Зерттеу нәтижесі бойынша біздің өңірде жылқының алғаш рет қолға үйретілуі туралы ғылыми жаңалық ашылуы мүмкін. Борлы көлі маңында бірнеше бірегей ескерткіштер (Борлы және Борлы 4) бар. Оларды зерттей отырып, біздің аймақта б.з.д. IV мың энеолит дәуірінде өмір сүрген ежелгі малшылар туралы мәліметтерді білуге болады. Сондай-ақ орта неолит дәуірінде (б. з. д. VI-V мың) өндіруші шаруашылықтың пайда болуы туралы нақты дәйектерді де кездестіре аласыз. Бұл қоныстарда көптеген мал сүйектері, қыштан, тас және сүйектен жасалған бұйымдар бар. Олардың ішінде утилитарлық заттар да, ежелгі өнер үлгілері де кездеседі.

Борлы көліне бұрын жүргізілген геофизикалық зерттеулердің нәти- желерін тексеру үшін осы жылдың мамыр айында Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің архезоология профессоры Алан Оутрамның басшылығымен мамандар тобы келді. Жүргізілген жұмыстар барысында аталған аумақтан тас құралдары, қыш және жануарлардың көптеген сүйектері бар мәдени қабаттардың қалдықтары анықталды. Сондай-ақ жаңа археологиялық нысандар тіркелді. Жоспарланған зерттеулер аяқталғаннан кейін 31 мамырда ғалымдар тобы Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысына аттанды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты В.Мерцтің түсіндірмесі бойынша ғылыми топтың міндеті - Ботай мен Борлы көлінде табылған археологиялық құрылымдарды салыстыру, олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын табу.

Осы екі ескерткіш маңынан табылған жәдігерлер қазіргі уақытта Қазақстан үшін ғылымда «Ботай» деген атау алған жылқы түрлерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Қазба жұмыстары кезінде архео-логтар жаратылыстанудағы ғылыми талдауларды сапалы жасау үшін әртүрлі үлгілерді іріктеп алды. Мәселен, радиокөміртекті, изотопты (ежелгі халық тағамының құрамын анықтау үшін), генетикалық (жылқылардың шығу тегін анықтау үшін) және тағы да басқа үлгілер назарға алынды. Бүгінде зерттеушілер үшін бұрынғы Ботай жылқысы туралы көбірек мәлімет алу, алғаш қолға үйретілген аттардың жасын анықтау секілді дүниелер маңызды болып отыр. Бұрынғы Ботай жылқысы мен қазіргі Қамбар ата тұқымының ата-бабасы болып табылатын жылқы тұқымынан бастап синташты жылқыға дейінгі аралықты табу да ерекше маңызға ие.

- Қазіргі уақытта Ботай және синташты жылқының арасында айтарлықтай хронологиялық алшақтық бар. Осы бағыттағы әлі де толықтай зерттелмеген жұмыстарды жүзеге асыруға Борлы маңындағы қазба жұмыстары оң ықпал етеді деген сенім мол. Өкініштісі, Борлы археологиялық ескерткіші бүгінде апатты жағдайда тұр. Неге десеңіз, жыл сайын көлдің суы жағалаудағы 2-3 метр жерді шайып кетеді. Осының салдарынан құм астында жатқан тарихи олжаларымыздан қағылып келеміз. Біз қазба жұмыстарын неғұрлым тез арада жүргізсек, соғұрлым маңызды жаңалықтар аша аламыз, - дейді зерттеуші ғалым В.Мерц.

Ғалымдардың діттеген мақсаты орындалса, қазақ даласында алғаш қолға үйретілген жылқы жайлы күнделікті үй шаруасында бабаларымыздың тастан, қыштан, сүйектен жасап қолданған заттары туралы тереңірек түсінік алатын күн алыс емес сияқты.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz