Дінислам БОЛАТХАНҰЛЫ, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

- Биыл жазғы лагерьде 1-10-сыныптарда білім алатын 98 мыңнан астам оқушы демалады. Бұл ретте өңірде балалардың жазғы демалысын қамту мақсатында түрлі типтегі 758 лагерь жұмыс істейтін болады. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақтық шаралары күшейтілген. Өткен жылы шомылу маусымы кезінде жасөспірімдердің қатысуымен 9 қайғылы жағдай тіркелді. Барлық оқыс оқиға рұқсат етілмеген су айдындарында орын алғанын атап өткен жөн. Бұл мәселенің алдын алу үшін облыстық білім беру басқармасы қала және аудандық білім беру бөлімдерімен бірлесіп, елді мекендерде рейдтік шара ұйымдастыру үшін арнайы нұсқаушы жібереміз. Олар су айдындарында ата-ананың бақылауынсыз жүрген балаларды анықтайды. Жыл сайын «Жас полиция көмекшісі», «Жол қозғалысының жас инспекторлары» шаралары барысында өңіріміздің барлық мектептеріндегі оқушыларға жолда жүру ережелері үйретіледі. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз терезе» акциясы да өткізіледі. Бұл ретте тұрғын үйдің екінші қабатынан бастап терезенің дұрыс қорғалуы жөнінде ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тіпті, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен демеушілердің көмегінің арқасында бірқатар тұрғын үйге мұндай қоршауларды тегін орнатудамыз. Бала қауіпсіздігін ата-ана, ұстаздар, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірлесіп қамтамасыз етуіміз керек.


Бибігүл ҚАМЗИНА, облыстық жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

- Қазіргі уақытта балалардың оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына бойлары үйреніп алған. Олар жолда жүру ережесін алдымен ата-анадан үйренеді. Себебі күнде мектеп пен балабақшаға әке-шешесі әкелетіні белгілі. Көп жағдайда ата-аналар асығыстық танытып, жолдың екінші бетіне жүгіріп өте шығады. Қоғамдық көлікке үлгеруді ойлаймын деп, қауіпсіздік ережесін санасынан шығарып алады. Ұл-қызын жетектеп келе жатып, жол бойында ұялы телефонмен сөйлеседі. Оның бұл әрекеттерін баласы қайталайтыны белгілі. Ал мектептегі жол ережесіне қатысты ашық сабақтарды қосымша білім деп қабылдау қажет. Егер баланы күнде ата-анасы жол қауіпсіздігіне үйретсе, сабақ арқылы теорияны меңгеретін болады. Бұдан бөлек, былтыр аймағымызда терезедегі тордың салдарынан қайғылы жағдайлар орын алды. Өз басым шыбын-шіркейден қорғайтын торға сенудің қажеті жоқ дер едім. Баланың қауіпсіздігі үшін одан мүлдем бас тартудың артықтығы жоқ. Терезені ашпай-ақ өмір сүруге болады. Шыны керек, қызмет барысында баласын балабақшадан алып кетуге уақыт таппайтын ата-аналарды да көрдік. Мұндай жағдайда әрбір ұстаз бен тәрбиеші 102 нөміріне хабарласуға міндетті. Себебі балаға ең бірінші әке-шеше жауапты. Түнгі сағат 22.00-ге дейін ойын-сауық орталықтарында жүретін жасөспірімдерді де кездестірдік. Сондықтан бақылаусыз бала су айдындарында, жол бойында қараусыз жүреді. Бұл ретте ата-ана жауапкершілігін күшейту керек.


Фархат БОРАНБАЕВ, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Балалардың қауіпсіздігі тек ата-анаға ғана жүктелуі тиіс деп ойламаймын. Ұл-қызымыздың үйден шығып, лагерьден аман-есен оралғанына бақылау жасауға міндеттіміз. Ал демалыс орындарында немен айналысатыны, су айдындарының талапқа сай қызмет етуіне ата-ана жауап бере алмайды. Жолдағы қатынас тәртіп сақшылары мен ұстаздарға байланысты. Өйткені жол ережесі алдымен мектепте үйретілуі тиіс. Көп жағдайда оқыс жағдайларға ата-аналарды кінәлап жатамыз. Бірақ біз шеше алмайтын мәселелер де бар ғой. Жол белгілері мен бағдаршамның істен шығуы немесе жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы секілді оқиғалардың болмауына полицей жауапты. Ал су айдындарында рұқсат етілмеген орындарға тек арнайы белгі орнату жеткіліксіз. Ол жерлер де мамандармен жан-жақты күзетілуі тиіс деп ойлаймын. Олар балаларды мұндай орындарға жолатпауы керек. Шомылу маусымы басталғанда рұқсат етілген жағажайлардың тізімі әр тұрғын үйдің ауласында орнатылуы керек. Терезедегі торға да сеніммен қарауға болмайды. Өйткені оның беріктігі мен қалыңдығы көңілден шығады деп айта алмаймын. Бірақ оның сапасын ата-ана өздігінен шеше алмайды. Жұбайым екеуіміз балаларымыздың әр қадамын бақылап отыруға тырысып келеміз. Бірақ балаға қауіпсіз ортаны қалыптастыру - ортақ іс. Жоғарыда айтқанымдай, әр оқиғаға жауапты маман өз жұмысын адал атқарса, оқыс жағдайларға жол берілмейді деген ойдамын.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz