендер 1 жыл бойы жаңа қоныстарында тегін тұру мүмкіндігіне ие болды. Бұдан соң ай сайынғы пәтерді жалдау құны 8 мың теңге көлемінде болмақ. Көшіп келген отбасылардың еңбекке жарамды азаматтары жұмыспен қамтылады, балалар мектептер мен балабақшаларға орналастырылып, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетілмек. Қазіргі таңда Екібастұз қаласының басшылығы еңбек күші көп шоғырланған өңірлерден көшіп келетін отбасыларға 283 пәтердің кілтін табыс етуге дайын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ, Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz