Кеше облыс әкімі Болат Бақауов жергілікті кәсіпкерлермен дастарқан басында бейресми кездесу өткізді. Іскерлік кездесуде бизнесмендер өздерінің мәселелерімен бөлісті. Мәселен, «Павлодар құбыр илек зауытының» басшысы Абай Арынғазин кәсіпорындағы барлық құралды заманауи жабдықтарға алмастыру үшін 400 миллион теңге инновациялық грант алуға ниетті екенін жеткізді.

- Біздің зауыт 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта зауыттағы барлық жабдық ескірген. Кәсіпорынды заманауи құралдармен қамту құбырлар сапасының жоғары болуына әрі біздің өндірістің өнімділігін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Өңіріміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы құбырлардың 70-80 пайызы ескірген. Сондықтан зауыт өнімінің қажеттілігі жоғары. Оның үстіне ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар, елімізбен шекаралас мемлекеттермен де байланыс орнаттық. Жыл сайын сұраныс көлемі артып келеді, - дейді А.Арынғазин.

Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов аталмыш орталықта отандық бизнес өкілдерінен өтінімдерді қабылдауға қажетті барлық жағдайлардың жасалғанын айтты.

- Бұл кәсіпорынды жаңа құралдармен жабдықтау үшін 400-500 миллион аралығында инновациялық грант беру мүмкіндігі бар. Ол үшін кәсіпкер тиісті құжаттарын ұсынуы тиіс. Содан кейін оған жан-жақты көмек көрсететін боламыз, - деді Т.Жолмағамбетов.

Қазақстан индустрия және экспорт орталығы биыл құрылған. Енді мемлекеттік қолдаудың қайтарымсыз қаржылық шаралары осы орталық арқылы беріледі. Барлық жұмыс күші өндіріс, логис-тика, экспорт бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындарды қолдауға бағытталып отыр. Орталық алдағы уақытта экспорттаушыларға 200 миллион теңгеге дейін транспорттық шығындарын қайтарып беру мүмкіндігіне ие.

Болат Жұмабекұлы көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті жұмыстарды атқаратынын айтты. Сонымен қатар, Павлодар облысындағы бизнес климатты жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz