Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, облыстық басқармалардың басшылары, өңірдің белсенді жастары қатысты.

Павлодарлықтарды атаулы күнмен құттықтаған А.Оралов жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды.

- Мемлекеттік рәміздер - саяси мәдениеттің бір бөлігі. Ол ел тұтастығының белгісі ретінде қабылданып, ұлттық мақтаныш пен отаншылдық сезімді қалыптастырады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Отансүйгіштік елге деген мақтаныш пен оның рәміздеріне деген құрметтен басталады» деген еді. Сондықтан әр кезде мемлекеттік нышандар ұлт мақтанышы болып табылмақ. Халқымыздың болмысын, салт-дәстүрлерін, бірлігі мен дарқандығын бейнелеген мемлекеттік рәміздеріміз ұрпақтарымызды жарқын болашаққа бастай берсін, - деді А.Оралов.

Мерекелік жиында ені 5, ұзындығы 10 метр болатын Мемлекеттік туды ортаға алып шығу құрметі ҚР Ішкі істер министрлігінің Павлодар қаласындағы оқу орталығының 40 курсантына міндеттелді. Бұл жүктемені жастар Отаны алдындағы үлкен абыройға балады.

Сонымен қатар, алаңда Әнұран орындалып, түрлі облыстық және республикалық байқаулардың лауреаттары патриоттық әндерден шашу шашты.


Серік РЫСБЕК, әнші:

- Бүгінгі атаулы күннің мемлекетіміз үшін алатын орны ерекше. Біз, жастар, еліміздің елдігін айшықтайтын ұлттық рәміздерімізді құрметтеуге міндеттіміз. Сол арқылы кейінгі ұрпаққа аманат ете аламыз. Отанды сүю отбасынан басталатынын ескерсек, ұл-қыздарымызды елі мен жерін сүюге үйретуді әрбіріміз өз шаңырағымыздан бастауымыз керек.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz