Аталмыш жиында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның ұсынған инвестициялық жобалары талқыланды. Компанияның басқарма төрағасы Әлібек Несіпбековтің айтуынша, қант зауытының құрылысы жүйелі жүргізілсе, жылына 100 мың тоннаға жуық өнім шығара алады. Осыған дейін Германиядан 8 сортты тұқым әкелініп, фермерлерге тегін таратылған. Бүгінде зауыт құрылысына қажетті техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Алайда облыс әкімі Болат Бақауов құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыстардың тым сылбыр жүргізіліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері бекітіліп, қаржылай және экономикалық дамуы, мерзімі, коммуникациямен байланысы, субсидиялары көрсетілуі қажет екенін айтты.

Бұдан соң Ә.Несіпбеков крахмал зауыты туралы баяндады. Бүгінде «Павлодар» ӘКК зауытты салу үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бойынша конкурс жариялаған. Инвестор да анықталған. Крахмалдың еліміздің ішкі нарығында ғана емес, Ресей мен Қытайда да сұранысқа ие екенін ескерсек, бұдан түсер пайда да зор болмақ.

Сонымен қатар, Ақсу және Екібастұз қалаларының маңында салынатын жылыжай кешендерінің жобалары талқыға түсті. Ә.Несіпбековтің айтуынша, Ақсу қаласында 30 гектарға, Екібастұзда 5 гектар жерге жылыжайлар салу жоспарланып отыр. Арзан электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етілуі үшін екі кешен де электр станцияларының маңында салынатын болады. Ресей мен Түркияның инвесторлары жобаны жүзеге асыруға ниет білдірген екен.

- Жобаны белгілі бір инвесторға беру үшін оны алдын ала нақтылап, ойластыра отыра әзірлеуіміз қажет. Мәселен, біз бұған дейін ресейлік «Экокультура» холдингінің өкілдерімен кездескенбіз. Олар әрдайым қажеттіліктеріне қарай құрал-жабдықтарды өздері шығарады. Сондықтан инвесторды біздің жоба қызықтырмауы мүмкін, - деді Б.Бақауов.

Бұдан бөлек, корпорация ұсынған жобалардың бірі - Павлодар қаласында ауылшаруашылық техникасын шығаратын Valmount компаниясының демонстрациялық суару жүйесін орнату. Бүгінде аталмыш жобаға америкалық инвесторлар қызығушылық танытқан. Олар өз қаражаты есебінен Железин ауданындағы «Пахарь» фермасында 500 гектар жерді суаруды бастамақ. Ағымдағы жылы суару машиналарын орнату жоспарлануда.

Бұл ретте аймақ басшысы мұндай инвестормен жұмыс істеу өңіріміз үшін өте маңызды екенін айтты.

- Алдағы жылдары Павлодар облысында Қазақстанның өзге өңірлерінде жоқ 140 мың гектар суармалы алқапты енгізсек, мұндай инвесторды сақтап қалуымыз керек, Valmount өкілдерімен жүргізілетін жұмысты барынша күшейту қажет. Егер биыл жұмысты бастаймыз десе, кешіктірмей кірісу керек, - деді Б.Бақауов.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz