Осы сапарда бірге жүрдік, әңгімелестік, жол бойы көңіліндегі көп ойларын айтты. «Жүрек қиын боп тұр. Сексенге... әй, жете алмайтын шығармын, - деді. – Сая, жазыңыз, жазыңыз дейсің, не жазайын, не керек?» деді. «Газет тарихын жақсы білесіз. Редакциядан соғысқа кетіп оралмағандар, репрессия жылдарында «айыпталған» журналистер, кезінде фотограф болған Еренбақ Әлжанов ағамыздың өмір жолы ауыр бопты дейді... осыларды жазыңыз», дедім. – Иә, ол арғы беттен келген, кезінде арнайы тапсырмамен Қытайға өтіпті, қойшының киімін киіп, бір қазақтың тойына қатысып, ел аралап кетіпті. О, бұл бір сұмдық жағдай болатын, өз аузынан естідім. Жарайды, жазайын, денсаулық шыдаса... «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды...» деп күрсініп, өмірбаянын айтты. Қалаға жеткен соң қимай қоштасып, тоқтаған үйінің алдына әкелгенде, қақпаға енбей, соңымыздан ұзақ қарап тұрды.

Төлеубек Қоңыр 1939 жылы 4 қаңтарда бұрынғы Айғыржал болысы, қазіргі Май ауданы Ақжар ауылдық кеңесі Төребұлақ ауылында орта шаруаның отбасында туды. 1945 жылы «Қызыл еңбек» ауылындағы Қазақстан орта мектебінің 1-сыныбына барып, Май орта мектебін 1955 жылы бітіреді. Павлодардағы «Октябрь» зауытында жүкші, содан кейін облыстық «Қызыл ту» газетінде хат тасушы (курьер), корректор болды. 1956 жылы жазда сол кездегі облыстық газеттің редакторы Әзілхан Нұршайықовтың жолдамасымен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оқуды үздік бітірген Төлеубек Қоңыр 1961 жылы «Қызыл ту» газетіне келді. Бастапқыда идеология бөлімінің тілшісі болып істеді. 1963 жылдың көктемінде 34 жылдық тарихы бар облыстық «Қызыл ту» газетінің шығуы тоқтатылды. Жалғыз «Қызыл ту» емес, бес бірдей аймақтың қазақ тіліндегі газеттері жабылды. Себеп біреу – Қазақстандағы тың аймағының орталығындағы «Тың өлкесі» атты газетті нығайту.

Журналистер Жылқыайдар Қарпықов, Айтжан Бәделханов, Мүбәрак Жаманбалиновтармен бірге Төлеубек Қоңыров «Тың өлкесіне» шақырылды. Арада екі жыл өткен соң, 1965 жылы желтоқсанда өлке таратылып, «Тың өлкесі» жабылады да, облыстық «Қызыл ту» газеті, басқа да аймақтардағы газеттер қайта ашылып, бытырап кеткен журналистер қайта жиналып, редакция жұмыс істей бастады. Төлеубек Қоңыр, міне, осы 1965 жылдың желтоқсанынан 2002 жылдың тамызында зейнеткерлікке шыққанға дейін осы басылымның ыстық-суығын бір кісідей-ақ көтерді. Сан алуан тақырыптарға қалам тартты, ауыл шаруашылығы, партия тұрмысы, өнеркәсіп, еңбек адамдары жайлы суреттеме, очерктер, мезгіл мәселелері... Қаламының қарымдылығымен газеттің қалың оқырманына танылды.

...Төлеубек ағаның мінезі қызық-ты. Бір қарағанда сабырлы, тоқетерін ғана айтатын секілді көрінгенмен, ашық-жарқындығы басым болатын. Үлкен болсын, кіші болсын, кездескенде я болмаса бірге жұмыс істеп жүргенде де бір қылығыңа не жазғаныңа риза болса, арқадан қағып, еркелетіп, «келші, маңдайыңнан иіскейін» деп маңдайдан иіскеп кететін әдеті өзіне ғана жарасатын.

Өскенбай Тастемханов, Қажымұрат Смағұл, Бақыт Баймұратов, Ғалымбек Жұматов, Төлеубек аға - мен редакцияға келгенде аға буыннан осы журналистер бар екен. Қайрат Әбілда, Жұмабек Сманов, Асыл Әбішев, Айбек Қобдабай – кейінгі топ. Қай-қайсысы да ойға ерен, сөзге берен, тәжірибелері қалыптасып қалған мықты журналис- тер болды. Алдыңғы топ компьютермен термейді, қаламмен қағазға жазады, оны терушілерге әкеп береді. Терушілерде кезек... Балшекер, Нұрғайша, Лаура – күні бойы бас көтермей қолжазбаларды тереді. Сонда Төлеубек аға мақаласын қатесіз, жылдам теріп берген қыз-келіншектерді еркелетіп, маңдайларынан иіскеп, «менің осы қарындасым болмаса, басқасын жауып қой» деп әзілдеп шығып бара жатады.

...Төлеубек ағаның мінезі ерен-ді. Өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей-ақ көріп, қандай да бір мәселенің бүге-шігесін нақпа-нақ білетіндігімен ерекше еді. Бұл қасиет Айтжан ағада да болды. Қайсыбір әңгімені қозғай қалсаң, «бұл жайлы кезінде «Соц.Қазақстанның» немесе «Правданың» мынадай жылғы мынадай нөмірінде жарияланған» деп тақ еткізетін. Асылы, аға буын журналистердің қай-қайсысы да өздерінің алдындағы ағалар қадірін, інілер тынысын, әпке-қарындас назын көтеріп, еркелете отырып, ақыл-кеңес беруші еді. Әсіресе, жас журналистердің аяқ алысын бағамдап, үнемі ой-пікірін айтып, бір-бірінің жазғандарына да сын көзбен қарап, таразылап отыратын әдеттері бар-ды. Бұл кейінгі толқын үшін сабақ болды, аз уақыт болса да осы кісілердің алдын көрдік, сынын естідік, мақтауын естіп марқайдық.

...Төлеубек ағаның мінезі бөлек-ті. Қажымұрат ағамен қатты қалжыңдасатын. «Жаман жиен, түкке тұрмайды, әйтеуір апамыздың арқасында адам болды ғой» дейтін үнемі. Редакцияға алғаш жұмысқа тұрғанымда кабинетке келіп, амандасып, арқамнан қағып, жақсы тілегін айтты. «Найманның қыздары оңды, әділетсіздікке қарсы шығып жүреді, иілуді білмейсіңдер» дегені есімде. «Жақсы-жаман әр руда бар ғой, аға» дегенімде, «Анау Қажымұрат жиен жаман адам, тек апамнан туған соң ғана бірге жүрем, әлі көзің жетеді» деп бір кетеді. Қажымұрат аға: «Осы Төлеубек пе, Төлеубек оңбайды, адамшылығы жоқ» деп бір кетеді. Екеуі төртінші қабатта бір кабинетте отырады, мен үшінші қабатта дәл сол кісілердің кабинетінің астында отырамын. Телефон нөміріміз бір. Қоңырау түскенде үшеуіміз бірдей көтереміз. Ар жақтағы адамның маған хабарласып тұрғанын естісе де тыңдап отыра береді. Үнемі солай. Осындай бір оқиғадан кейін барып, ренішімді айттым. Төлеубек аға қарқылдап күліп жіберді: «Ол мына жиен ағаң Қажымұрат, «Жиен ел болмайды» бұл сондай» деді. «Қой-ей, сен ғой ылғи тыңдайтын, Төлеубек ағаң жаман адам» деді Қажымұрат аға. Бір-бірін жамандап жүретіні әзілдері екен, нағашы-жиен кәдімгі. Қажымұрат Смағұл ертерек кетті өмірден. Сонда Төлеубек аға: «Жаман жиен жамандығын тағы жасап, асығыс кетті, ол жақта бірдеңе тосып тұрғандай...» деп замандасын жоқтаған мұңлы көңілін де әзілге айналдыратын. Иә, құрдастардың қазақы әзіл-қалжыңы, нағашы-жиен қылығы, отырған ортада әңгіме-дүкен құрып, естіген, көрген-білгенді айту – тұшымды сұхбаттарды осы кісілер өздерімен бірге алып кеткендей. Көңіл кейде жетімсірейді. Алдыңғы толқынның қай-қайсысы да байыпты, көрген-білген, оқыған-тоқығандары көп, қатарластарымен өзара айтысып жатса да, өздерінен кейінгілерге ілтипатпен қарап, алға жетелеп отыратын.

...Парасатты еді Төлеубек аға. Қазасын естіп, қабырға қайысты. Соңғы уақытта келуі сиреп еді, ара-тұра хабарласып жүрді, газет алдырып, пікірін айтып отыратын.

Қазақ жеріне ауыр зардабын әкелген тың көтеру кезіндегі әділетсіздік, қазақтар көрген қорлық жайлы көлемді дүниесін маған жіберіпті. Оқығанда төбе шашың тік тұрады. Кезінде университетте Ермахан Бекмахановтан дәріс алған, боксшы Айтмағамбет Нұрмағамбетов деген жолдасы жайлы, 1956 жылы Шұға ауылында келімсектерді ауылдан қуып жібергені туралы да жазыпты. «Кезегі келгенде көрерсің...» депті. Әзілхан Нұршайықов туралы естелігін де жіберді. «Бір қажетіңе жарар» депті.

Төлеубек аға биік еді, еңкейген жоқ. Кәсіби жұмысы жемісті болды, облыстағы бірден-бір «орденді журналист» атанды, 1981 жылы сәуірде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты.

Ол өмірді, жарық дүниені сағынып жүрді, қимай жүрді. Сағынып өтті өмірден. Өзі солай дейтін.

«Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген рас. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген де рас. Қазақ журналистикасының толағайы Төлеубек аға көзден кетсе де, көңілден кетпейтіні анық. Орны пейіштен болсын!

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz