Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ресейлік «Уралмашзавод» компаниясында жасалған «ЭКГ-20» маркалы карьерлік экскаватор кеншілер қаласындағы алып өндірісте өткен аптада салтанатты түрде іске қосылды. Осы кластағы ең қуатты тау-кен машинасы саналатын техниканы «Богатырь көмір» компаниясы кәсіпорынның техникалық паркін жаңарту бағдарламасы шеңберінде сатып алған. Жаңа машинадан кәсіпорын басшылығы жұмыстың өзіндік құнын азайтып, есесіне өнімділіктің жоғары көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр.

Екібастұздық кәсіпорынның таңдауы аталған өндірушіге бекер түспеген көрінеді. Себебі, мұндағы техникалардың пайдаланылудағы басымдықтары аз емес. Өнімділігі айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ, «Уралмашзавод» кәсіпорны техникаға сервистік қызмет көрсету әрі қажетті қосалқы бөлшектерін жеткізудегі жеделдігін де екібастұздықтар ескерсе керек.

Ресейлік компания шығарған ЭКГ-20 экскаваторының алғашқысы 2014 жылы көрші елдің кеніштерінің біріне жөнелтіліпті. Бүгінде өндірілген 30 машинаның жетеуі кен қазуға кірісіп кеткен. Кейбірі кәсіпорындарда құрастырылып жатқан көрінеді. Ал Қазақстанда соңғы үлгідегі алып техниканың ең алғашқысы - екібастұздық кеніште.

Қазақстанда мұндай алып техниканың теңдесі жоқ. Сондықтан, кеншілер айтулы оқиғаны айрықша өткізуге тырысқан. «Богатырь» кенішінің №1 үйінділер мен аршу жұмыстары учаскесінде мерекелік шеру өткізген. «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Николай Корсаков компанияның еңбек ұжымын құттықтап, нәтижелі еңбек тіледі.

- Мұндай экскаваторды іске қосқаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты айтарлықтай артады. Осы ретте, акционерлерге экскаватор сатып алуға қаржы тауып, түсіністікпен қарағандарына алғыс айтқым келеді. Серіктестеріміз «УЗТМ – КАРТЭКС» басқару компаниясына да ерекше ризашылық білдіреміз. Өйткені, экскаваторды айтарлықтай қысқа мерзімде жеткізіп берді, - деді Николай Корсаков.

750 тонналық, биіктігі 17,67 метрді, ені 12,3 метрді құрайтын алып техниканы білікті мамандар жылдам құрастырып, уақытында іске қосқан. Жаңа экскаваторды басқару Александр Квиташтың бригадасына үлкен сеніммен тапсырылған. Салтанатты сәтте елімізде теңдесі жоқ техниканың шөмішімен алғашқы кен де тиеліп, кеншілер қуанышқа кенелді.

Мамандардың айтуынша, жаңа машинаның артықшылығы - оның өнімділігінде. Яғни, кеніште бұрыннан қолданыстағы экскаваторлардың шөмішінің көлемі 15 текше метрлік болса, жаңасы - 20 текше метр. Шөміштің кеңдігі бірден 40 тонна кен тиеуге қауқарлы. Тіпті, негізгі шөмішінен бөлек қажеттілікке қарай көлемі 16-дан 25 текше метрге дейінгі шөміштерді де қолдануға болады. ЭКГ-20 экскаваторы кенді аршудың жоспарлы көлеміне қол жеткізуге және көмірдің қорын барынша көптеп дайындауға мүмкіндік бермек.

Бұл техника күрделі тау-кен-геологиялық және климаттық жағдайларда жұмыс істеуге жарап тұр. Тәулік бойы ауыр тасты топырақтарды өңдеуде тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген, дейді мамандар. Оған қоса, -50 градус суыққа дейінгі температураның өзінде кенді аршуға болады. Экскаватор жүк көтергіштігі 110-нан 240 тоннаға дейін жететін ауыр техникаларға кенді тиеуге лайықталған.

Машинаның тетіктері автомат-тандырылған, ақпараттық жүйелермен қамтылған. Бұл оператор жұмысына жайлы жағдай туғызады, карьерлік жүйеге диспетчерлендіруді енгізу мүмкіндігін береді. Түптеп келгенде жұмыс қауіпсіздігін арттырады. Экскаватордың кабинасы да соңғы үлгіде жасалыпты. Сондықтан алаңсыз еңбек етуге барлық мүмкіндігі қарастырылған. Мамандардың айтуынша, тағы бір артықшылығы - механизмдері ресурсының жоғары болуында. Демек, қолданылу мерзімі ұзақ, шығыны аз, өнімді жұмыс жасауға кепілдік береді. Тетіктерінің құрылымы жұмыс алаңын ұтымды жоспарлауға жетелейтін көрінеді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz