Облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынованың айтуынша, негізгі көрсеткіштер бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп отыр. Жоспарлардың орындалмау ықтималдығы аңғарылса, бірден құзырлы орган құлақтандырылады. Бүгінде бес айдың қорытынды есептері тапсырылуда. Оң көрсеткіштер агроөнеркәсіптік кешенде күтіліп отыр. Мұнда физикалық көлем индексі (ФКИ) 104,2 пайызды құраған. Әр аудан-қалада 1-8 пайыз шамасында өсім болжануда. Сондай-ақ, бөлшек сауданың да көрігі қызған. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі төмен. 83 пайыз шамасында болып отыр. Ә.Арынова құрылыс басқармасы жағдайымен таныс екенін, айналысып жатқанын атап өтті. Жартыжылдықтың қорытындысында қауіп аумағында көтерме сауда, өнеркәсіп саласы да тұр. Өнеркәсіптегі көрсеткіштің төмендеуіне Ресейге екібастұздық ГРЭС-2 станциясынан электр энергиясы экспортының тоқтауы себеп болған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Е.Иманзаипов бүгінде «Самұрық-энерго»-мен келіссөздер жүргізіліп, экспортты жаңғырту жағы қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, өнеркәсіптік көрсеткіштерге кейбір өңдеу салаларында өндіріс көлемінің кемуі де кері әсер еткен. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеуге байланысты өндіріс тоқтап, мұнай өнімдерін өңдеу 10-15 пайызға төмендеген. Металлургия бойынша «Кастинг» және «KSP Steel» кәсіпорындарында болат өндірісі азаяды деп болжануда. Мұны кәсіпорын басшылары шикізаттың жетіспеуімен байланыстырған. Олардың айтуынша, ел ішіндегі металл сынықтары Ресейге теміржол көлігімен тасымалданып жатыр. Бұл жағдайды өнеркәсіп комитеті ескеретін болды. Түсті металлургия бойынша «Қазақстан алюминийі» АҚ-нда глинозем өндірісінің кемуі тіркеліп отыр. Оған ЖЭО-1-ден буды түрлендіру қуаты жеткіліксіз болып отыр. Машина жасау саласында да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Екібастұздық «Қазақстанның вагон жасау зауытында» жыл басынан бері өндірістің тұралап қалған және «Проммашкомплект» кәсіпорнында да өндірістің кемуі байқалған.

Ал құрылыс көлемі де қауіп аймағында. Оң көрсеткішті қамтамасыз ету үшін кем дегенде 9 млрд. теңгенің көлемі тапсырылуы тиіс. Мамандар 5,2 млрд. теңгенің жұмысы жетпей тұрғанын алға тартты. Жартыжылдық бойынша құрылыс көлемі 50 млрд. теңгеден кем болмауы тиіс. Сондықтан ірі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан өңірлерде жоспарларды ұлғайту жағын қарастыру қажет. Бұл істе ірі жобаларды ширатуды қолға алу керек, деді облыс әкімі. Тұрғын үйлерді қолданысқа беру бойынша көрсеткіш соңғы екі айда былтырғыдан асып түскен. 3417 шаршы метр тапсырылған. Дегенмен, жартыжылдықта оң нәтиже болуы үшін 28 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі керек екен. Бірақ, қолдағы мәліметтер тек 16 мың шаршы метр нақты игілікке берілетінін көрсетіп тұр. Бұл ретте, облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы жағдайға жеке тоқталды. Биыл құрылысы басталуы керек 10 үйдің құрылысшылар тек бесеуіне кіріскен. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев өткен жылы тұрғындардың кейбірінің көшуге қарсылық танытуы өз кедергісін келтіргенін жасырмады. Бүгінде ортақ шешімге келіп, тұрғындар көшірілуде. Аймақ басшысы аудан-қала әкімдерінен құрылысы жүріп жатқан нысандардың қазіргі жай-жапсарын жеке-жеке сұрап шықты. Мерзімінде аяқтау үшін жұмысты ширатуды ескертті.

Негізгі капиталға инвестиция құю жағын да ширату қажеттігі айтылды. Биыл алты айдың қорытындысы бойынша 82,9 млрд. теңгені құрауы қажет. Бүгінде 36 млрд. теңге жетпей тұрғаны байқалған. Ә.Арынованың айтуынша, көтерме сауданың ақсауы аңғарылып отыр. Белгілі болғандай, облыста көтерме саудамен айналысатын 265 субъекті тіркелген. Оның 106-сы атқарылған көлемді көрсетіп, есеп берсе, 76-сы ешқандай тірлік жасалмағанын меңзеп, «нөлдік» есеп берген. Тағы 56-сы анықтама тапсырып, мүлдем есеп бермеген. Облыс әкімі Болат Бақауов ірі көтерме сауда нысандарының «нөлдік» есеп тапсыруы еш қисынға келмейтінін алға тартып, мән-жайды анықтауды мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырды.

Болжамдық мәліметтерді қаперге алған облыс әкімі Болат Бақауов қала-аудан әкімдеріне, құзырлы басқармалардың басшыларына қысқа мерзім ішінде оң қарқынға ойыстыруды тапсырды. Аймақ басшысы жартыжылдықта «ақ болды, көк болды» деген сылтау қабылданбайтынын ескертті. Сондықтан көрсеткіштердің сапасын жақсарту үшін шағын және орта бизнесті, қарапайым заттар экономикасын алға бастыру жүктелді. Аудандарға қарапайым заттар экономикасына үлес қосатын 20 жобадан іске қосу міндеттеліп отыр. Ал қалаларда олардың саны 100-ден асуы тиіс.

Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету, компьютерлер сатып алу мәселесі пысықталды. Денсаулық сақтау саласының да түйткілдері тілге тиек етілді.

Жиында бес айда бюджетті игеру жайы да баяндалды. Облыстық қаржы басқарма-сының басшысы Нұрлан Дүйсембиновтің мәлімдеуінше, қазына қаржысы 99,2 пайызға игерілген. Жартыжылдық қорытындысы бойынша бюджетті толық игеру міндеті қойылып отыр.

Бюджеттің кіріс бөлігіне келетін болсақ, бес айда жоспар 106,7 пайызға орындалған. Яғни, жоспардан тыс 3,2 млн. теңге түскен. Жалпы, 1 шілдеде бюджет түсімі 55 млрд. теңге деп белгіленген. Бірақ, мамандар ол жоспардан асып, 57 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.

Облыс әкімі Болат Бақауов бұған дейін мемлекеттік кірістер департаментіне бюджетті толтыру үшін кіріс резервтерін қарастыруды тапсырған болатын. Аталмыш департамент басшысы Бауыржан Айнабеков жыл соңына дейін облыс қазынасына қосымша кем дегенде 1,5 млрд. теңге көлемінде кіріс кіретінін атап өтті. Мұндай резервтер сауда үйлерінен кепілдік мүліктер бойынша табылады деген болжамын алға тартты. Ал облыс әкімі Болат Бақауов жыл соңына дейін кем дегенде 4,5 млрд. теңге шамасында қосымша кіріс түсуі керек деп кесіп айтты.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz